Джеймс Морганның шәкірті
Кардифф университеті – офтальмология саласында әлемге даңқы шыққан оқу орны. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі, Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының резидентурасында оқып жүрген Мұхит Құлмағанбетов үшін аты әйгілі университеттің грантын жеңіп алу тосын жай емес-ті. Үнемі ізденісте жүретін студент бұл кезде инженерия, оптоэлектроника, IT саласында тәжірибе жинақтап үлгерген.
Қарағандыда дәрігерлер отбасында өмірге келген Мұхиттың медицинаға қызығушылығы бала күнінде басталған. Ол еркелігі басылмаған ерте шақтан нейрохирург болуды армандап, микроскоп, медициналық құралдарды ермек ете жүріп, салалық кітаптарды көп оқиды. Университетте оқи жүріп, үздік студенттер қатарында шетелдерде ғылыми конференцияларға, білім алу курстарына қатысуы оның медицина саласындағы болашағына тың жол ашып берді. Осылайша, 2017 жылы резидентурада оқып жүргенінде Кардифф университетінен шақырту алады.
– Кардифф университетіне мыңға жуық талапкердің ішінен жеті студенттің бірі болып іліктім. Шетелдік ғалымдарды менің глаукома туралы жазған баяндамам қызықтырған екен. Осы кезде глаукоманы емдеуден әлемнің ең үздік ғалымы Джеймс Морганның тобына түсу бақытына ие болдым. Әдетте, докторанттарды сирек қабылдайтын профессор маған өз талаптарын қойды. Ұстазымның талабы бойынша көз ауруларын зерттеуде IT бағдарламалар, алгоритмдер құрастыру үшін data science-ті меңгеруіме тура келді, – дейді ол.
Мұхит көздің торлы қабығы клеткаларының апоптозын алдын ала анықтауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект бағдарламалары үшін кодтар мен әртүрлі зерттеулерін Кардиффте бастаған. Жас ғалымның ізденісі ғылыми ортаға жылдам тарап үлгерді. Уэльсте Қазақстаннан келген студент оптикалық жүйелер жасаумен айналысып жүр дегенді естіген Канададағы Уатерлоу университеті кванттық есептеулер институтының физиктері Бен Томпсон, Душан Шаренац, Дмитрий Пушин кванттық фотондарды пайдалану арқылы микроскоп ойлап табуға инжиниринг, оптоэлектроника, IT, офтальмология және кванттық физиканы меңгерген маман қажеттігін айтып, хабарласқан.
– Олар Уатерлоу университетіне баруыма немесе Гонконгта енді құрыла бастаған кванттық офтальмология бойынша зертханаға жетекшілік ету туралы ұсыныс тастады. Мен докторантураны бітіргім келетінін және электроника, инженерияны меңгергенмен, кванттық физиканы білмейтінімді айттым. Келісім аясында ғалымдарға оқу мерзімі аяқталғанға дейін кванттық физиканы меңгеруге уәде еттім. Олар да қолдау көрсетті. Осылайша, Гонконг зертханасында жұмыс істей бастауым өз еліме ғылымның жаңа технологиялық жаңалықтарын жеткізуге берілген зор мүмкіндік деп қабылдадым. Таяу болашақта Қазақстанға кванттық технологияларды алып келетін ғалымдардың көбейетіндігіне сенімім мол, – дейді Мұхит.
Көз – адам жанының айнасы
Қазіргі кезде Гонконг зертханасында АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Үндістан, Гонконг, Сербия, Ресей, Қазақстаннан барған жеті ғалым жұмыс істейді. Топтың кураторы – канадалық-америкалық профессор, Массачусетс технологиялық институтының ең мықты кванттық физигі Дэвид Кори. Ал ғалым-әріптестер құрған Structured Light Tomography компаниясының басшысы – Мұхит Құлмағанбетов. Стартаптың бастапқы бағасы 5 млн долларды құрайды. Ғалымдар қаражат көлемін алдағы уақытта үш есеге дейін арттыруды жоспарлап отыр. М.Құлмағанбетовтің айтуынша, әлемдік медицинада глаукома, диабеттік ретинопатия, макулярлы дегенерацияның емі табылған жоқ. Әлеуметтік салдары күрделі осындай ауруларды емдеу, алдын алу – қазіргі медицинаның алдында тұрған жауапты міндет. «Көз – адам жанының айнасы» дейтін болсақ, адам ағзасындағы көптеген ауруды дер кезінде және алдын ала анықтауға болады. Ал ғалымдар жасап жатқан жоғары көрсеткішті прототип дәрігерлерге жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны сөзсіз.
