Тарих • 08 Қазан, 2023

Жақсының күлкісі де жақсы

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көп жыл бойы Республи­ка­мызға басшылық жа­саған, ха­лықтың құр­ме­­ті­не бөленген дара тұл­ға – ­Дінмұхамед Ахмет­ұлы Қонаев­­­тың 1975 жы­лы ­Жамбыл облысының Мо­­­йын­құм ауданына барғаны ту­­­ра­­лы «Egemen Qazaqstan» газе­­­­­тіне (8 қыр­күйек 2022 ­жыл) ­жаз­­ған­быз. Енді осы тақы­рып­­қа қайта ора­луға тура келіп тұр. Оған се­беп – жеке мұ­ра­­­ғатымда сақ­талған мы­на сурет.

Жақсының күлкісі де жақсы

Адамның адамдық сын-сипа­тын анықтайтын қадір-қасиеттер аз емес. Соның бірі – көңіл-қошының кө­­теріңкі, жаны­ның жайдары кезін жар­­қыратып көр­сететін, сыртқы бет-бей­несінен ғана емес, ішкі дүниесі­нен де айқын хабар беретін сезімінің ­бір сәу­лелі сәті күлкісі болса керек.

Күлкінің сан алуан түрі бар... Мұ­ны қазақ атамыз баяғыда-ақ айтып қойған! Сол сияқты оның бәрін өз шығармаларында кейіпкерін бейнелеу, бедерлеу арқылы жіліктеп, жіктеп көрсеткен қаламгерлеріміз де жетеді. Сондай-ақ, сықақшы ақын, сатирик жазушыларымыз да әзіл-шыны аралас, түрлі-түрлі күлкіні тізбелеп, тізіп бергенін білеміз...

Мына суретте Димаш атаның мо­йын­құмдықтармен кездесуінің бір сәті көрініс тапқан. Үлкен кісі­нің шын жү­рекпен күлгені... Ел бас­шысының кең жай­лаудай жа­йылған, көрікті көл­дей көлкіген кө­ңілі... Халқын сүйген қайраткердің нағыз қазақы қалпы...

Сол жақтан бастасақ, сурет­те Жам­был облыстық партия коми­те­ті­нің бірінші хатшысы Хасен Бектұрғанов, аудан­дық ауыл шаруашылығы басқар­ма­сының бастығы Қаратай Адамбаев және соғыс ардагері, сол тұстағы Фурманов атындағы кеңшардың кә­сіп­одақ комитетінің төрағасы Әли­­хан Есжанов (ақ жейделі) тұр. Ал рес­­пуб­ликадағы ең жоғар­ғы лауа­­зымдық қызметіне қарамас­тан қара­пайымдылық пен кішіпейілділіктің үлгілі үрдісімен Димекеңнің өзі қолтығынан ұстаған ақ сақалды қария – Фурманов атындағы кеңшардың озат малшысы Қоңқа Орманбеков.

Көзін көргендердің айтуынша, ол кісі әзіл-қалжыңды ұнататын, қуақы тілді адам екен. Сондықтан сол шақта барлығын да қатты күлдіретін сөз айтқан болуы керек...

 

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

журналист

 

Алматы облысы,

Қарасай ауданы

Соңғы жаңалықтар

Жаңа жылдың тарихы қандай?

Қоғам • Бүгін, 18:30