Норвегиялық Нобель комитеті Тегерандағы Эвин түрмесіндегі Наргиз Мохаммадиді бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығына лайықты деп ұйғарды. Лауреат 2016 жылы өлім жазасын алып тастауды жақтайтын құқық қорғау қозғалысын басқарғаны үшін өз елінде 16 жылға бас бостандығынан айырылған еді. 2020 жылы босатылғанымен, 2021 жылдың соңына қарай қайтадан түрмеге қамалған.
Кіл мықтыларды Швеция Корольдік Ғылым Академиясы, Швеция Академиясы, Каролин институты және норвегиялық Нобель комитеті алты түрлі сала бойынша таңдайды. Сыйлық физика, химия, әдебиет, медицина, экономика және бейбітшілік бойынша ең табысты деп танылған тұлғаларға немесе ұйымдарға беріледі.
Биыл физика саласында Нобель сыйлығы атомдар мен молекулалардағы электрондарды зерттеген ғалымдарға бұйырған. Огайо университетінен (АҚШ) Пьер Агостини, Макс Планк институтынан Ференц Краус және Мюнхендегі Людвиг-Максимилиан университетінен (Германия) және Лунд университетінен (Швеция) Энн Л-Юле Нобель сыйлығының лауреаттары атанды.
Ал физиология немесе медицина бойынша халықаралық сыйлық мажар биохимигі мен америкалық азаматқа пандемия кезінде «Pfizer» және «Moderna» вакциналарын жасауға сеп болған технологиясы үшін берілген.
«Каталин Карико мен Дрю Вайсманның ашқан жаңалықтары 2020 жылдың басындағы пандемия кезінде COVID-19-ға қарсы тиімді мРНҚ вакциналарын жасауда шешуші рөл атқарды», деді Нобель комитеті.
Әдебиет бойынша Нобель сыйлығын норвег жазушысы Юн Фоссе алды. Марапат автордың шығармаларында сөйлеу құқығынан айырылған адамдардың ішкі дауысына ерекше назар аударатыны үшін ұсынылған. Оның ең алғаш 1983 жылы «Қызыл, қара» прозасы көпшілікке жол тартқан. Бүгінде романдары әлемнің бірнеше тіліне аударылған. Театр сарапшыларының сөзінше, Фоссе шығармаларының сюжетін кейіпкерлердің күшіне емес, өзіне сенімсіздігі, өлімнен қорқуы, күмәндануы сынды әлсіз тұстарына негіздеп құрайды.
«Фоссе – Еуропа театрларында ең сұранысқа ие драматургтердің бірі. Оның модернизмге жақын туындылары, адамның ішкі үрейіне негізделген пьесалары танымал болуына ықпал етті», деді Нобель комитетінің әдебиет бағыты бойынша төрағасы Андерс Олссон.
Кванттық нүктелерді ашуға және синтездеуге қатысқан үш ғалым химия саласы бойынша үздік деп танылды. Осылайша, Нобель сыйлығын Америка ғалымдары Мунги Бавенди, Луис Брюс және ресейлік Алексей Екимов алды.
Енді экономика бойынша сыйлық бүгін белгілі болады. Салтанатты марапаттау рәсімі дәстүр бойынша Нобель өмірден өткен күні 10 желтоқсанда ұйымдастырылады. Сыйлықақы сомасы 11 миллион швед кронын құрайды.