Ғалымдар қазіргі кезде микроскопты миниатюризирлеу және толыққанды цикл бойынша жұмыстар істеп жатыр. Өндірісті аяқтау мерзімі келер жылдың орта шені деп болжанып отыр. Клиникалық сынақ кезеңіне 3-4 жыл кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда Мұхит Құлмағанбетов Гонконг зертханасымен үш жылға жасалған келісімшарт ұзаратын шығар деген де ойын жеткізді. Сынақтан өткен аппараттар нарыққа шыққаннан кейін әлем офтольмологтері үшін үлкен жаңалыққа айналатыны анық.
Акселератор, венчурлық және инвестициялық орталықтары бар ғылыми саябақта орналасқан зертханада Мұхит Құлмағанбетов екі ассисентімен бірге жұмыс істейді. Ол Гонконг үкіметінің ғылымға кедергісіз қаржы бөлу саясатына деген таңданысын жасырмады. «Қаражат ешқандай бюрократиясыз жеткілікті көлемде бөлінеді. Гонконгта маған зертхана құрылғысын сатып алу үшін 1 млн доллар берді. Мұнда жұмыс істеген бір жарым жыл ішінде зертханаға 4,5 млн доллар жұмсалды. Ендігі қажеттіліктерімізге 6 млн доллар қарастырылып отыр. Қаржыландыру тетіктері қағаз-қисапты, дәлелді қажет етпейді. Ғалымдарға сенім арта отырып, сұраған қаржысын береді. Маңыздысы – ғылыми нәтиже. Гонгконг үкіметі тарапынан ғалымдарға айына шамамен 4,5-5 мың доллар айлық төленеді. Бұл Америка, Аустралия постдокторанттары алатын айлықпен салыстырғанда 1,5 есе көп, – дейді ол.
Әріптестері – Нобель сыйлығының лауреаттары
Гонконгтағы ғылыми саябақта ғалымдарға толыққанды жағдай жасалған. Мұнда қосымша жұмыстардың барлығын роботтар атқарады. Ғалымдар түнде, әлде күндіз жұмыс істей ме, бастысы нәтижеге қол жеткізуі керек. Мұхиттың айтуынша, ғылыми парктегі жұмыстың тағы бір ерекшелігі – Нобель сыйлығының лауреаттарымен бір алаңда жұмыс істеу. Олардың бірі 2018 жылы физикадан Нобель сыйлығын алған канадалық ғалым Донна Стрикланд болса, екіншісі – 2022 жылы лауреат атанған аустриялық физик Антон Цайлингер. Өткен ғасырдың 80-жылдарында 25 жасында пульстік лазер ойлап тапқан Донна Стрикланд жас ғалымдардың колобораторы.
– Донна Стрикланд зертханамызға қызығушылық танытып, алдын ала хабарласқанда сенер-сенбесімізді білмедік. Атағы әлемге әйгілі ғалыммен қазіргі кезде емін-еркін сұхбаттасып, кофе ішуге де бірге барамыз. Ғалымның қол жеткізген ғылыми жетістігі әлемдік лазерлік хирургияда, әсіресе көзді лазермен емдеу саласында нәтижелері жас ғалымдарды шабыттандыра түсетіні анық. Ал физик Антон Цайлингер кванттық фотондарды зерттетуді француз ғалымы Ален Аспе, америкалық Джон Ф.Клаузермен іске асырғаны мәлім. Бізбен сирек кездескенімен, Антон Цайлингермен таныстығымызды, ғылыми жұмыстарымызға қызығушылық білдіргенін үлкен мәртебе санаймыз, – дейді Мұхит.
Гонконг зертханасындағы жұмыс Мұхитқа жаңа тәсілдерді үйретеді. Ғылыми ізденістен тыс, ғылымды коммерцияландыру, мақалалар жариялауда мол тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде екі ел арасында жиі қатынайтын ол Канадада профессорлардың үлкен зертханасында алдын ала жоспарланғанындай, науқастарды қабылдап, кванттық физика, офтальмология тұрғысынан ауру түрлерін анықтауға атсалысып жатыр. Сонымен қатар ол Алматыдағы Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында 2014 жылдан бері ғылыми сарапшы ретінде қашықтан жұмыс істеп келеді. Бүгінде аталған институтпен Кардифф университеті арасында білім, ақпарат, технология алмасу бойынша меморандумға қол қойылған. Сондай-ақ ол аэроғарыш медицинасы бойынша NASA-дағы әріптестерімен бірлескен жоба жасап жатыр. «Офтальмология ғылымдардың өзегі саналатын болса, оның тамыры кванттық физикада жатыр. Ол фермиондар, электрон, нейтронды зерттейтін болса, макроғарыш әлемі NASA-мен тығыз байланыста» дейді ол. Мұхит қазіргі кезде NASA ғалымы Тайсон Бранстеттермен бірлесіп, ғарышта алты айдан ұзақ болған ғарышкерлерде пайда болатын нейроокулярлы синдром себептерін анықтап, оны тоқтату жолдарын іздестіру үстінде.
