Еселі еңбегі еленіп, айналасындағы жұрттың шексіз алғысына бөленіп жүрген өнегелі әулеттің асқар таудай тірегі Нұрмаханбет Мадалиев 1940 жылы дүниеге келген. Балуан Шолақ ауылында қызыққа толы балдәурен шағын өткізген ол 1972 жылы мал шаруашылығы техникумын тамамдап, әр жылдары жүргізуші-механизатор, тауарлы-сүт фермасының меңгерушісі секілді түрлі қызметтер атқарған.
Нұрмаханбет ақсақал зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырған жоқ. Бейнетке толы шаруаны қолға алуды жөн санаған ол «Қалқа» шаруа қожалығын құрып, жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Көзі тірісінде Төле би ауылының орталығынан 40 адамдық монша салдырған аяулы азаматқа жергілікті атқарушы билік Шу ауданының Құрметті азаматы атағын беріпті. 2017 жылы ардақты ақсақал өмірден өткеннен кейін отбасының отанасы Шымшық Мадалиева ұл-қыздарымен бірге қария аманатына қиянат жасамай, мехнатқа толы тіршілік тізгінін қолына алған.
Шынашақтай кезінен еңбекке араласқан Шымшық апа жұмыс істей жүріп, бес қыз, бес ұлды дүниеге әкеліпті. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен ақ жаулықты кейуана бүгінде 84 жасқа қадам басып отыр. Уақытында еңбек жолын ұжымшарда жұмысшы болып бастаған ол әр жылдары тәрбиеші, тауарлы-сүт фермасының зертханашысы қызметін абыроймен атқарған. Жанарынан мейірім нұры себезгілеп тұратын кейуананың жүзіндегі тарам-тарам әжім сызықтары бейнетке толы жылдардың куәсі секілді.
Өнегелі әулеттің отанасы «Алтын алқа» иегері, еңбек ардагері Ш.Мадалиеваның отбасы қай кезде де әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға қарайласып тұрады. Мұны дәстүрге айналдырған десек те болады. Балуан Шолақ, Бәйдібек, Көктөбе ауылында тұратын аз қамтылған үш бірдей отбасыға Мадали әулеті демеушілік көрсетіп, баспана алып бергенінің өзі үлкен қайырымдылық іс екені даусыз.
Қай кезде де әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созып тұратын Мадалиевтер отбасы өткен жылы ауылдың 20 тұрғынын жеке қаражаты есебінен Түркістан қаласына саяхаттатып, бабалар рухына зиярат жасатыпты. Бұдан бөлек, мұқтаж жандарға тұрақты түрде азық-түлік себетін әперіп, жеке қамқорлығына алған.
Жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын жомарт жан Шымшық апаның еңбегі жергілікті билік тарапынан қай кезде де жоғары бағаланған. Шу ауданының Құрметті азаматы, «Алтын жұлдыз» медалінің иегері Ш.Мадалиеваның жақсы істері «Зерде» және «Алтын алқалы аналар» жинағына еніпті.
«Қайсыбір отбасына немесе жеке азаматқа қолдан келгенше көмек берсек, 3-4 күннен кейін сол жақсылық өзімізге еселеп қайтып жатады. Соған қарағанда бізге деген Құдайдың көзі түзу деп пайымдаймын. Ең бастысы, дұрыс жолда жүрміз. Тоқсаныншы жылдардың бастапқы кезеңінде жағдай айтарлықтай қиындады ғой. Ол кезде істемеген шаруамыз жоқ. Кейіннен отағасы «Қалқа» шаруа қожалығын құрамын деп жер алды. Бабалардан қалған жолды жалғап, төрт түлік мал өсірдік. Тұз, қарбыз әкеліп саудаладық. Қолдан келген тірліктің бәрін істедік қой. Қысқасы, ұл-қыздарымызды қалай жетілдіреміз, өсіреміз, оқытамыз деп барымызды салдық», дейді Ш.Мадалиева өткен шаққа көз жүгіртіп.
Ата-анасының мейірім шуағына шомылып өскен әулеттің үлкені Құрманғазы Алматы медициналық институтын бітірген. Сан түрлі жолдан өткен ол бүгінде медицина ғылымдарының кандидаты, жүрек ауруларының жоғары дәрежелі маманы ретінде дертіне шипа іздегендерге көмек қолын созып жүр. Қазіргі кезде Қазақ ғылыми ішкі және жүрек ауруларын зерттеу институты клиника бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарады. Құрманғазының еңбегін жоғары бағалаған жауапты сала оған «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағын беріпті. Сондай-ақ ол – «Ақ жүрек» сыйлығының иегері.
Отбасының үлкен қызы Дина Алматы теміржол институтын бітіргеннен кейін туған жерге туын тігіпті. Шу теміржол бекетінде 30 жылдан аса уақыт бойы қауіпсіздік инженері болып еңбек еткен ол, бүгінде жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Мейрамханалар жүйесінің директоры ретінде нәпақасын айырып жүр.
Қалай алып қарасақ та, Мадали отбасының мүшелері түрлі салада жемісті еңбек етіп келеді. Он ұл-қызының барлығы да еңбегіне сай түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болған.
Мадали әулетінің немерелері де үлкендер салған үлгілі жолды жалғап келеді. Атап айтқанда, Шымшық әженің 5 немересі мемлекеттік қызметші болса, екеуі – дәрігер, үшеуі – жеке кәсіпкер, екеуі – ұстаз. Сондай-ақ кейбір немерелері жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.
«Өмірде қолдан келіп жатса, қайырымдылық жасағаннан асқан ізгі іс жоқ. Балаларыма қайырымдылықты көп жасай беріңдер деп өсиет айтып отырамын. Осы күнге жеткізген, балаларым мен немерелерімнің қызығын көрсеткен Аллаға сансыз шүкір. Еліміз аман, халқымыз қуатты болсын! Күніміз бейбіт, аспанымыз ашық болғай», дейді аузы дуалы кейуана.
Өздері тұратын ауылға ғана емес, көршілес елді мекендердің де тұратын аз қамтылған отбасыларды да қамқорлығына алған Мадали әулетінің ізгілікке толы ісі кімге болса үлгі екені анық. Қолда барын басып жеуді емес, айналасына шашып жеуді дәстүрге айналдырған әулеттің өнегелі ісін өзге де қалталы азаматтар жалғастырса, аз қамтылған отбасылардың мәселесі өздігінен шешілер ме еді деп те ойлайсың кейде...
Жамбыл облысы,
Шу ауданы