Аймақтар • 08 Қазан, 2023

Қайсар жандарға арналған кешен

222 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жетісуда мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік беретін спорттық-оңалту орталығы ашылды. Тірек-қимыл жүйесі зақымданған адамдарды қалпына келтіруге жәрдемдесетін нысан халыққа тегін қызмет етеді. Ең ғажабы, соңғы үлгідегі заманауи техникамен жабдықталған. Жүздеген жанның үмітін жаққан орталықта білікті мамандар жұмыс істейді.

Қайсар жандарға арналған кешен

Бұл орталықта негізінен омырт­қаның түрлі жарақат­тары­нан, инсульттан, балалардың це­ребральды сал ауруы кезінде, І-ІІІ топтағы мүгедектіктен кейін оңалту жүргізіледі. Мемлекеттік тапсырыс арқылы облыстық бюджеттен халыққа осы орталықта тегін негізде оңалту қызметтерін көрсету үшін 80 млн теңге бө­лінген. Жылына 400-ге дейін адам қабылдай алады.

Маңызды әлеуметтік нысан­ның ашылуына облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, орталықтың бас­шысы әрі негізін қалаушы Ел­дос Баялышбаевқа алғысын біл­дірді:

«Бүгін біз Талдықорған қала­сында «Асар» оңалту кешенінің ашылғанына куә болып отырмыз. Бұл оңалту орталығы ерекше қажеттіліктері бар халыққа сапалы қызмет көрсетуге жәрдем­деседі деп санаймын. Баршаға кедергісіз, қолжетімді орта құру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты және бүкіл қоғамның міндеті. Бұл туралы Мемлекет басшысы үнемі айтып отырады. Биыл 162 әлеуметтік нысанды бейімдеуге 472,6 млн теңге бөлінді. Бұдан әрі осы бағыттағы жұмыс жалғасады, деді Б.Исабаев.

Жалпы, өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғаммен қатар өмір сүру үшін жағдай жа­салып келеді. Мәселен, биыл Тал­дықорғанда «Қамқорлық» қорымен бірлесіп аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталық ашылған. Қазір оның базасында 18 жастан асқан азаматтар үшін де жағдай жасау жоспарланып отыр. Одан бөлек, Алакөл ауда­нының Ақши ауылында, шипалы көлдің жағасында биыл күрделі жөндеуден өткен аудандық резиденция базасында жазғы демалыс үшін балаларды оңалту лагері ашылды. Осы жазда 140 бала демалған. Бұған қоса Балқаш көлінің жағасында да осындай орталық салу жоспарда бар. Ең ғажабы онда қабылдайтын адам саны Алакөлдегі лагерьден кө­бірек болады. Бұл үшін алдымен жолды аяқтап, содан кейін ин­женерлік инфрақұрылым салу қажет. Қазір соған сай өңірде жұмыстар жүріп жатыр.

Талдықорғанда оңалту қыз­меттері 300 адамға көрсетіліп отыр­са, соның 54-і – бала. Осы ізгі­лікті істің басында жүрген оңал­ту орталығының басшысы Ел­дос Баялышбаевтың еңбегі зор. Оған облыс басшысы жұртшылық атынан алғысын білдірді.

«Мен бұл орталықта болған­мын. Бүгін ашылуы өткізіліп отырғанына қуаныштымын. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Мұнда газ тартып береміз, шамамен 1,5 ай ішінде жұмысты аяқтаймыз. Осындай орталықтар ерекше күтімге мұқ­таж азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық ортаға бейімделуіне, сондай-ақ көрсетілетін оңалту қызметтерінің сапасын арттыруға ықпал ететініне сенімдімін», де­ген Б.Исабаев бұдан әрі Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің құттықтау же­делхатын оқып берді. Онда Е.Баялышбаевтың әлеуметтік қор­­ғау ісіне қосқан үлесі аталып өті­ліп, орталық басшысы мен ұжы­мының атына тілектер жолданды.

Қатысушыларды орталықтың ашылуымен Талдықорған қала­сының «Ер» тірек қимыл жүйесі зақымданған мүгедектердің қо­ғам­дық бірлестігінің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Роза Ақжаркенова құттықтады.

