Қазақстан • 05 Қазан, 2023

Өңір рәміздері: ұстын мен ұстаным

409 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы өңірлік рәміздер туралы елеулі ой қозғады. Мемлекеттік рәміздерді жетілдіру мәселесін қозғаған Қасым-Жомарт Тоқаев кез келген елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол екенін айтқан еді.

Өңір рәміздері: ұстын мен ұстаным

Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

«Сондықтан мемлекеттік рәміздердің танымалдығын арттыра түсу керек. Ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандартты сақтау өте маңызды. Рәміздеріміз бірегей ұлттық кодымызды нақты әрі айқын көрсетуі керек. Мен жақында Ассамблея сессиясында еліміздің геральдика белгілерін жетілдіру қажеттігі туралы айттым. Алдымен өңірлердің және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керек деп санаймын. Қазір олардың көбінің мазмұны және пішіні әркелкі. Соған байланысты қоғамда жиі сын да айтылады. Бұл салаға мұқият талдау жасап, ортақ ұстанымдар әзірлеу қажет», деді Президент. Бұл – шын мәнінде еліміздің геральдикасының ең өзекті мәселесі.

Өңірлік рәміздер дамымай, ел нышандарының байрағы биік болмасы анық. Қолданыстағы өңірлік рәміз­дерде өлке ерекшелігін ескеру, негізгі белгілерді, бейнелерді алға шығару, таныстыру көрініс тапқанымен, талғамсыз, кемшін тұстары да жетерлік. Олардың басым көпшілігінде «Бір ел – ортақ мемлекеттік мүддені» айқындайтын идея көрінбейді. Рәміз бен идея арасында сабақтастық, үйлесімділік шашыраң­қы. Шарттылықтар әркелкі. Еліміздегі бірегейлікті нығайту жолында аумақ­тық-этностық, тілдік-конфессиялық қауымдастықты біріктіріп, азаматтардың отаншылдық санасын дамыту маңызды. Өңірлік рәміздер – Отанымыздың әкімшілік-аумақтық бірліктерін тарихи-географиялық, этнографиялық жағы­нан сәйкестендіруді оңтайландыратын, жергілікті билік пен халықты байланыс­тыратын идеологиялық құрал. Алайда олардың стилистикасы, көркемдік, семантикалық мазмұны мемлекеттік саясат пен ұлттық құндылықтардың басымдықтарын көрсететін элементтерді құрамайды. Әр өңірдің айқын да сауатты рәмізі – өскелең ұрпақтың жүрегіне туып-өскен өңіріне деген сүйіспеншілік пен елдік сезімін ұялатып, жарқын болашаққа деген сенімді оятады.

Қазір елімізде 17 облыстың 13-інде, 3 мегаполисте, 186 ауданның 137-сінде, 89 қаланың 33-інде өңірлік рәмізі бар. Бұрынғы Мәдениет және спорт министрлігінің 2015-2023 жылдары жүргізген мониторингі әкімшілік-аумақтық бірліктердің өңірлік рәмізін әзірлеу, бекіту, қолдану, пайдалану жүйесінің дамымағанын көрсетті. Өңірлік рәміздерді мәдени-көркемдік безендіру, идеялық жетілдіру және нор­мативтік-құқықтық актілермен бекіту тәсілдерін регламенттейтін әдіс­­­намалық және заңнамалық база жоқ. Өңірлік рәміздерді бекіту біресе мәс­лихаттардың шешімдерін, біресе әкімдіктердің қаулыларын, енді бірде әкімдердің өкімдерін, тағы бір жолы конкурстық комиссиялардың хат­тамалық шешімдерін қабылдау ар­қылы жүзеге асырылған. Астана мен Алматы қаласын қоспағанда, жергілік­ті атқарушы органдар мен өкілетті органдардың тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерінің өңірлік рәміздерін бекіту жөніндегі заңнамалық өкілеттіктері айқындалмаған. Қолданыстағы заң­намада да өңірлік рәміздерді әзірлеу, бекіту, қолдану және пайдалану нор­мативтік-құқықтық актілермен реттелме­ген. Осыған орай жаңарған қоғамның сая­си-әлеуметтік, мәдени-рухани сала­сын қайта құрылымдау кезеңінде, гума­ни­тарлық ғылым өкілдері, сәулет, дизайн, бейнелеу өнері мамандары күш біріктіріп, «Қазақстан геральдикасы» тұжырымдамасын жасап, жоғары оқу орындарындағы тарих және өнер факуль­т­еті кафедраларынан элективті курс ашып, колледждер мен мектептерде стартап үйірмелерін ұйымдастырып, ортақ ереже мен әдістемелік нұсқаулық әзірлеуі қажет.

