Кездесу барысында Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын ағымдағы игеру, жаңа газ өңдеу зауыттарын салу, елдің экологиялық заңнамасының нормаларын сақтау және басқа да бірқатар мәселе талқыланды.
Премьер-министр өз сөзінде Үкімет компанияның еліміздегі мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын және ұзақмерзімді ынтымақтастықты нығайтуға бейілді екенін атап өтті.
«Shell» – мұнай-газ секторындағы біздің стратегиялық серіктесіміз. Атқарылған істер аз емес, алдымызда бұдан да ауқымды бірлескен жұмыс күтіп тұр», деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар ол өндіріс орындарын қауіпсіз пайдалану және Қазақстан Республикасының экологиялық талаптарын сақтау компания жұмысындағы басты басымдық болуға тиіс екенін атап өтті.
Өз кезегінде Зои Юнович «Shell» компаниясының Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастыққа баса назар аударатынын растады.
«Біз Қазақстан Республикасының сенімді серіктесі болып қалғымыз келеді. Біздің ынтымақтастығымыз бұған дейін де жемісті әрі табысты болды. Болашақта өзара байланыстарды одан әрі нығайта түсу үшін бар күшімізді саламыз. Біз қысқамерзімде Қазақстанға инвестиция көлемін ұлғайтуға және мұнайдың ғана емес, газдың да жаңа мүмкіндіктерін зерттеуге дайынбыз», деді ол.
Кездесу қорытындысына сәйкес, тараптар өзара іс-қимылдың барлық өзекті мәселелері бойынша сындарлы диалогті жалғастыруға дайын екендіктерін атап өтті.