Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ғұмырбаянына үңілетін болсақ, 50-жылдары «әдебиеттен бақытын іздеп келген» Қабдыкәрім ақынның қолтығынан демеп, ағалық жанашырлық танытқан екі адам болса, соның бірі – Мұзафар Әлімбаев. Мұзағаң ол кезде өзінің шығармашылығымен Алматыны мойындатып үлгерген, майданда жүріп-ақ жауға қаруымен қатар қаламын сілтеген тұлға еді. Бейбіт өмірге оралғаннан кейін оның ғұмыр бойы балалар әдебиетімен, даналық дүниелерді тудырумен айналысқанын көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Шын мәнінде, 9 жасында «халық жауының» баласы атанған Қабдыкәрімнің болашағы бұлыңғыр еді. Бала кезінен туған ауылында түртпек, қағажу көріп жетілген, соғыстан кейін бозбала шағында нағашысын паналап Керекуге көшіп келген талапты жас келешекте асқар тауды да бағындыратынына сенді.
Мұзағаңның естелігіне сүйенсек, өзінен 5 жас кішілігі бар Қабдыкәріммен 1947 жылы желтоқсан айында әскери сапта танкіші-офицер болып жүріп туған елге – Керекуге келгенінде танысыпты. «Келген күні ертеңінде облыстық газет «Қызыл ту» редакциясына тарттым. «Қызыл ту» – менің әдеби анам: тырнақалды өлеңім 1939 жылы 18 маусымда сол газет бетінде жарық көрген-ді. Газет тігіндісін 3-4 күндей ақтарып, өлең-жырларды, дәйекті очерктерді сүйсіне оқыдым. Бір күні редакцияда қаладағы жас ақын Қабдыкәрім Ыдырысовпен таныстым: облыстық атқару кеңесінде нұсқаушылық қызметте екен. Қиялшылдарда қыбын тауып қиыстыра алмастай егіз ұқсастық болады екен», деп жазады Мұзафар Әлімбаев. «Қызыл ту» газетіндегі өлеңдерін оқып, жаны сүйсінген майдангер ақын мен жас оғлан ойда жоқта осылай жолығысады. Соның алдында ғана жас Қабдыкәрім ол кезде атағы дүрілдеп тұрған Қалижан Бекхожинмен танысып, оның тапсырмасымен «Жылқышы сыры» деген ұзақ өлең жазып әкеліп, газетке бастырған екен. Он тоғыз жастағы жігіт өлең өлкесіне осылай жолдама алды.
Әуелде Қалижан, Мұзафар ағаларымен хат алысып тұрған Қабдыкәрім 1952 жылы өзінің дарынына сеніп Алматыға қоныс аударуды жөн көреді. Алматыға отбасымен – анасымен, жас келіншегімен көшіп келеді. Қабекеңнің бір естелігінде «Керекуден Алматыға пойызбен 5 күн көшіп едік» дегені бар. Оның Алматыда күтіп отырған жақын-жұрағаты жоқ еді. «Халық жауының» баласы деген «құйыршығы» тағы бар. Қаламгер інісінің көзсіз тәуекелшілдігіне ағалары таңғалады. Ұсынылып тұрған қызмет жоқ... Неменеге, кімге сенген? Кейін Мұзағаң бір естелігінде жазғандай «Қабдыкәрім сонда тәңірім сыйлаған ақындық талантына ғана сүйенген екен!». «Бұл шындығында нағыз шынайы ерлік еді. Ақын ағасы Қалижан Бекқожиннің үйінің ауласындағы жертөлеге жайғасып, алматылық тірлігін бастады. Қабдыкәрім 10-11 жасында «халық жауы» деген жала жабылған әкесінен айырылып қалған бала еді. Сол жаланың кесапаты алдынан кесе-көлденең шықты да отырды: Алматыдағы еш мекеме қызметке алмады», деп жазады Мұзағаң.
Қабекеңнің шығармашылығында балалар әдебиеті ерекше орын алады. Оның қисыны да бар. Алматыға келген соң Қабдыкәрім Мұзафар ағасын жағалап, ол басқаратын редакцияға жиі барып тұрады. Ол кезде Мұзафар Әлімбаев, Мұқан Иманжанов секілді ағалары «Пионер» журналының бөлім меңгерушілері еді. Олар қолғабыс болсын деп, Қабдыкәрімге пионер отрядтарынан, жалпы мектеп өмірінен тапсырмалар беріп, нақтылыққа құрылған суреттемелер жаздырып, жас жігіттің күнкөрісіне хал-қадерінше көмектесіп бағады. Кейбір материалдарын бүркеншек атпен де жариялаған.
