Суретті түсірген – Мират ҚОРЖЫНБАЕВ
– Ғайса Темірболатұлы, Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық мұражай-қорығы – Батыс Қазақстан облысы ғана емес, күллі Қазақстанға әйгілі, жалпыұлттық киелі нысан қатарына кіретін мекеме ғой. Әуелгі әңгімені осы мұражай-қорықтың тарихынан бастасақ.
– Иә, Бөкей Ордасының шежірелі тарихын жинақтап, батыс өңірінің құнды жәдігерлерін сақтап, тарихи мұралардың баға жетпес құндылығын көпшілікке насихаттап жүрген Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы музей-қорығының құрылғанына 60 жылдан асып барады.
Музей – өлкенің тарихы, халықтың қазынасы. Музей ісі елдің тарихын, мұрасын ұрпаққа жалғастырушы болғандықтан әрдайым басты назарда. Сонау хан билеген заманға үңілсек, Бөкей ханның ұлы Жәңгір 1828 жылы өзі салдырған сарайының бір бөлмесіне қару-жарақ палатасын ұйымдастырып, сол кезеңде музей ісін бастап кеткен екен. Заманның қым-қиғаш уақытының өзінде өлкемізден шыққан мемлекет және қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешев 1917 жылы халықтың рухани мұрасын – жәдігерлер мен этнографиялық туындыларды, шежірелерді жинау жөнінде бастама көтерген. Ал 1919 жылы қоғам қайраткері Мұстафа Көкебаев Бөкей Ордасында «Халық мұражайын» ашу туралы үндеу тастаған. Осындай зиялылардың музей ашу жөнінде көтерген мақсат-ойларын ресми түрде жүзеге асырған – осы өңірде туып-өскен, халық ағарту саласының ардагері Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген ұстаз Ахметфайыз Юсупұлы Тажетдинов еді. Музей 1962 жылы 15 желтоқсанда қоғамдық негізде селолық кітапхананың жанындағы бір бөлмеде Ордадағы революция тарихын бейнелейтін 55 экспонатпен ғана ашылып, «Орда тарихи-революциялық музейі» деп аталды.
Музей 1967 жылы мемлекеттік музейлер санатына енгізілді. 1969 жылы ХІХ ғасырдың тарихи-архитектуралық ескерткіші Казначейство ғимаратына көшірілді. 1997 жылдан бастап Орда тарихи-революциялық музейі «Орда тарихи музейі» деп атала бастады. 2002 жылы «Бөкей ордасы аудандық тарихи-музейлік кешені» дәрежесіне көтерілді. 2003 жылы музейлік кешен Халықаралық ИКОМ мүшелігіне алынып, Парижде тіркелді. 2005 жылы Бөкей ордасы аудандық тарихи-мұражай кешені Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасына беріліп, «Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешені» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып аталды. Музей 2014 жылдан «Каспий қақпасы» кластеріне енгізіліп, 2017 жылы «Қазақстанның 100 киелі нысаны» тізіміне қосылды. 2018 жылы Қазақстанның республика көлемінде тарихи-мәдени маңызы бар нысандардың ансамблі ретінде Мемлекеттік реестрге тіркелді. 2018 жылы «Қазақстан Республикасының Ішкі және келу туризмін дамытудың» 2019-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. 2019 жылы музейлік кешен Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы МКҚК болып өзгертілді. 2019 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Хан Ордасы музей-қорығы өңірлік деңгейдегі туристендіру картасы обьектілерінің тізбесіне (ТОП-50) енді.
– Қазір мұражай-қорық аумағында қанша ғимарат, нысан, қанша жәдігер бар? Оның ішінде ең құндысы, ерекшесі деп қай нәрсені айтар едіңіз?
– Бүгінде Хан Ордасы музей-қорығы құрамына республикалық маңызы бар мемлекеттік реестрге тіркелген 16 тарихи-архитектуралық ескерткіш, соның ішінде 13 ғимарат, 3 кесене кіреді. ХІХ ғасырда салынған Казначейство мекемесі ғимаратында – «Бөкей ордасы тарихы музейі», Хан сарайының сақталған шығыс бөлігінде – «Қару-жарақ палатасы музейі», Хан Сарайының орталығы мен батыс бөлігінде – «Хан Сарайы» музейі, дәрігер А.А.Сергачев тұрған үйде – ақын «Шәңгерей Бөкеевтің әдеби-мемориалдық музейі», Қыздар училищесі ғимаратында – «Халыққа білім беру музейі», Хан мешітінде – «Хан мешіті» мемориалдық музейі, мектеп инспекторының үйінде – «Тұңғыш қазақ баспаханасы музейі» орналасқан. Тарихи Тарғын мектебі және Хан сарайының батыс бөлігін әкімшілік және қызметкерлер кеңсесі ретінде пайдаланып отырмыз. Оның сыртында 6 тарихи маңыздылығы бар ғимарат тағы бар. Музей-қорық құрамындағы пантеон Хан Ордасынан 3 шақырым жерде орналасқан. Мұнда Хан Жәңгірдің, күйші Дәулеткерей Шығайұлының және этнограф ғалым Мұхамед-Салық Бабажановтың кесенелері бар.
