Жақында Абзал Серікқалиұлын Орал қаласынан, «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінен көріп қалдық. Ата-анасы, бауырларымен, өз отбасымен түгел келіпті. Өнегелі істерімен айналаға үлгі болған әулетті жерлестері үкілеп, облыс орталығына жіберген екен. Сол жолы қазталовтық Есенғази шаңырағы облыс әкімінің алғыс хаты мен арнайы сыйлығына ие болған еді. Ақжүрек азаматтың ата-анасы, отбасы жайлы жақыннан білгеніміз де сол жолы.
Шынында да Есенғази әулеті ел ішінде адал еңбегімен сыйлы болып жүрген жарасымды отбасы екен. Отағасы Серікқали Орашұлы – қарапайым механизатор. 2015 жылдан бері Қазталов мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында қызмет етеді. Халыққа адал қызмет етіп жүрген нағыз еңбек адамы. Қыста көрші-көлемнің ауласының алдындағы қарды тазалап, жол салып беруге, жазда ауылдың түрлі шаруасына, тіпті даладағы өртті сөндіруге де кірісіп кететін елгезек жан. Биыл алпыстың асқарына жетіп, ақсақалдық жолға түсе бастапты. Ата-тек шежіре жинап, ұлы ұйымдастырған далалық экспедицияларға да қосылып кететіні бар.
Абзалдың анасы Ғалымова Сәндеш Сапиоллақызы 40 жылдан аса уақыт Қазталов аудандық орталық ауруханасында медбике болып қызмет етеді екен. Сонау 1981 жылы Жезқазған медицина училищесін тәмамдаған жас маман содан бері табан аудармастан туған жерінде денсаулық күзетінде жүр. Елдің алғысына бөленген ақ желеңді абзал жан дүниеге 3 ұл әкеліп, азамат етіп қатарға қосқаны да – бір төбе.
Шаңырақ иесі Абзал Есенғазиев Қазталов мектеп-лицейінде қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Абзалдың ақындығы бар, былтыр «Шідерлі шер» атты облыстық жыр мүшәйрасында бас жүлдені жеңіп алған. Одан бөлек, өлкетанушылық қырын жоғарыда айттық. Талай оқушыны аламанға қосып, қаламын ұштап, аудан, облыс көлемінде танытып келеді. 2021 жылы Асылжан Нұртаев деген шәкірті орта мектеп оқушылары арасында өткен облыстық Абай оқуларынан II-орынға ие болған. 2022 жылы сәуір айында «Менің Отаныма – менің бастамам» республикалық шығармашылық жобалар байқауының облыстық кезеңінде «Қазақстанның жеті кереметі» аталымы бойынша II дәрежелі грамотамен марапатталды.
Жалпы, Абзалдың туған жері Қазталов өңірі – еліміздің күнбатыс шекарасында жатқан ерекше тарихи жер. Кезінде Бөкей ордасының Талөкпе қисымы аталған бұл аймақта талай-талай оқиға өткен. Әсіресе ХХ ғасырдың басындағы ақ пен қызыл алмасқан аласапыран тұста болған оқиғалар Кеңес кезінде біржақты ғана жазылды. Өлкенің өткен тарихы, ерекше тұлғалары енді ғана жан-жақты зерттеліп, қағазға түсіп жатыр. Осы майданның алғы шебінде қарапайым мектеп мұғалімі Абзал да жүр.
– Ел ішінде ескі әңгімені көкірегіне хаттаған қариялар әлі де бар. Тек оларды ерінбей тауып, тамырын тап басып сөйлете білу керек, дейді Абзал Серікқалиұлы. Өзі бірнеше жылдан бері өңірдегі араб жазулы құлпытастарды зерттей жүріп, көне жазуды ежіктеп оқи алатын болыпты.
Қазталов ауданының өлкетанушылары, әсіресе биыл жазда көп іс тындырды. Аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың тікелей қолдауымен арнайы топ құрылып, зерттеушілер барлық көне қорымды аралап шықты. Тек құр аралап қоймай, олардың тарихын елден жинап, қағазға түсіріп, жүйелей бастады. Маусым-шілде айларында аудандағы барлық ауылдық округті аралап өткен «Менің Кіші Отаным» тарихи-танымдық экспедициясының толық нәтижесі әлі-ақ жеке жинақ болып көріне жатар. Қосөзен қойнауындағы киелі өлкені барлап, аузы дуалы көнекөздерден ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан аңызға бергісіз ескі әпсаналарды жазып алған өлкетанушылардың олжасы адам айтқысыз.
– Қазталов ауданындағы Тереңкөл және Әжібай округіне шекаралас Аралтөбе сорына жақын, Қалабай қыры маңындағы көне қорымда белгілі тарихи тұлға Байбарақ батырдың шөберелері, Мұса тарханның ұлдары жатыр екен. Көне құлпытастар арасынан 1846 жылы дүниеден өткен Мұсаұлы Дөнейдің есімін оқығанда ерекше сезімге бөлендім. Бұл менің жетінші атам еді. Аллаға шүкір дейміз. Өткенін ұмытпай, шежіре түгендеу қазақ халқының болмысы ғой. «Өлі разы болмай, тірі байымас» деген аталы сөзді ұмытпасақ керек-ті! – дейді Абзал тебіреніспен.
Иә, туған жеріңнің тарихын терең білген сайын ол өзегіңе жақындай түседі екен. Өзіңнің осы жердің шынайы иесі, заңды мұрагері екеніңді осыдан кейін анық бағамдайсың.
Бүгінде Абзал Серікқалиұлы жаз бойы жиған-терген мәліметін сараптап, туған өлке тарихын рет-ретімен қағазға түсіріп жүр. Аудан басшысының «Жазғы экспедицияның қорытындысын тарихи конференциямен түйіндейміз» деген уәдесі бар. Алда жұмыс та, жоспар да көп.
Айтпақшы, Абзалдың алған жары Ақмарал да өзіне сай, Қазталов аудандық орталықтандырылған кітапханада қызмет етеді. Алтын асықтай ұл тәрбиелеп отырған жас отбасы «рухани бай болу, иманды болу, адал жолмен еңбек етіп өмір сүру» деген қағиданы ту етіп келеді.
Батыс Қазақстан облысы