Іс-шараға Қазақстан мен Әзербайжанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, түркітілдес елдердің дипломатиялық өкілдіктері мен халықаралық ұйымдарының басшылары, ғалымдар, жазушылар, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Басылымда ұлы ойшылдың туындылары, оның өмірі мен шығармашылығы туралы мақалалар ұсынылған. Сондай-ақ жинақта Абай ескерткіштері мен мүсіндері туралы ақпарат берілген. Басылымның таралымы 500 дана. Сонымен қатар жинақтың электронды нұсқасы да жаппай оқырман үшін қолжетімді.
Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова Абай Құнанбайұлының есімі қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің мәдени мұрасына алтын әріптермен жазылғанын жеткізді.
Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Гюнай Эфендиеваның айтуынша, Қордың кезекті баспа жобасы саналатын бұл жинағында Әзербайжандағы Абай шығармашылығына деген терең сүйіспеншілік пен құрмет көрініс тапты.
Өз кезегінде Халықаралық Түркі академиясының президенті Шаһин Меджид оглы Мұстафаев ұлы философ, ағартушы Абай шығармалары осы күнге дейін өзектілігін жоғалтпағанын ерекше атап кетті. Керісінше, оның мұрасы одан да мұқият және терең зерттеуді қажет етеді, өйткені онда түркі халықтарының ғасырлық даналығы тұнып тұр.
Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Агалар Рагим оглы Атамогланов ұлы ақынның шығармашылығындағы қазіргі қоғамда өте өзекті саналатын гуманизм және адамгершілік идеяларына тоқталды.
Іс-шара соңында Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы мен Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қоры арасында меморандумға қол қойылды. Бұл құжатқа қол қоюдағы басты мақсат – түркі мәдениетінің даму тарихын зерделеу бойынша бірлескен мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруда тығыз ынтымақтастық орнату.