Дін • 04 Қазан, 2023

Дүмшеге ерген ел сорлайды

417 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Қасиетті Құран да, зайырлық пен зиялылықты тең ұстайтын ғылым да әр нәрсенің шегі барын айтады. Кейінгі уақытта елімізде, әсіресе әлеуметтік желіде Исламға байланысты түрлі алыпқашпа әңгіме, қия­мет пен ақыретке, өлгеннен кейінгі қайта «тірілуге», жұмақ пен тозаққа байланысты жалған уағыздар пікірлілер сабырының шегіне жеткенін көрсеткендей. Ақи­қат нәрсе: Құран өз мәнінде са­уатты насихатталса, әділдікті сүйе­тін жұрт бөтен әңгіме таратпайды. Алладан қорқып тыныш жүреді.

Дүмшеге ерген ел сорлайды

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«Ниса» сүресінің «кімнің зиянына болса да шындықты айту керектігі» хақын­дағы 135-аятын басшылыққа алып, дүмшеге ерген ел неге сорлайтынын ба­йыптап көрейік. Сорлайтын себебі дүм­шелер – Алла тарапынан жүрегіне білім берілмегендер (29-сүре, 49-аят), өздігінше білім іздемейтіндер (62-сүре, 5-аят), үйретіндіні айтатуға ма­шықтанғандар (2-сүре 78-аят), бұрыннан жеткен дәлелсіз тәпсірлер мен жалған хадистерді басшылыққа алатындар (2-сүре, 170-аят), Исламның басты бес парызын жаттанды ұғатындар.

Өкінішке қарай, әлемде көп жерде Ислам тұтқасы осы дүмшелердің қолында. Егер Ислам ғылымнан айнымайтын білі­кті ғұламалардың қолында болса, осы уақытқа дейін қияметке, ақыретке, өл­геннен кейінгі қайта «тірілуге» байланысты шыңырауда жатқан шындық жа­рыққа шығар еді. Ислам жұрты та­қуалықта өмір сүріп, дінге қатысты бір­ауыз жаман сөз айтылмасы анық.

Ислам діні – Жаратқаннан келген, Алланың құзырында қабыл болатын тазалықтың, әділеттіктің діні (32-сүре, 33-аят). Сөйте тұра әлемдік ғылымда, саясат пен мәдениетте мұсылмандардың ресми беделі ғайри діндерден төмен. Неге? Бұл да дүмшелердің: «Құран логикаға құрылмаған, Құранды зерттеуге болмайды, Құранды тек ұстазбен оқу керек...» деген сияқты тосқауылынан туған ме­шеуліктен.

Тарихтан белгілі, ислам діні – бүкіл Араб түбегін, күллі Еуропаны оят­қан дін. Оған адамзат даналары Лев Толстой, Пушкин, Исаак Ньютон, Гёте, Бернард Шоу, Преис Бисмарк, Напо­леон Бонапарт, Карл Маркс, Ломарти, Им­маниул Кант, Мұхаммед Әли, Жак ив Кусто, Нил Армстронг, Гари Мю­лер, Антони Флю, Ричард Белл, Сэр Жа­лалидин Лудер Брантон, Имманиул Кант пікірі дәлел. Осылардың бірде-бірі медре­седе не Ислам университетінде оқы­маған. Құранды зейін қойып оқу арқылы таныған, тән алған. Сондықтан біз Құранды терең, жан-жақты, байып­ты оқып үйренуіміз керек. Құранда Алла «Құранды біреу үйретеді» демеген, Өзінің үйрететінін ескерткен. Ол үшін біз қасиетті кітапты қайта-қайта оқиық, сонда ол бізге қонады.

Енді ой еркіндігінен айырып, дінімізді тұқыртып ұстап отырған дүмшелікке келейік. Алдымен «дүмше» сөзінің ма­ғынасына тоқталайық. Исламда «силсила» деген амал бар. Бұл – өзінен бұрынғылардың айтқанымен ғана амал жасау деген сөз. Яғни бір жолда қатып қалу. Мұны басқаша «фанатизм» дейді.

«Дүм» деп малдың құйрығын айтады. Кешегі репрессия жылдары жа­зықсыздарды «Пәленшеевтің құйрығы», «Түгеншеевтің құйыршығы» деп жа­залаған. Бұрынғылардың айтқанымен ғана жүретіндер яки силсила жолын ұстаушылар осы құйрыққа келіп тіреледі. Содан халық арасында «дүмше» деген сөз шыққан. Олар ешқашан ізденбейді, ұстазы берген кітаптан басқа исламды дәлелмен танытқан кітапты жат санайды.

Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бе­ке­тіндегі» басына тері кигізілген мәң­гүрт секілді ұстазынан басқа бірде-бір ғұламаның өсиетін мойындамайды. Бір сөзбен айтқанда, дүмшелік адамның ойлау, пікірлеу қабілетін шектейді. Міне, осы шектеудің кесірінен Ислам бүгінде күрделі жағдайды бастан кешіріп жатыр.

Өкініштісі, ғылымы дамыған ХХІ ғасырда да Ислам дінінің ықпалды буы­ны жаңара алмай, баяғыдан қалған бір сарында жүріп келеді. Осы сөзімізге дәлелді «Құран экзегетикасы» деген кітаптың «Әуелгі сөз» деп аталған кіріс­песін оқып көрейік: «...Тегінде Алла Тағаланың бар екеніне әрі бір екен­дігіне нану – Ислам дініндегі иман кел­тірудің жеті шартының бірі һәм бі­регейі. Осы тұрғыда әһлү-сүннет ғұ­ламалары өздерінің іргелі еңбекте­рін­де Хақтың заты мен сипаты ха­қын­да қандай тұжырымға келген? Даңқты тәфсіршілер...», деп бірнеше тәпсіршілерді атап ізінен: «...Ыбырай Ал­тынсарин, Ибраһим Құнанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатұлы...», деп ұл­тымыздың ұлыларын да ескеріп, сосын: «...Ғұламалардың ой-тұжырым­дарымен жауап беруді жөн көріп отырмыз. Өйткені ақида тақырыбына тыңнан ой-пікір қосудың қажеті жоқ. Бүкіл мәселелерге әһлү-сүннет ғұламалары бүге-шігесіне дейін тиянақты жауабын беріп қойған. Олай болса, құрметті оқырман, Ислам ғылымының алғадай толқыны не дейді? Осыған зейін аударып көрейік...», деп жаңа тақырыпқа көшкен.

 Осындағы: «...Тыңнан ой-пікір қосу­дың қажеті жоқ...» дегені – біз айтып отырған жаңара алмағандық, тиым, шек­теу. Бұл жерден фанатизмнің – сил­силаның адамның ойлау, пікірлеу қа­білетін шектейтіні көрінеді.

Жоғарыда айтылғандар Құранның «Бақара» сүресінің 44-аятына, «Мү­минұн» сүресінің 68-аятына, «Сә­бә» сүресінің 46-аятына және Пайғам­бары­мыздың (с.ғ.с.) ғылым іздеу жөнін­дегі хадисіне мүлде қайшы. Егер олар Алла­ның заты мен сипаты хақында сон­шалықты дәрежеде жауап беріліп қойса, Ислам діні әлемде ең қымбатты әрі ең құрметті дін болып, оған «Ислам экс­тремизмі», «Ислам терроризмі» дегендей жала жабылмас еді. Сирия мен Ауғанстан тағдырын басқалар қам жемей, Ислам әлемге төрелік етіп отырмай ма?

Біз аты аталған Ислам ғұламаларын кінәламаймыз. Себебі олардың заманында ғылым бүгінгідей дамымаған еді. Сондықтан олар Құранды Ислам жау­­ларынан қорғау үшін тек топшылау жа­сады. Ал Исламның бүгінгі жанашыр­лары Құранның: «...Оның хабарын бір заманнан кейін түсінесіңдер» (38-сүре, 88-аят) дегенін дұрыс түсініп, жаңа атаған: «Ба­қара», «Мүминұн», «Сәбә» сүрелері аят­тарындағы үкімдеріне жүректен жанда­сып, сауатты амал жасауы ләзім. Сол кезде біз Құранды түрлі күмәннан ара­шалаймыз.

Ата дініміздің «алтын дәуірі» тек ғы­лыммен, сындарлы ойлаумен орны­ғады. Бұл – Ислам тарихында дәлелі бар арман. Егер әрбір азаматымыз елдік, адамдық жауапкершілігін имани құндылықтар аясында терең сезінсе, әр күнін ізгі­лікке, сауап пен қайырымдылыққа арнаса, ұрпағының келешегін ойлап, Ота­нымыздың гүлденуіне еңбегімен үлес қосса, сол «алтын дәуір» орнайды. Себебі Алла әрқашан тақуалар мен жақсылық жасаушылармен бірге.