Музей-қорық қорында сақталған жәдігер саны 19 мыңға жуық. Құнды бұйымдардың арасында ХІХ ғасырдан сақталған Исатай Тайманұлының сарбазы Шотұлы Аренге сыйлаған қанжары, Исатай-Махамбет көтерілісіне қатысқан Тоқпан батырдың найзасы, Шыналы Байтілеуовтің қоңыраулы найзасы, жыланбас жүген, сындырмалы домбыра, 300 жыл бұрынғы бал шелек, казначейство мекемесінің мөрі мен сейфі, Ордадағы түрменің мөрі, күміс әшекей бұйымдар, ыдыстар, т.б. заттарды айтуға болады. Дегенмен Хан Ордасына келген адам мұражай жәдігерлерінен ғана емес, тарихи мекеннің өзіндік аурасынан – көне ғимараттардан, сусыған құмнан, көк тіреген қарағай орманнан, зеңгір көктен, тұнық ауадан да ерекше әсер алары анық. Жасқұс құмның қойнауындағы әр жұтым ауаның өзі тарихқа толып тұр дер едім.
– Соңғы жылдары мұражай «қорық» мәртебесін алғанын білеміз. Бұл сіз басқарып отырған мекемеге қандай қосымша мүмкіндік береді?
– Иә, біздің мекеме 2019 жылы мұражай-қорық дәрежесін алғанын айттық. Бұл істе осы мекемені 1978-2009 жылдар аралығында басқарған менің әкем Темірболат Мақымұлының еңбегін айтпай кетуге болмас. Тәуелсіздік жылдары музейді заман талабына сай қайта құрып, әсіресе мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Хан сарайының сақталмаған орталығы мен батыс жақ бетін қайта қалпына келтіруге зор үлес қосты. 2005 жылы «Қазақстан Республикасында Мәдениеттің сақталуы және дамуын заңдық қамтамасыз ету» мәселесі бойынша парламенттік тыңдауға қатысып, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комиссиясына Бөкей ордасы музейлік кешенін тарихи-мәдени, табиғи қорық музейіне айналдыру жөнінде ұсыныс түсірді. Тарихи оқиғалардың бірнеше куәгер орындары сақталған, табиғаты ерекше Хан Ордасы ауылы ашық аспан астындағы музей, туристік орын болуға лайықты мекен екеніне көптің назарын аудартты.
Мұражай-қорық мәртебесі бізге тың серпін берді. Енді тек бір музей шеңберінде өлке тарихын насихаттап, жәдігерлерді көрсетіп отырмай, ауыл ішіндегі ХІХ-ХХ ғасырлардан қалған тарихи-архитектуралық ескерткіш ғимараттарды сақтау үшін қорғауға алып, насихаттауға, сол арқылы туристерді қызықтыруға, осында туризмді дамытуға үлкен мүмкіншілік беріп отыр. Қазір музей-қорық аумағын кеңейтіп, велотуризм, атты туризм, спорт алаңдарын, этноауыл, көрме алаңын, іс-шаралар өткізілетін жазғы клуб, демалыс орындарын жасақтауға кірістік. Мұражай-қорық қызметкерлері үшін әкімшілік ғимарат, келушілерге ақпараттық қызмет көрсететін визит-орталық құрылысы аяқталуға жақын.
– Мұражай-қорық аумағында бірнеше жаңа ғимарат салынып, бірнеше ғимаратқа реставрация жасалған екен. Сол туралы айтсаңыз.
– Соңғы жылдары көптеген оң өзгеріс болды. 2010 жылы облыстық бюджеттен кешен ауласы жанындағы бұрынғы мектеп қалашығының 5 үйін алуға және жәдігерлер сатып алуға қаржы бөлінді. Осы үйлердің бірінде 2013 жылы «Тұңғыш қазақ баспаханасы музейі» ашылды. Мұнда қазақ зиялыларының сонау 1911 жылы бас біріктіріп, тұңғыш ұлттық басылым – «Қазақстан» газетін шығарғанынан басталатын тарих қамтылған. Ал 2015 жылы Хан сарайының орталық бөлігінде «Хан сарайы» мемориалдық музей-үйінің көрмесі ашылып, қызмет етіп жатыр. Бұл жерден Байтоқ жырау жырлаған «Атадан аса туған Жәңгір хан, Екінші Исмайылдан алғыр хан, Арғы түбін болжаған, Атаның алмаған қонысын алып, Аннан сарай салдырған. Атадан артықшылығын аннан білемін: Ол салдырған сарайдың Айналасы айшылық, Көлденеңі күншілік, Көргендер көзі қиып кете алмас» деп жырлаған «алпыс бөлме, жүз есікті» хан сарайының сәулетін көре аласыз.
2019 жылы ХІХ ғасырда салынған дәрігер А.А.Сергачев тұрған үйде ақын Шәңгерей Бөкеевтің әдеби-мемориалдық музейі ашылды. Шәңгерейдің ақындығы, ағартушылығы, ауыл шаруашылығындағы жаңашылдығынан бөлек, қазақтан шыққан тұңғыш фотограф болғанын осы музейге келген адам танып-көріп, таң-тамаша болары анық.
