Соның бірі – өзім. Маңғыстау ауданы Қызан ауылындағы Ә.Жангелдин атындағы орта мектепте табан аудармастан 45 жыл ұстаздық еттім. Оның 11 жылында тәрбие ісі жөніндегі орынбасар, 7 жылында мектеп директоры қызметінде болдым. Сол кездегі айлық жалақының өзі қазіргіше есептегенде 100 мың теңгенің көлеміне жетер-жетпес еді.
Қазір облыста, ауданда әртүрлі мерекелік іс-шаралар, айтулы күндер, түрлі жиын-жиналыс өтеді. Бұлардан қала мен аудан басындағы зейнеткер ұстаздар болмаса, ауылдағы ардагер, зейнеткер ұстаздар қалыс қалады. Биылғы жазда Ақтөбе облыстық білім басқармасы 250 ұстазға Тараздың «Меркі» шипажайына тегін жолдама берді. Ақтөбеге қарағанда Маңғыстау «қара алтынға» шомылып отырып, мұндай игілікті іс жасай алмай отыр. Алдағы уақытта да әкімдер мен ағарту саласының басшылары ойланар, ойланар да қолға алар деп үміттенемін.
Мен былтыр және биыл Ақтөбенің Мәртөк ауданы «Зәру» шипажайына 500 мың теңгеге демалып келдім. Онда да зейнетақымды бірнеше ай жинап бардым. Жыл сайын қазан айында тойланатын Ұстаздар күні мерекесі – біз үшін «жабық дүние». Ауыл, аудан, облыс басшыларының ең болмағанда бірауыз жылы сөзі де жоқ. «Қайнайды қаның, ашиды жаның» деп әулие Абай дәл айтып кетіпті-ау...
Жеткіншек Әуелбайұлы,
ардагер ұстаз
Маңғыстау облысы,
Маңғыстау ауданы