Астана мен Алматы қалаларының өңірлік рәмізіне келсек, елорда рәмізі екі бейнені – бәйтерек пен шаңырақты біріктіру арқылы жасалған. Бәйтерек пен шаңырақ еліміздің өткені мен бүгінінен хабар береді. Екеуі де сары түсті. Төрткүл дүниені құшағына сыйғызған бәйтерек – өмір мен өркендеу белгісі. Бәйтеректің ұшар басындағы алтын жұмыртқаны шаңырақ бейнесі безендіріп тұр. Шаңырақ отбасының ғарыш кеңістігімен ортақтастығын аңғартады. Бәйтерекке аңыздағы са­мұрық құстың самғауын танытатын құс­қанаты оюы салынған. Алматы қаласының рәмізінде қаланың сегіз ауданын бейнелейтін сегіз алма гүлінің бұтағын тістеген ірбіс бейнеленген. Ірбіс мойынын артқа бұрған қалпы, алға кетіп барады. Бұл қала дамуындағы ежелгі кезеңмен қазіргі кезеңнің сабақтастығын көрсетеді. Ірбістің жоғарғы жағында Алатаудың қарлы шыңдары мұнартады. Рәміз сыртқы-ішкі шеңберден тұрады. Көгілдір түсті сыртқы шеңбер шаңырақ бауларымен, уық ұяшықтарымен жиектелсе, алтын түсті ішкі шеңбер қызыл түсті ою-өрнекпен көмкерілген.

Облыстардың өңірлік рәмізін байыптасақ, Жамбыл, Ақмола облыс­тарының рәмізінде табиғи ландшафтар қамтылса, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының рәмізі кеңес кезеңінің геральдикалық белгілері пайдаланылған. Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыс­тарының рәмізінде қанатты ірбіс пен гриффиннің спиральды бейнесі сияқ­ты мифтік бейнелер алынған. Жамбыл, Қостанай облыстарының рәмізінде флора мен фауна бейнелері басты белгілер ретінде берілген. Батыс Қазақстан облысының рәмізінде халық музыкалық аспаптары көрініс тапса, Жетісу облысының рәмізі шеңбер ішінде орналасқан. Шеңбердің шеті мен ішінде ою, Жетісудың тарихи орындары көрініс тапқан. Ұлытау облысының рәмізінде қазақ даласының киелі жануары – құлан бейнеленген.

Аудандар мен қалалардың өңірлік рәмізін де жетілдіру маңызды. Мұнда да аумақ ерекшелігін көрсететін бейнелер, этнографиялық элементтер, азаттық аңсарлары, табиғи өзгешеліктер көрініс тапқан. Бірақ мамандар тарапынан айтылған нақты сын да жоқ емес.

Түрлі деңгейдегі рәміздер өз-өзінен туа салмайды. Жобаны талқылайтын республикалық комиссия 2011 жылы 30 қыркүйекте Президенттің №155 Жарлығымен құрылған. Комиссия мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де марапаттар геральдикасы мәселелерімен айналысады. Сондай-ақ мемлекеттік ту, елтаңба, гимнді орналастыру, ауыстыру ережелерінің бұзылмауын, орнатылған мемлекеттік рәміздердің техникалық және басқа да талаптарға сай келуін қадағалайды. Комиссияға облыстардағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мемлекеттік рәміздерді пайдалану стандарттарын сақтауын анықтаған мониторинг нәтижелері ұсынылады. Облыс әкімдерінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау жөніндегі баяндамалары, сонымен қатар кемшіліктерді жою шаралары туралы есептері тыңдалады. Осы саладағы жұмыстың сәтті жүруі сараптамалық кеңеске де байланысты. Министрліктің 2015 жылы 10 желтоқсандағы №380 бұй­рығымен құрылған Мемлекеттік рәміздер және геральдикалық белгілер мәсе­лелері жөніндегі ғылыми-консуль­татив­тік орган – сараптамалық кеңестің жұмы­сы халықтың көз алдында. Бұл кеңес мемлекеттiк рәміздер мен гераль­ди­­калық белгілерді әзірлеу, пайдалану, же­­тiл­дiру туралы ұсыныстар әзірлеп, нор­­мативтік құқықтық базаны жетiлдiріп отыр.

Отандық геральдиканың жаңа арнасы – өңірлік рәміздерді әзірлеу мен саралау, бекіту осындай кезеңдерден өтеді. Әрине, аталған сала жұмысы толық орындалды деуге әлі ерте. Алда көп жоба-жоспарлар бар. Бұл істе жергілікті атқарушы билік, ғалым-зерттеушілер, дизайн-суретшілер мен сәулетшілер, қоғамдық ұйымдар бірлесіп жұмыс істеуі маңызды.

 

Айдын РЫСБЕКҰЛЫ,

геральдист ғалым