Ал 2021 жылы «Хан мешітінде» мемориалдық музей жасақталды. Мешіттің тарихи ғимараты сақталмағанымен, іргетасы табылып, дәл сол жерге фотосуреті арқылы айнытпай қайта көтерілгенімен де құнды. Бұл музейден Бөкей ордасының тұңғыш ахуны Жаббар Хамадовтың жеке Құран кітабын көруге болады.
Сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешев тұрған, 1842 жылы салынған үй мен 1852 жылы Ордада ашылған аурухананың көне ғимаратына 2021-2022 жылдары жаңғырту жұмысы жасалды.
Республикалық маңызды тарихи-архитектуралық ескерткіштердің мемлекеттік реестріне енгізілген музей-қорық құрамындағы өзге де ғимараттар кезең-кезеңімен қалпына келтірілетін болады.
– Орданы әуелден «Тұңғыштар мекені» деп атайтынын білеміз. Солардың кейбіріне тоқталсаңыз?
– Биыл жыл басынан бері біздің Хан Ордасы музей-қорығында 80-нен аса іс-шара өткен екен. Бұл іс-шараның барлығы да өлкемізден шыққан атақты тұлғалардың, елеулі оқиғалардың мерейтойлық даталарына арналған.
Мысалы, биыл 17 мамыр күні музей-қорықтың қор сақтау бөлімі өр рухты ақын, дауылпаз күйші, қазақ тарихынан ойып орын алған бірегей тұлға, туғанына биыл 220 жыл толып отырған Махамбет Өтемісұлына арналып «Дауылпаз ақын – ел мақтаны» атты Махамбет оқулары өтті. Бұл дәстүрлі шараға ауылдағы түрлі мекеме қызметкері мен жастар белсене қатысты. Ал жоғарыда айтылғандай, музей экспозициясында ақынның өмірбаянына, ұлт-азаттық қозғалысына қатысты мәлімет молынан қамтылған.
Бөкей ордасы – Ордада құрылған қазақтың І-атты әскер полкінің сарбазы Ғабит Сарыбаевтың және ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты Шамғали Сарыбаевтың да туған жері. Осы тұлғалардың 135 жылдығына орай «Ағайынды Сарыбаевтар» тақырыбында көрме ұйымдастырдық. Бұл көрмеде мектеп оқушылары Ордада атты әскер полкінің құрылу тарихы, полк құрамы, соның ішінде Ғабит Сарыбаевтың жорық жолдары, азамат соғысынан кейінгі ұстаздық жолы, өмірінің соңғы жылдары Алматы қаласында өткен өмірі туралы танысты. Сонымен қатар оқушыларға Шамғали Сарыбаевтың өмірбаяны, алған білімі, алғашқы еңбек жолы, тілшілік, журналистика саласын меңгеруі, білім саласындағы жетістіктері туралы толық жеткізілді.
– Хан Ордасы кешені облыс орталығынан 500 км үстінде шалғай жатыр. Алыс-жақыннан келуші туристердің саны қанша? Соңғы 5 жылдың динамикасын айтып өтсеңіз. Қазір салынып жатқан күрежол біткен кезде келушілер саны күрт көбеюі мүмкін бе? Оған дайынсыздар ма?
– Биыл жыл басынан бері біздің музейге келушілер саны 21 мыңнан асыпты. Жыл сайын бұл көрсеткіш шамамен бес пайызға өсіп келеді. Әрине, келер жылы облыс орталығымен арадағы жол құрылысы пайдалануға берілсе, бүкіл Бөкей ордасы ауданы үшін екінші тыныс ашылары анық. Біз ол күнді асыға күтіп отырмыз.
– Хан Ордасы – кезінде Ішкі орда немесе Бөкей ордасы деп аталған ерекше ұлттық-аумақтық құрылымның астанасы болғаны белгілі. Ол Бөкей ордасының аумағы бүгінде еліміздің Атырау, Батыс Қазақстан облыстары мен Ресей Федерациясының Астрахан, Волгоград, Саратов облыстарына шашылып кетті. Бөкей ханның зираты, Жәңгір ханның жазғы ставкасы қазір шекараның сыртында жатыр. Сол тарихи топырақпен, ол жердегі қандастармен қарым-қатынас бар ма?
– Шетелдік музейлерден көршілес Астрахан облысы, Володар ауданы, Алтынжар ауылындағы Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталығымен және Волгоград облысының өңірлік қазақ ұлттық-мәдени автономиясымен тығыз байланыстамыз. Жалпы, түпкі тарихымыз ортақ болғандықтан шекаралас жатқан өңір тұрғындарының Хан ордасы музейіне ықыласы ерекше. Бұл мәдени әріптестік жол құрылысының аяқталуымен де жаңа сатыға көтеріледі деген ойдамыз.
– Әңгімеңізге рахмет, мұражай-қорықтың мәртебесі биіктей берсін!
Әңгімелескен –
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан облысы