Шындығында мұның барлығы Қабдыкәрім үшін өте үлкен көмек еді. Бірте-бірте Қабдыкәрім мінезінің жұғымдылығын, қай іс тапсырылса да ыждағатпен орындайтын қабілетін танытып, сенім артуға болатынын дәлелдейді. Бұл оның кейін балалар газет-журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты қызметтер атқаруына жол ашады. Әрине, қандай мерзімді басылымда, Жазушылар одағында басшылық қызметте жүрсе де, Қабдыкәрім Ыдырысов ең алдымен ақын екенін, әдебиет алдындағы миссиясын ұмытқан емес. Кейін ол Мемлекеттік кітап палатасын, «Жалын» баспасын басқарады. Қандай жоғары лауазымда жүрсе де, Қабдыкәрім Ыдырысов өзінің бір кезде қанатын қатайтқан, қолтығынан демеген Қалижан, Мұзафар сынды ағаларын жиі еске алып айтып отырады. Тіпті Қалекеңе «Алматыға алты өлеңмен алдырған» деген өлең жолын арнайды.
Мұзағаң Қабдыкәрім інісіне Алматыда тек күнкөріс қамын жасауға көмектескен жоқ. Қабдыкәрімнің әлі тың, ешкім аяқ баспаған тақырыптарға баруына қолдау-қолпаштау көрсетіп отырды. Соның бірі – қазақ әдебиеті тарихында репрессия тақырыбында жазылған алғашқы шығармалардың бірі – «Әке жолы» поэмасының тууына тікелей себепші болуы. Бұл кезде Қабекең бауырын жазып шаба алатын бесті аттай жетілген кезі болатұғын.
Мұзағаң өзі сөйлесін: «Қабдыкәріммен жеке бір кездескенімде: «Асыл әкең асулардың, ғасырлардың ар жағында ескерусіз қалмауы үшін, сен ескірмес ескерткіш боларлық есті дүние тудыруың керек емес пе?» деп, тықақтатып тынышын алғандай болушы едім. Содан бір күні дастанының машинкаға басылған алғашқы нұсқасын алып келіп көрсетті. Аталуы – «Әке жолы». Сәтімен табылған сара атау екен... Мен алып қалып, шұқшия оқуға кірістім».
Бұл әңгімені арада көп уақыт өткенде, 2006 жылы қыркүйек айында Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың өзімен үйінде сұхбаттасқанымда да қозғап едім. Мұзағаң сонда «Әке жолы» поэмасының әр деталін автормен бірге отырып талқылағанын айтып еді. Қабдыкәрім ұжымшар басшысы болып жүріп ұсталып кеткен әкесі Ыдырыс Мұстафиннің асқар азаматтығын әлеуметке тайға таңба басқандай танытуды мақсат еткен. Тек өзінің емес, сондай бақытсыз жағдайды бастан кешкен тұтас бір буынның қасіретін, жетім баланың, жесір ананың зарын жеткізуге талпынған. Ал қасіретті поэмада жеткізу үшін үлкен өнер керек. Оған нанымды сюжет, сенімді сурет керек. Қабдыкәрім соны табады. Мұзағаң поэманың кейбір тұсын жатқа айтатын болған.
«Арқаның ақырған аязында арқаңа мұздай суды құйып жібергендей тітіндіреді, түршіктіреді. Жас талантты, қабылан жүректі бауырымды құшақтап, маңдайынан сүйіп, төсіме қыстым: «Осы жалынды шабытыңнан айнымай, ыстығыңды суытпай, жалғастыра бер!» дедім», деп жазады кейін естелігінде Мұзағаң.
