Әрине, нарықтық қарым-қатынас қарыздың созылуына төзбейді. Ақысы төленбесе, белгілі бір уақыт өткеннен кейін кез келген қызмет жеткізуші сырт айналатыны анық. Дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдардан бастап, зертханалық, ақпараттық жүйелер, науқастарды тамақтандыру, басқа да толып жатқан шығындар медициналық көмектің тұтас режімін жасақтайды. Тауарлар мен қызметтер уақтылы қамтамасыз етілмей, медициналық нысандардың қалыпты жұмыс істеуі мүмкін емес. Қаржылық шиеленіс ауруханалардың аңтарылуына, диагностика мен емдеу хаттамаларының бұзылуына, дәрігерлердің қателікке ұрынуына әкеледі. Бүгінде медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде жұмыс істейтін медициналық ұйымдардың үштен бірінен астамына батпандап кірген. Мұндай жағдайда ұлт саулығына, халықтың өмір сүру жасының ұзақтығына әсер ететін медициналық қызметтің сапасымен қоса, экономикалық қолжетімділігі де дүдәмал болып қалады.
Биылғы шілдедегі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) дерегінше, 537 медұйымдағы кредиторлық берешек көлемі 80 млрд теңгеден асқан. Бұл ретте кредиторлық берешектің 88%-ы жергілікті атқарушы органдар қамқорлығындағы мемлекеттік сектор ұйымдарына тиесілі. Дегенмен сарапшылардың дерегіне сүйенсек, өңірлердің жартысынан астамында көрініс анағұрлым күрделі. Мәселен, жарты жыл ішінде кредиторлық берешектің жалпы сомасы 26,2 млрд теңгені құраған. Бұл – мемлекеттік мекемелер ТМККК және МӘМС шеңберінде жасаған өңірлік шарттар көлемінің 8%-ы (жылдық мәнде). 2023 жылға арналған қор шарттарының 2,5 трлн теңге көлемінен деректерді бүкіл елге шаққанда, саладағы кредиторлық берешек – жылына шамамен 200 млрд теңге көлемінде.
Ағымдағы кредиторлық берешек проблемасының ерекшеліктерін қарастырғанда, мемлекеттік секторда: қарыздың 71%-ы – қалалық медұйымдарға, 29%-ы ауылдық медмекемелерге тиесілі. Стационарлар ‒ 87%, амбулаторлық-емханалық буын мекемелері 13% қарызға ие. Сондай-ақ кредиторлық берешектің орташа мөлшері 323 млн теңгені құрайды. Қарызы бар мемлекеттік медициналық мекемелердің үлесі – 35%, бұл – нарықтағы орташа деңгейден 28%-ға бағаланғаннан біршама жоғары. Осылайша, ӘМСҚ мәліметтері бойынша жарты жыл ішінде 80 млрд теңге, ал жыл қорытындысында 160 млрд теңге кредиторлық берешек құралса, сарапшылар зерттеуінің нәтижесі 200 млрд теңгеге барады. Әрине, медициналық мекемелердің барлық қызметке бағасы елдегі инфляцияға, қосалқы мердігерлердің тәуекелдерді есепке алуы мен төлемнің кешігуіне байланысты шығындардың өсуіне сәйкес шын мәніндегі нәтиже орташа немесе біршама жоғары деңгейде болжанатыны белгілі.
Денсаулық сақтау саласының сарапшылары Марат Қайырленов пен Гүлнар Әміренова миллиардтаған бюджет қаражатына қарамастан, клиникалар үлкен қарызға батып отырғанын айтады. Мәселені зерттей келе, олар жүйелі қаржылық қиыншылықтар жағдайында медұйымдар қаражат тапшылығын шешу үшін қызметкерлерге штаттар мен түрлі төлемдерді, жедел жәрдем бригадаларын, терапевтік учаскелерді қысқартуға, көптеген ауылдық стационардағы штаттық лауазымдар мен төсектік-орындар санын барынша азайтуға мәжбүр екенін анықтаған. Оған қоса қаражатты үнемдеу мақсатында тауарлар мен қызметтердің шығыстары мен сатып алуларына бақылауды күшейтіп, бірінші кезекте тіршілік үшін ең қажетті құралдарды ‒ дәрі-дәрмек, жанармай, коммуналдық қызметтерді қамтамасыз етуге тура келіп отыр. Ал консультациялық, зертханалық, диагностикалық зерттеулерге, қымбат қызметтерге жолдама беру мүмкіндігінше шектелген. Сол секілді сызықты межелік лимиттерін сақтау үшін ауруханалардың басқа өңірлерден бейінді емес пациенттерді емдеуге жатқызғысы жоқ. Бұл амалдау үшін жасалған қисынды шара болса да, клиникалардың кредиторлық берешегі орта есеппен 151 млн теңгені құрауы және оның әрбір үшінші медициналық мекемеге зардабын тигізуі – алаңдатарлық жағдай. Мәселен, 2022 жылдан бері Астана емханаларының жеке медициналық зертханалар алдындағы қарызы 5 млрд теңгеге жеткен. Бұл ақшаға 50-ден аса зертхана салуға болады екен. Archimed+ мәліметтері бойынша, бір зертхананың құны бізде шамамен 85 млн теңгені құраса, 5 млрд теңгеге қанша зертхана ашуға болатынын есептей беріңіз. Егер ӘМСҚ жеке зертханаларды қаржыландырудың орнына ақшаны емханаларда мемлекеттік зертханалар ашуға бағыттаса, қызметкерлердің жалақысына, реактивтерге жұмсалатын бюджет қаржысы үнемделіп, жабдық, ғимарат және басқа да заттар мемлекет меншігінде қалар еді.
Басқармалар болса МӘМС және ТМККК шеңберінде қолда бар қажеттілік үшін қаржыны жеткіліксіз көлемде орналастыру медициналық нарықтың барлық субъектісі үшін күрмеулі мәселе болып отырғанын алға тартады. Тағы бір мәселе ‒ жоспарлы сомадан асып кеткені үшін сызықты межелік бойынша айыппұлдар қолдану. Сызықты межелік жеткізушіге ғана емес, сонымен бірге бірлескен орындаушыларға да қолданылады. Тиісінше, медициналық ұйымдар қосалқы мердігерлердің шығындарын өз қаражаттары есебінен өтеуі керек. Диагностика мен емдеу хаттамасы бойынша пациенттерді белгілі бір саланың маманына және зертханалық зерттеулерге жіберу шарт бойынша жоспардың асыра орындалуына әкеледі, ал сатып алушы шығындарды өтемейді. Пациенттерді ӘМСҚ енгізген медициналық қызмет көрсету лимиттері қызықтырмайды. Өйткені ай сайын медициналық сақтандыруды төлей отырып, олар тегін көмекті талап етеді. Осылайша, МӘМС шеңберінде консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсетуге ақша қаражатының жетіспеушілігі қалыптасқан. Бұдан бөлек, төлемдерді 2 айға кейінге қалдыра отырып, ӘМСҚ қызметтерін сатып алушының шарттық міндеттемелерін уақтылы қаржыландырмауы, кезең жабылғаннан кейін айыппұлдарды төлеуді және қолдануды реттейтін бұйрықтардың енгізілуі, медициналық қызметтер тарифінің төмендігі ахуалды қиын- датып жіберген. Алайда мәселе тек саланы қаржыландыруда ғана емес. Шығындарды басқару мен бақылаудың тиісті жүйесі, сын-қатерден шығудың жолын таба білетін білікті менеджерлер болмайынша, миллиардтаған қосымша қаржы құмға сіңген судай жоғала береді.
Сонымен қатар сарапшылар зерттеуі нарықтың шамамен 30%-ын құраса да жеке медициналық ұйымдардың шығыстар құрылымы немесе кредиторлық берешегі туралы деректер ешбір өңірде жоқ екенін көрсеткен. Өңірлердің тек бесеуі ғана (25%) ведомстволық бағынысты мемлекеттік медициналық мекемелердің шығыстар құрылымы туралы деректерді ұсына алған. Ал негізінде медициналық мекемелер үшін қолданыстағы медициналық қызметтер тарифтерінің қолайлылығы мен тиімділігі, олардың инфляциялық үрдістерге әсері, өңірдегі медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы, саладағы жеке бизнесті қолдау мәселелері жергілікті денсаулық сақтау органдарының күн тәртібінде тұруы тиіс-ті. Нәтижесінде, мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін медициналық ұйымдардың үштен бірі ресми түрде жұмыс істегенімен, пациенттерді дәрі-дәрмекпен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен, консультациялық-диагностикалық бойынша қызметтермен жеткілікті қамти алмайды.
Қордаланған қаржылық қиындықтар науқастарды қажетті ем-домнан айырады. Ал ақылы емделуді халықтың басым бөлігінің қалтасы көтермейді. Демек, денсаулық сақтау саласындағы мәселелердің тамыры терең, салдары ауыр және жедел де жүйелі шешімдерді талап етеді.