Бізде жетпей тұрған ең қажетті тетік – дін қайраткерлерінің силсила бұ­ғауынан шығып, аятты аятпен және ғылыммен, өмір шындығымен салыстыру мен дәлелдеу.

Соңғы уақытта әр ортада әрқандай істе билікті кінәлау және оларға жала жабу дәстүрге айналды. Негізін алғанда, олар айтып отырған кемшілікке жауапты орындар мен шенеуніктер ғана емес, орта яки қоғам кінәлі. Ортаның айыпты болатыны – олардың Алланы тілде ғана айтып, жүрегінің бостығынан. Бұл бостық Құранның халыққа дұрыс түсіндірілмегендігінен. Қоғамдағы бой­күйездік, масылдық, кінәмшілдік осыдан туындайды. Білмей, меңгермей сөйлеу де осыдан. Елімізде түрлі ағымға бой ұру мен жасанды тәңіршілдердің шығуы, өнерге – музыкаға, суретке, сәу­летке қарсылық та осыдан. Мұ­ның бәрі діни мамандардың өз мінде­тін дұрыс атқармай, ескіден қалған жол­дың сүрлеумен сүрініп-қабынып келе жат­қанын аңғартады. Халық алдына ашық шығып, күрделі мәселені жік-жігімен түсіндіріп беретін дінтанушылар да аз.

Хадистерде «Алланың бір есімі – Ғылым» деп айтылады. Біз бірнеше аят­тардың соңындағы «ғалиим» – «білуші», «ғалиимул» – «білушісің», «ғалиимун» – «біледі», «қадирун» – «жасай алушы» деген деректерден Алланың бәрін білуші – ғалым екенін түсінеміз.

Алланың 99 есім-сипатының тізімін­дегі бір аты – Ғылым деп көрсетілген. Әл-Фараби бабамыздың «Білімділік – құпиясы белгісіз нәрсенің сырын ашу» деген мағынадағы тұжырымына сүйеніп отырып айтсақ, ғылым – құпия дүние де, ғалым – соны ашушы, ашып білуші дегенге саяды.

Жаратқан мұны әрбір ақылды, кемел пендесінің қолымен өзі істейтініне «Әнфал» сүресінің 17-аяты мен «Тәубе» сүресінің 14-аяты және қалаған құлының көңіліне салатынын ескерткен «Шура» сүресінің 51-аяты дәлел.

«Ғылым» сөзін арабша-қазақша сөз­дікте «ілім, білім, ғылым» деп үшке бөліп көрсеткен. Алайда бұл үшеуі әр түрлі айтылғанымен, мағынасы білімге келіп саяды. Бәріне жету үшін де білім керек.

Өмір шындығы мынау: жазу мен кітап оқуды әріп танып білген адам жазады, оқиды; ғылымды да оқып-көріп, танып-түсінгенін қорыта білген ғалым игереді; ғылымды ғылым дәрежесіне жеткеріп отырған да – білім; Алланы білген адам іздейді; Аллаға жету жолын білген адам Жаратқанмен үйлесімде болады; ауруды да білген адам емдейді; техниканы да оқып білген адам жасап, білген адам жөндейді; көшті де баратын жолды білген адам бастайды; аттың ер-тоқымын да, домбыраны да, қақпанды да, қазан-ошақты да білген ұста жасайды; киізді білген адам басса, алашаны да білген адам тоқиды; күресте де тәсіл білген балуан жығады; соғыста да соғысу әдісін білген жауынгерлер же­ңеді; малды да әдісін біліп баққан адам көбейте алады; егіннен де жердің тілін білген диқан мол өнім алады; сарайды да тас пен кірпіш қалай білген адам салады.

Бәрі білім мен білгенге келіп тіреледі. Алла «Нәміл» сүресінің 6-аятында Пай­ғам­барымыз Мұхамммедке (с.ғ.с.) Құран­ды Хикмет иесі, толық Білуші тарапынан алып отырғанын айтады.

