Қоғам • 09 Қазан, 2023

Жаңа тарифтік саясат салмағы

361 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторындағы желілердің тозғанын айтып, «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясатына көшу туралы айтқан еді. Бұл жаңашылдық инфрақұрылымға инвестиция салуды және ашықтықты қамтамасыз ету үшін мемлекеттік мониторинг жүйесіне қатысуды көздейді.

Жаңа тарифтік саясат салмағы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бүгінде Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасын орындау үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына инвестиция тартуға «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатына көшуді қамтамасыз ету жөнінде бағдарлама бекітілген. Енді осы бағдарламаны іске асыру барысында 2023-2029 жылдарға 3 мың шақырымға жуық коммуналдық желілерді, оның ішінде сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғырту үшін 400 млрд теңге инвестиция тарту көзделіпті. Бұл 2029 жылға қарай желілердің тозуын шамамен 20%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Биыл жыл басында «Табиғи монополиялар туралы» Заңға түзетулер енгізілді. Осы жөнінде Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу коми­те­тінің Сумен жабдықтау және су бұру саласындағы реттеу басқармасының басшысы Айнұр Ибраева тарқатып айтып берген еді.

«Қабылданған түзетулер шеңберінде осы жылдың екінші тоқсанында Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті сумен жабдықтау және су бұру саласында тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге қатысты 30 өтінім бекітті. Бұл шаралар табиғи монополиялар субъектілеріне қосымша инвестиция тарту есебінен жөндеу жұмыстарын ұлғайту жолымен коммуналдық желілердің тозуын 2029 жылға 20% төмендетуге жол ашады. Сондай-ақ авариялар санын, ажыратулар мен шығындарды азайтуға, реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын және сенімділікті жақ­сартуға мүмкіндік береді», дейді басқарма басшысы.

Осының есесіне табиғи моно­­полиялар субъектілері қыз­меткерлерінің жалақысын сала­лық орташа көрсеткішке дейін арттыруға болады екен. Мысалы, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы шамамен 50 мың қызметкердің табысын 135 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін ұлғайту жоспарланыпты. Сонымен қатар 2,7 мың шақырымнан аса иесіз сумен жабдықтау және су бұру желілерін сенімгерлік басқаруға, коммуналдық меншікке беру көрсетілетін қызметтердің тұрақ­тылығын қамтамасыз етуге мүм­кіндік бермек.

Табиғи монополиялар субъек­ті­лерінің тиімділігін арттыру­ мақсатында халықаралық ұйым­дардың консультанттарын тарта отырып, тарифтік әдіс­наманы реформалау бойынша жұмыс үйлесім тапқан. Жаңа тәсілдер салаға ұзақмерзімді инвестицияларды тартуға, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, шығындарды қысқартуға мүм­кіндік береді. Одан әрі тарифтік саясат тұтынушының қаражатын мақсатты пайдалануды қатаң бақылаумен, халықтың мұқ­таж топтарын әлеуметтік қол­даумен, табиғи монополия­лар саласындағы қызметті мем­ле­­­кеттік реттеу рәсімдерінің жария­лылығын қамтамасыз етумен сүйемелденеді. Бір сөзбен айтқанда, тарифтік саясат сумен жабдықтау және су бұру желілерінің жұмысын одан әрі сенімді қамтамасыз ету үшін инвестиция тартуға бағытталған.