«Елдос, сенің біздің қала­мызда болғаныңа ризамын. Бәрі не­ден, қалай басталғанын бі­ле­міз және осындай жағдайға жетіп отырғаның – өзіңнің қа­жыр­лы еңбегіңнің нәтижесі. Кө­бісі орталыққа арбамен кіріп, оңал­тудан кейін балдақпен шы­ғады. Елдосқа қолдау көрсетіп, жобаны жүзеге асыруға кө­мек­тескендердің барлығына шын жү­ректен алғыс білдіремін, өйт­кені бұл жай ғана пайдалы іс қана емес, нағыз игі, ізгі іс. Ден­­деріңіз сау болсын, өмірді ба­ға­лаңыздар және бір-біріңізге қам­қор болыңыздар», деді Р.Ақ­жаркенова.

Одан кейін орталықтың директоры Е.Баялышбаев қолдау көрсеткен әрбір азаматқа алғысын айтып, орталықтың құрылу тарихынан сыр тартты.

«2015 жылдан бастап осы жобаны іске асыра бастадым, үш жыл қатарынан «Сәби» қорының «өз бизнесіңді құр» конкурсына қатыстым. Үшінші жыл дегенде жеңіске жеттім. Сонымен қатар әр жылдары Жапония елші­лігінің жабдық сатып алуға бе­рілетін «Шөп тамырлары» грантын екі рет жеңіп алдым. Айтпақшы, халықаралық грантты бір адамның екі рет ұтуы әлемдегі екін­ші жағдай екен. Бұл заманауи жетілдірілген жабдықты сатып алуға үлкен қолдау болды. «Даму» қорының жеңілдік шарттары бар кредиттік қаражатын да пайдаландым. Әкімдік маған құрылыс салатын жер телімін берді. Жал­пы, көп уақыт кетті, қаншама күш жұмсалып, жұмыс істелді. Соның бәрі нәтижесін берді. Бүгін орталық ресми түрде ашылып отыр. Біз хабарласқандардың барлығына көмектесуге тырысамыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өз ұжымыма алғысымды білдіремін. Бастапқыда бізде 4-5 адам ғана жұмыс істеген, қазір олардың саны 30-ға жуықтады. Сіздер болмасаңыздар, осындай жетістікке жетпес едім», деді Е.Бая­­лышбаев.

Өңір әкімінің баспасөз қыз­метінің мәліметінше, «Асар» спорттық-оңалту орталығы ғи­ма­ратының жалпы ауданы 700 шаршы метрді құрайды. Физио­терапия, кинезотерапия каби­неттері, массаж және емдеу ка­би­неттері, психолог және лого­пед кабинеттері, буфет бар, ке­­дер­гісіз орта қалыптастыру үшін бар­лық жағдай жасалған. Жо­­ба­ның жалпы құны – 120 млн теңге. Мемлекеттік әлеуметтік тапсы­рыс арқылы орталықта қыз­мет­тер тегін көрсетіледі, мұнда қыз­­мет алу үшін дәрігердің та­ғайын­дауы қажет.

Жалпы, «Асар» спорттық-оңалт­у орталығының жоғары тех­нологиялық жабдықтары ерекше. Мысалы, испандық экзоскелет адамға қайтадан жүруді үйренуге көмектеседі. «Бұл салмағы небәрі 17 кг болатын модель, ресейлік өндіріс моделінің салмағы – 46 кг. Елімізде мұндай модель жоқ, бұл модель қозғалыс дат­­чиктерінің функциясына ие. Тре­нажердің құны – шамамен 107 млн теңге», деп түсіндірді орта­лық директоры.

Заманауи емдеу жабдық­та­рының тағы бірі – «Луна» көп­функционалды роботтанған оңалту жүйесі. Бұл ерекше тренажер неврологиялық және ортопедиялық патологиясы бар, бастан өткерген жарақаттары мен ауруларына байланысты қозғалыс бұзылыстары бар науқастарды емдейді. «Асар» орталығында АҚШ, Жапония, Германия, Ита­лия, Ұлыбритания, Испания, Поль­шадан әкелінген ересектер мен балаларды оңалтуға арналған 30-дан аса тренажер мен арнайы жабдық бар.

 

Жетісу облысы