Суретті түсірген – Думан ҚҰРМАНҒАЛИЕВ
53898 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, подполковник Мақсат Буратаев Приозерскіден келген кішкентай меймандарды қарсы алды. Болашақ ұшқыштармен қоса әкесі Медет Тұрамұрадов пен анасы Раушан Кудретова, Приозерск гарнизонындағы Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы Тілек Кенжебеков және Ақтөбе қаласындағы Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтында білім алып жүрген курсанттар болды.
Әлихан мен Мәдихан Приозерск қаласындағы №1 жалпы білім беретін мектебінің 9 «б» сыныбында білім алады. Оқудан бөлек, бос уақытында спортпен шұғылданады. Екеуі де Приозерск гарнизонының 06708 әскери бөліміндегі «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері. Қарулы Күштердің ардагері Тілек Кенжебеков себепкер болып, Әлихан мен Мәдихан биыл өткен ІХ Халықаралық «Айбын-2023» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысты. Өздеріне берілген алауды бірге жағу құрметіне бөленді.
– Әлихан мен Мәдиханның алғырлығына таңғаламын. Бірде клуб тәрбиеленушілерінің бастарын қосып, олардан келешекте қандай мамандық таңдайтынын сұрадым. Сонда екеуі де орнынан бірге тұрып, ұшқыш болуды армандайтынын жеткізді. Күтпеген едім. Қуанып қалдым. Содан риза болдым да, әскери-патриоттық жастар жиынына алып бардым. Ерінбей екеуін де ертіп алып, ашық алаңға келіп қонған тікұшақты көрсеттім. Тікұшақты басқарған әскери ұшқыштарды көрген Әлихан мен Мәдиханның жүздерінен үлкен қуанышты сезіндім. Енді, міне, Приозерск гарнизонынан Балқаш қаласындағы әскери ұшқыштарды даярлайтын оқу-жаттығу орталығына жолымыз түсіп, балалық армандарының орындалып жатқанына куә болдық. Алдағы уақытта Әлихан мен Мәдиханға дұрыс бағыт-бағдар беріп, Ақтөбедегі Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтына оқуға түсіп кетулеріне жол ашсақ деген үлкен мақсатымыз бар, – дейді Тілек Кенжебеков.
Қос ұлан ұшаққа мініп көрді. Кәсіби ұшқыштарға сұрақтарын жаудырды. Осылайша, болашақ ұшқыштардың арманы жақындай бастады. «Ерекше сезімдеміз. Бүгін ұшаққа отырып көрсек, ертең ұшқымыз келеді. Ол күнде алыс емес екенін сеземіз», дейді егіздер.
Қарағанды облысы,
Приозерск қаласы