Бұдан шығатын қорытынды: қоғам­ның білікті, парасатты, ойлы адамы айналаға, қоғамға, тіршілікке, қажетті заттарға, ұғым-түсінікке ғылым, тіпті ол болмаса сауатты білім көзімен қарауы қажет. Мұнан да Алланың білім, ғылым екеніне сенімізді бекітеміз. Тарата айт­сақ, бүгінгі ұшақтың, пойыздың, за­уыт-фабриканың, тіпті сандық техно­логияның барлығын Алланың Өзі берген, бұйыртқан (29-сүре, 49-аят). Құлдарының жүрегіне салып (42-сүре, 51-аят), олардың қо­лымен (8-сүре, 17аят; 9-сүре 14-аят) Өзі жасап жатқанына көз жеткереміз.

Сондықтан дана Абай қара сөзінде: «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәр­селерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақыл­мен біліп», дейді. Ұлы физик Исаак Ньютон «ғалымдар ғылымда не жаңа­лық ашса, тек Алланың ғылымын қайталайтынын» айтқан.

Ислам құндылықтары тұрғысынан келгенде, барлық ғылым, білім, ілім  тек Алланікі. Алайда бәрін жұбынан жаратқан (36-сүре, 36-аят): әр нәрсенің оң-терісі, адал-арамы бар. Бұл – сынақ­қа төзімді болу мен ақылмен жеңуді көрсетеді. Таза, жауапты жүргендердің әр ісін оң істетеді, дұрыс сөйлетеді. Дұ­рысты бұзушымен, әлсізді азғырушымен сынайды (43-сүре, 36-аят). Ол теріс пен арам­ды көрсетіп (27-сүре, 4 аят; 41-сүре,  25-аят), иман­дылыққа, адамгершілікке қарсы жолға салады. Мұның бәрінің тәлімі бар.

Бүгінгі жаңа технологияларға, өнер­дің түрлі саласын адам игілігіне (жанын тазалау, адамшылықты насихаттау) жаратуға келсек, бұған қарсыларды да «дүмше» деуге болады.

Суретке түсу, сурет салу, музыка, теле­дидар, ғаламтор, заманаға сай, ортаға бейім киіну, т.б. – бәрі Алла берген ны­ғыметтерді пайдалану деген сөз.

Алла суретке қарсы болса, тастарға сурет салып, өзімізден мыңдаған жыл бұрын жасап кеткендерден хабар бермес еді. Тастардағы суреттерді Алланың өзі салған. Бұған жұмыртқаға, балықтың жамбасына, бұзау мен қозылардың бүйіріне түскен «Алла» сөзі дәлел.

Ал музыкаға келсек, Алла судан жаратқан (35-сүре, 45-аят) тірі жанның бар­лығына дыбыс, сыбыс, дауыс берген. Бұлардың әр қайсысында өзіндік хислат бар. Соның бірі – музыка. Ол – адамзаттың жан дүниесінің кәусары. Бұлар (күй, ән) – бір-бірінің жұбы (36-сүре, 36-аят). Музыкасыз өлең өміршең бола алмайды.

Егер музыка харам болса, оны Алла арамдар (2-сүре, 173-аят) немесе құмар мен арақ (5-сүре, 90-91-аят) туралы айтқан аят­тарда атар еді. Пайғамбарымыз Мұхам­­медтен (с.ғ.с.) 236 жыл кейін ту­ған, айтқанынан да, жазғанынан да Алла түспеген Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) өз заманының музыка аспабын, дом­­­быраны тартпас еді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», деген Абай Құнан­бай­ұлы өлең мен ән шығармай, қара сөзінде оған қарсы пікір жазған болар еді.

Жалпы, әнге, әншіге, жыршыға, сурет­шіге қарсылық бұрын да, кейін де дүмшелерден шыққан. «Ел тек мені тыңдауы керек, менің айналамда ғана үйіріліп жүрсін», деген тар пейілдегілер Жаратқан бұйыртқан қабілетті көрсеткен шығармашыл адамдардың мүмкіндігін де, халықшылдығын да қызғанған.

Соңғы кезде «Жер астынан жік шықты, Екі құлағы тік шықты» дегендей, Алла атын жамылған дүмшелер әлеуметтік желіден қасиетті домбыраға, ән-күйге күдік келтіре бастады. Қазақ мұндайдың талайын көрген. Про­лет­культшілерді, «одна палка, две струны» деген кеңестік тас маңдайларды айтамыз. Олардың өзі тентіреп кетті, ал домбыра да, қобыз да орнында. Ескілері елдік мәдени деңгейімізді танытып, музыка музейлерінде тұр.