Ағасы мен інісі арасындағы сыйластық қандай керемет сезім десеңізші! Кереку өңірінен түлеп ұшқан Мұзағаңа да «Естай-Қорлан» поэмасындай өлмес туынды жазуға себепші тұлға ағасы Қалижан Бекқожин болатын. Оны Мұзафар ақынның өзі айтқан: «1962 жылдың бас кезінде Қалекең маған: «Өз дарыныңды эпикалық жанрда неге сынамайсың? Естай мен Қорлан трагедиясын сенен артық білетін кім бар, айтшы? Іркілме. Ізден. Күреске түспегеннің қырғын батыр екенін кім танысын?» деді. «Естай-Қорлан» дастаны сондай игі түрткіден кейін қалам жемісі болып дүниеге келген еді». Яғни бір кездері Мұзағаңа «Естай-Қорлан» поэмасын жазуға ағасы Қалижан Бекқожин ықпал етсе, Қабдыкәрім Ыдырысовқа «Әке жолы» дастанын дүниеге әкелуге Мұзафар Әлімбаев түрткі болған екен. Бұл әдебиеттануда сирек кездесетін бауырластық.
Мұзағаң мен Қабдыкәрімнің отбасылары аса жақын араласып, сыйласқан. Бұл туралы Мұзафар Әлімбаевпен 2006 жылғы Алматыдағы кездесуімізде ақынның өзі тебіреніп айтқаны есімізде. Әсіресе анасының ақылдылығына ерекше тәнті болған. «Қабдыкәрімнің ақын болып қалыптасуының негізі – қайсар анасының тәрбиесінен» дегенді Мұзағаңның аузынан естіп едік. Шындығында, 1937 жылы жұбайы Ыдырыс біреулердің көрсетуімен ұсталып кеткенде, Қабдыкәрім екі қарындасымен анасы Жектайдың (шын есімі Зейнелғарап) қолында қалады. Жесірлік қасіретін, «халық жауының» әйелі деген өсек-аяң, қорлықтың небір бәлесін тартса да, анасы қайсарлықтың үлгісін көрсете білді. Кейін Қабдыкәрім жетіліп, жар сүйіп, төрт ұлды болған қызықтарынан қалмай бірге ортақтасқан Мұзағаң Жектай анасының данышпандығына таңғалып, таңдай қағып, сүйсініп келген. «Қабдыкәрімнің анасы жаратылысынан бөлек адам еді. Бірде ол ұлы Қабдыкәрімге: «Мұзағаңды ренжітсең, саған ақ сүтімді кешпеймін» депті. Сонда менің қадірімді арттырып тұрғаны ғой. Ондай сөздің баласына ауыр тиетінін біледі, әрине. Алла ақылы кемел ананы беріп, Қабдыкәрімге әкесінің жоқтығын сездірмеген ғой. Бойындағы қажыры мен қасиетінің молдығы соншалық еді. Мен мұндай ананы көрген жоқпын. Сырттай қарасаң қарапайым ғана адам тәрізді. Алайда артық сөзі жоқ, парасаты асқан ана. Және өзі ұйымдастырғыш болатын. Барлық той-қуаныштарын бөлістік. Сол шақтарда ағайынның басын қосып отыратын анасы болатын», деп тебіреніп еді Мұзағаң сол әңгімесінде.
Мұзағаңның естелік дүниелерін шолып отырсақ, Қабдыкәрім інісінің шығармашылығын өмір бойы бақылап келгендей көрінеді. Өзінің жеке ақындық еңбегі бір бөлек, інісінің де ізденуін өз қадағалауына алатындай бойында не құдірет болған десеңізші! Мысалға, бір жазбасында М.Әлімбаев Қабдыкәрімнің шығармашылығы туралы: «Эпикаға, оқиғалы өлеңге оңтайлылық – бұл ақынның ерте танылған ұтқыр қыры. Белгілі бір ситуация, оқиға шеңберінде, белгілі бір әрекет ауданында ғана сөйлеу мен суреттеу авторды ауаға жайылдырмайды, нақты жырлауға, жып-жинақы болуға, шыншылдыққа бастайды; тартыс жібін босаңсытпауды тілеп қана қоймай, қатаң талап етеді. Қабдыкәрімнің өзі хикая деп атаған «Жез леген» мен «Портфель туралы баллада», «Естелік» атты туындылар – балалық шағы соғыстың сұрапыл жылдарына тұспа-тұс келген, «он үште отты жылдың бар салмағын көтеріп, жұртпен бірдей» бөліскен жас жеткіншектердің ауыр сында ысылып, еңбекте ерте есейгеніне көркемдік куә. Сюжеттік өлеңді сомдау үстінде ысылған қалам үлкен эпикаға құлаш ұрғызды. Әлбетте, ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың отыз жылдық шығармашылық тарихындағы шеберлік биігі – «Әке жолы» атты лирикалық-драмалық поэмасы. Жеке адамға табыну кезінде дауасыз дерттей етек алған репрессияны бір отбасы болмысын суреттеу арқылы өзіндік тәсілмен оңтайлы жеткізген. Қызыл қанды қиянатқа ішіңнен лағнет айтқызады», деп баға береді.
