
– Сіз Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісісіз. Сіз лайықты өмір сүріп, көпті көрген адамсыз. Соғыс және соғыстан кейінгі кезеңнің қатал сынақтарына абыроймен төтеп берген батырсыз. Бостандық пен бейбіт аспан үшін, Жеңіс үшін сіздердің алдарыңызда бас иемін. Сіздерге зор денсаулық және сүйіспеншілік, қамқорлық үшін бақытты күндер тілейміз, – деп құттықтады облыс әкімі мен қала басшылығының атынан Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Ринат Қаржасбаев.
Мария Ефимовна 1925 жылы 13 сәуірде Қарағанды облысы Ростовка ауылында дүниеге келген. 1944 жылы 19 жасында әскерге шақырылды. Мәскеу Бас әскери мектебінің әйелдер мергендік мектебінде оқыған, содан кейін 1945 жылдың тамызына дейін 3-ші Белорусь және Украина майдандарында мерген болған. Жеңісті Прагада қарсы алған.
ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» екі медалімен, Кеңес Одағының Маршалы Г. К. Жуковтың медалімен, «Украинаны азат еткені үшін» және жауынгерлік еңбегі үшін алғыс хаттармен марапатталған.
– 9 мамыр – ең атаулы күн. Мен оны әлі күнге дейін толқып, көзіме қуаныштың жасы тола еске аламын. Біз жеңісті күттік және оның келетініне сендік. Ал жастарға мен бір кеңес бергім келеді. Әрқашан қозғалыста болу, жұмыс істеу және жалқауланбау қажет. Үлкендерді құрметтеп, өз құрдастарыңа үлгі болыңдар, – дейді ардагер.
Ардагерді туған күнінде Қорғаныс министрлігінің өкілдері де құттықтады. Қарағанды облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары полковник Еркебұлан Мұстағұлов Мария Шинкевичке министрдің атынан құттықтау хатын тапсырды. Сондай-ақ, ардагерге қонаққа «Жас Сарбаз» мектебінің оқушылары мен Нұркен Әбдіров атындағы мектептің тәрбиеленушілері де барды.
– Өмір барлығына беріледі, бірақ оны осылай абыроймен сүру әркімнің тағдырына жазбаған. Ерліктеріңіз үшін рахмет! Сіз соғыста ғана емес, соғыстан кейін де еңбек етіп, елді қалпына келтірдіңіз. Сіздер сияқты жандардың арқасында біз бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз, бұл біздің батырларымыздың ең жақсы естелігі, – деді қалалық мәслихаттың төрағасы Алтынтөре Бөкенов.
Қарағанды облысы