Тағы да қайталаймыз. Мұндай кертартпа көзқарастардың Исламға да, діни парасатқа да түк қатысы жоқ. Бірақ олар­дың сондай екенін білу үшін пәни мен бақидың сауабын, ақыретін ойлаған әрбір пенде Құран Кәрімнің қазақша түсіндірмесін (аудармасын) қайта-қайта оқып, тақуалық дәрежеге же­туі керек. Алла қашан да тақуалармен бірге (16-сүре, 128-аят). Сонда ел түзеледі, таным-түсінік байыпты деңгейге көте­ріледі.

Осы жерде тәңіршілдердің шығу себебін де айта кетейік. Бұған бірінші себеп – ғылым іздемейтін діндарлардың аяттарда сыры меңзелген өмір шын­дықтарына (пал ашу, тәуіпшілік) қар­сылығы, Абайдың, Шәкәрім, Ыбырай­дың, Мәшһүр Жүсіптің, Садуақас Ғылманидың имандылыққа байланысты мұрасын және әулиелер ілімін айтпай, араб тәпсіршілері мен ғалымдарына сүйенетіндігі және арабтардан үйреніп келген қазаққа жат әсіре қылықтары.

Алла Құранды араб тілінде түсір­генімен (11-сүре, 2-аят), Ол – күллі әлемге, бүкіл адам баласына келген дін (3-сүре, 138-аят). Сондықтан Мұхам­медтен (с.ғ.с.), Әбу Бәкір (р.а.) мен Омар­дан (р.а.) қалған «алтын дәуірді» қорғап қала алмаған жұрт­қа жалтақтау, олардан үлгі-өнеге іздеу қажет емес. Адамзатқа ортақ боп түс­кен Құранды өзіміз зерттеп үйренсек, Абай, Шәкәрім, Ыбырай, Мәшһүр Жү­сіп, Ғұмар Қараш, Садуақас Ғылмани ілімін да­мытсақ, дін мен дәстүрді тең ұстаған да­налық пен шынайы Ислам жолына тү­семіз. Ата-баба аруағы мен әулие-ғұ­ла­маларымыздың рухы шат бо­ла­ды. Сонда ғана елдің береке-бірлігі ар­тады.

Біз баянды да әділетті Қазақстан құрамыз десек, рухани мәселеде барлық жұмысты Құранды дұрыс насихаттау­дан бастауымыз керек. Қазіргі діни дәрежемізге тоқмейілсіп, «Дініміз орнында, Алла құтқарады, қорғайды» деп үміттену өз-өзімізді алдау ғана. Бұдан ештеңе ұтпаймыз. Иә, ата-бабамыз да кезінде тап осы жолда еді. Соңында азаттықтан айырылып тынды. Артынан ұлтымыздың жартысын қынадай қырған зауал болды. «Ісра» (8-аят), «Әнфал»

(38-аят), «Мүжәдала» (5-аят) сүрелерінде Жарат­қан қайталағандарды қайта жазалайтынын ескерткен. 1731 жылы «Ақ табан шұбырындыны...» 1921-1932 жылдары аштық пен жоқшылық ретін­де қайта әкелген Алла адамдардан, ұлттан, жұрттан қашан да дұрыс қа­рым-қатынас құруды талап етеді. Бүгін де шын мәніндегі жаңа жолға түспесек, тәуелсіздігімізді, елдігімізді көздің қарашығындай сақтамасақ, қиын да күрделі тағдыр қайталануы мүмкін. Әрине, бұдан Алла сақтасын.

Сондықтан Алла жүрегіне ғылым берген академиктеріміз бен профессорларымыз бас болып, Ислам ғылым академиясын құрып, Құранды жақсылап зерттеп, халыққа жатығымен насихаттап, дүмшелер батырған сордан алып шығайық. Бұл еліміздің тәубеге келуі мен жаңаруы болады. Рухани көзқамандықтың зардабы жай адасудан сан мәрте ауыр. Біздің бірлігіміз де, тірлігіміз де дүмшелікті қоғамға жолат­паумен өлшенсе дейміз. Саналы, сақ, сындарлы қоғамның, мемлекеттің маңдайы әрқашан ашық, жолы да жарқын. Жаратқан елімізді сондай деңгейге жеткерсін.

 

Нарбай ТАҒАЙҰЛЫ,

дінтанушы

 

Қарағанды облысы,

Шахтинск қаласы