«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда жылыту маусымы 1 қазаннан басталды. Кәсіпорын жаңа жылу беру маусымына жоғары жауапкершілікпен қарап отыр. Жөндеу үдерістерінің маңызды кезеңдері, соның ішінде №3 пен №11 қазандықтарындағы күрделі жұмыстар өз межесіне жетті. Бүгінде №1 мен №10 қазандық агрегаттары жөнделіп бітті. Қазіргі таңда №1 турбоагрегатты толық күрделі жөндеуден өткізу күтіп тұр. Бірақ ол конденсациялық типтегі турбина болғандықтан, оны жөндеу жылыту мерзіміне әсер етпейді. Қалған турбоагрегаттардың жөндеу жұмыстары аяқталды. 8 қазандық пен 5 турбоагрегаты бар ПТЭЦ-2 жұмысын қарқынды атқарып жатыр. Еске сала кетсек, Петропавлда жылу беру маусымы ресми түрде басталмай тұрып-ақ білім беру мен медициналық мекемелерді жылу жүйесіне қосу қолға алынған еді. Бүгінде қаланың 118 әлеуметтік нысаны, 31 денсаулық сақтау мекемесі, 258 көпқабатты баспана мен 233 жеке тұрғын үйге жылу берілді. Сондай-ақ қосалқы 77 ғимарат жылыту жүйесіне қосылды. Жоспар бойынша алдағы 7 күннің ішінде барлық нысан жылумен қамтылуы қажет.
Облыс орталығында жылыту маусымы басталды. Қысы қатты болатын Павлодар қаласы үшін жылу мәселесі әрқашан маңызды. Сол себепті де «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ-да жылу және электрмен жабдықтау нысандарындағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары алдағы қысқа дайындықтың құрамдас бөлігі саналады. Станса жұмысының барысын бақылап отырған директор Игорь Гринев ЖЭО-3-тің қаланы жылумен қамтуға дайын екенін жеткізді. Дайындық барысында №2, 3 турбоагрегатқа, №2, 4, 6 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізілген. ЖЭО-2-де де №1 қазандық пен №2 турбоагрегаттарына күрделі жөндеу жұмыстарынан өткен. Ал №3 қазандықта жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары қазанның соңына дейін аяқталады. Павлодарда 2023-2024 жылдарға арналған жылу беру маусымы 18 қыркүйекте басталып, бірінші кезекте әлеуметтік нысандар мен мемлекеттік мекемелер жылуға қосылды. Қазіргі таңда көпқабатты үйлерге жылу беріліп жатыр.
Екібастұз жылу электр орталығында да жылу беру маусымы басталып кетті. Жылыту маусымы басталар алдында жылумен жабдықтау мамандары күрделі жөндеу мен қайта жаңартудан кейін станса жабдықтары мен жылу желілеріне міндетті сынақтар жүргізді. Абай көшесіндегі қайта жаңартылған магистральдардың сынақтары сәтті өтті, оның барысында бірде-бір зақым анықталған жоқ. Сондай-ақ Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі магистральдық құбырға сынақтар жүргізілді. Биыл Екібастұзда жылу желілерінің 70 шақырымнан аса магистральдық және орамішілік құбырлары жөнделді. Қазіргі уақытта Екібастұз ЖЭО-да 4 қазандық агрегаты дайын. Оның екеуі іске қосылды. Бас директор Анатолий Моисей дайын қазандық агрегаттары жылыту маусымынан бастап қаланы жеткілікті жылумен қамтамасыз ететінін мәлімдеді. Екібастұз ЖЭО-ның жөндеу жұмыстарына 585 адам тартылса, оның 499-ы – мердігер ұйымдардың қызметкерлері. Барлық шара уақытылы және қаланы үздіксіз жылумен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатыр.
«АЭСК» АҚ жылыту маусымының жұмыс барысын бақылап, оның жоғары жауапкершілікпен жасалып жатқанын хабарлады. Бас директор Александр Павловтың айтуынша, жылу беру маусымына дайындық қашанда сапалы деңгейде жүргізіледі. Дайындық сапасы 85%-дан төмен емес. Ал қосалқы стансаларды күрделі жөндеу жұмыстары 93%-ға орындалған.
«ОАЭК» АҚ-тағы жылу және электр желілері бойынша жүріп жатқан жұмыстар қыс мезгілінде тұрғындарды энергия ресурстарымен қамтамасыз етуге бағытталған. Компанияның қазіргі мақсаты – барлық жұмысты дәл уақытында аяқтап, әрбір үйге жылуды дер кезінде жеткізу.
ОАЭК баспасөз қызметі