Ғылыми тартымды ел өнегесі
Осы жылдар ішінде Еуропа, АҚШ, Канада, Ұлыбритания елдеріндегі білім мен ғылымға қанық болған Мұхит Құлмағанбетов еліміздегі ғылым саласының көкжиегі кеңейіп келе жатқанын айтты. Ол уәкілетті орган ретінде Президентке тікелей бағынатын Ұлттық ғылым академиясының реформасы алдағы уақытта ғылымға құштар жастар қатарының көбеюіне ықпал ететінін жеткізді. Бұған қоса ғылым туралы жаңа заң қабылданатын болса, құжат шеңберінде істелетін жұмыстардың да ауқымы арта түсетіні сөзсіз.
– Ғылымға бөлінетін қаражаттың көбеюі шетелдердегі постдокторанттардың елге оралуына ықпал ететіні анық. Сонымен қатар Силикон алқабы, Еуропа, Азияның көптеген еліндегідей акселерация, инкубаторлары бар ғылыми парк құру жас ғалымдарға жасалған зор мүмкіндік болар еді. Ғылыми парктерде ғалымдардың әлеуметтік жағдайына да көңіл бөлінетін болады. Нәтижесінде, ғалымдарға жаңа зертханаларда жұмыс істеуге, реагент компаниялар және Facebook, Google, Amazon сияқты трансұлттық компаниялармен жұмыс істеуге мүмкіндік ашылады. Қазақстанға әзірге трансұлттық компаниялар келе қойған жоқ. Дегенмен Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі ғылыми ойыншыға айналатын болса, әлемге аты әйгілі компаниялар келуге дайын. Олар біздің нарық арқылы жақын маңдағы елдерге шыға алады. Сондықтан еліміз өзінің аймақтағы ғылыми әлеуеті мен көшбасшылығын көрсетуі қажет. Алдағы бес жылда кванттық компьютерді қазақ баласы ойлап тауып жатса, оған не кедергі?.. Қазіргі кезде алпауыт елдер үлкен ресурстар бөле отырып, өзінің кванттық компьютерлерін жасап алды. Бұл технологиялар екі шешімді қатар атқара беретіндігімен ерекшеленеді. Әзірге бұл елдер компьютерлерін әскери техникалары тәрізді құпияда ұстап отыр. Өйткені оның мүмкіндігі толық зерттеліп болған жоқ. Сондықтан елімізде де кванттық технологияларды реттейтін бап жаңа заң аясында көрініс беретін болса, өзіміздің технологиялық жетістіктерімізді қорғап, сақтай аламыз, – дейді М.Құлмағанбетов.
Шетелдік ғалымдарды шақырту қажет
Гонконгтағы зертханада Мұхит Құлмағанбетовке екі ассисент бекітілген. Осылайша, Қазақстаннан келген ғалыммен келісімшарт біткеннен кейін олар үйренгендерін әрі қарай іске асыра береді. Міне, осы әдісті біздің елге де енгізу қажет, дейді Мұхит.
– Кейінгі отыз жылда мемлекеттің қолдауы аясында «Болашақ» бағдарламасымен талай өрен шетелдердің үздік универсиеттерінде білім алды. Алайда ол түлектерді сыртта қалып жұмыс істеуге қызықтыратын факторлар жеткілікті. Олар өзіне сенімді, мықты маман болғандықтан, еліміздегі екі-үш жылдық шартын аяқтап, шетелге кетуге асығады. Сондықтан «Болашақтың» бюджетке салмағын азайтып, шетелдік ғалымдарды елімізге ұзақмерзімді келісімшартпен шақыртып, постдокторант мамандарды үйрету ісін шұғыл қолға алу керек. Ал шетелден келген ғалымдардың насихаты алдағы уақытта ғылыми тартымдылығымызды күшейте түседі. Осыған дейін еліміздің инвестициялық тартымдылығына көңіл бөліп келсек, ендігі кезекте ғылыми тартымды ел болуға ұмтылған жөн. Қолданыстағы «Визитинг профессор» деген бағдарлама үлкен жетістіктерге жеткен профессорларды шақыртумен ерекшеленсе, олардың уақыт тапшылығы мен құлшынысына да назар аударған абзал. Мысалы, Гонконгта TOП-100-ге кіретін университеттерден ғалымдарды шақырту үрдіске айналған. Сондықтан Жапония, Корея, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Канададан ғылымға құштар ғалымдармен жұмыс істеу – уақыт талабы. Бұл үрдіс жолға қойылатын болса, таланттарымыз да өз еліне қызмет ететін болады, – дейді кейіпкеріміз.
АЛМАТЫ