М.Әлімбаев өзінің шығармашылығында қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін зерттеумен, дамытумен айналысқаны мәлім. Ол Қабдыкәрімнің әншілігін, ертедегі ұмыт қалған әндерді жаңғыртатын қасиетін тап басып көрсете алған. «Ақын мұрасының салмақты бөлігі – ән-өлеңдер. Ыдырысовтың бұл жанрда да бағы жанғанына куә боламыз. Оның ән-өлеңдері 1986 жылы «Өнер» баспасынан «Ән – көңілдің ажары» сериясымен жеке жинақ болып тарады. Аты – «Қайдасыңдар, достарым». Аз ғана ғұмырында ақын жүз шақты әнге өлең жазыпты немесе оның жырларына жүз шақты ән шығарыпты. Біз Қабдыкәрім сөзіне жазылған ән-өлеңдермен күнбе-күн қауышамыз. Солардың ішінде бүкілхалықтық сүйіспеншілікке бөленгені қаншама? «Баянауыл вальсі» бүкіл қазақ баласының құлақ құрышын қандырған сөз бен саздың сәулетті одағы еді ғой. Бірде біздің үйде соңғы болғандарының бірінде Оңтүстік Қазақстан өңірінен үйреніп келген «Айнам-ау» әнін дастарқан басына жиналған достар қаншама рет қолқалап, өзіне қайталап шырқаттырып еді-ау. Сонда Қабдыкәрім кереметтей қанаттанып еді», деп жазады тағы бір еңбегінде.
Қабдыкәрім Ыдырысовтың еңбектерінің арасында Мұзафар Әлімбаев ағасының 50 жылдық тойында жазған дүниесі бар (1973 жыл). Онда ол: «Бір қыз бар Маралдыда...» деп басталатын бұл әнді білмейтін, оны айтқанда тебіренбейтін бір қазақ жоқ. Өйткені ол өз заманында шын асыл жүректен толқыған сұлу махаббат гимні десе болғандай. Осы ән кішкентай Мұзафардың жүрегіне берік ұялаған. Педучилищеде оқып жүргенінде өнерсүйгіш талапты жас Естай ақынның қасынан қалмай жүріп, бұл осы мұңлы махаббаттың жұмбақ сырына жіті үңілген. Кейін осы құпия сыр-сандық түбінен ақтарылып шығып, бұдан бір-екі жыл бұрын «Естай-Қорлан» атты поэма болып шырқалды. «Естай-Қорлан» – шынайы махаббаттың жалауы. Бұл шығарма – ақын М.Әлімбаевтың талантты туындысы» деп ақын ағасының шығармашылығы туралы тіл қатады, тебіренеді, жүрегімен толғанады.
Өкінішке қарай, талантты ақын Қабдыкәрім Ыдырысов 1978 жылы қараша айында 50 жасында оқыстан дүниеден өтті. Тағы бір жерлес ақын, сұлтанмахмұттанушы Дихан баба Әбілевтің қазанамасында жазғанындай, «ракетадай аспанға жыр жұлдыз боп атылатын нағыз дер шағы еді». Орыстың репрессия тақырыбында жазған Дудинцев деген қаламгері «Белые одежды» деген романы үшін Мемлекеттік сыйлықты алса, дәл сол тақырыпты аса жоғары көркем дәрежеде аша білген Қабдыкәрімнің «Әке жолы» поэмасы дер кезінде өз бағасын толық алды деуге келмейді. Ондай тақырыпта поэма жазу өз заманындағы батырлықтың бір көрінісі еді. Екінің бірі бара алмап еді.
Қабдыкәрім дүниеден өткеннен кейін ол туралы, әдебиеттегі ізі, еңбегі туралы бірнеше мәрте мақала жазған ағасы Мұзафар Әлімбаев болды. Қандай еңбегінде болсын Қабдыкәрімнің әдебиетке адалдығын, балаша аңғалдығын айтады. «Қабдыкәрімнің пешенесіне қасіретті балалық, қасиетті ағалық, қанатты ақындық бұйырыпты», деп інісінің шығармашылығына жоғары баға беріп кетті.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,
Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы