Бұған дейін жазғанымыздай, Павлодар қаласында мемлекеттік тілді еркін меңгерген этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форум өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық, өңірлік және қалалық этномәдени бірлестіктерінің мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдері жиналған маңызы зор жиын аясында «Мемлекеттік тілді меңгерудің үздік тәжірибелері» шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Мұнда қатысушылар әдіскерлер мен тіл мамандарының, цифрлы форматтағы тілдік білім беру платформаларының өкілдерінен пайдалы ақпараттар алды.
Тіл жанашырларының айтуынша, қазіргі күні мемлекеттік тілдің мәртебесі биіктеп, қоғамдағы маңызы еселене түскен. Салыстырмалы түрде алсақ, өткен ғасырдың 60-жылдары еліміздегі халықтың 29 пайызын ғана қазақтар құраса, қазіргі күні ресми статистика 70 пайыздан асқанын растап отыр. Кеңес өкіметі тұсында жоғары білімнің барлығы дерлік орыс тілінде жүргізілсе, қазір студенттердің 70-80 пайызы өз ана тілінде білім алып жатыр. Кейбір өңірлердегі қазақтілді мектептердің үлесі 80 пайыздан асты. Әрине, тілдің қолданыс аясына қатысты күрделі мәселелер бар. Дей тұрғанмен, мемлекеттік бағдарламалар мен жекелеген энтузиаст азаматтардың күш-жігерінің арқасында өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге деген ынтасы оянып келеді. Жағымды үрдіске қазіргі күні еліміз жастары арасында қазақ тілі мен ағылшын тілін ұштастырып, осы бағытта белсенді еңбектеніп жүргендердің де қосып отырған үлесі зор деп санайды мамандар. Мысал үшін әлемге әйгілі «Хәрри Поттер», «Норвег орманы» кітаптары ағылшын тілінен тікелей қазақшаға аударылды. Бұл – тіліміздің аудармадағы бірегейлігін сақтап қалудың бірден-бір жолы. Батыста білім алған жастардың өз ана тіліне келгенде патриоттық сана-сезімге берік екені де байқалады. Осындай оң үрдістер өзге ұлт жастарын қазақ тілін үйренуге құлшындыратыны сөзсіз.
«Ситуативті қазақ тілі» кітабының авторы Қанат Тасыбеков тілді үйренуге елімізде ғажап мүмкіндіктер жасалғанын жеткізді. Адамдар тегін әрі ақылы үйірмелерге бара алады. Яғни тілді үйренуге қатысты кедергі жоқ. Бұл арадағы мәселе ниетке байланысты. «Көп ұлт пен ұлыс өкілдері балабақшадан бастап қазақ топтарына барып, мектепте де сол тілде білім алып келеді. Мемлекеттік тіл халықтарды жақындастырудың үлкен факторына айналды. Азаматтар оны саналы түрде түсінген сайын балаларын қазақ мектептеріне бере бастады. Яғни өзге ұлт өкілдерінің санасы заманмен бірге өзгере түскені байқалады», дейді ол.
Қазақ тілін үйрететін мектептің негізін қалаушы Сергей Хван «Kaz_uroki» жобасын таныстырды. Бұл – ұялы телефон арқылы мемлекеттік тілді меңгертуге арналған онлайн мектеп. «Біз өз әдістемемізде материалды интерактивті және заманға сай форматта ұсынуға көңіл бөлеміз. Іш пыстырарлық әдебиеттерден гөрі адамдар ақпаратты көңілді әрі танымал бейнероликтер арқылы тез ұғынады. Ақпаратты дұрыс жеткізу үшін қысқа аудиошпаргалкаларды пайдаланамыз. Біз үшін азаматтардың қазақ тілін шынайы өмірде қолданғаны маңызды. Сабақтарды қызықты ету үшін кейде қазақтың аңыз-ертегілерін қосуға тура келеді. Себебі қазақ тілі қазақ халқының мәдениетімен тығыз байланысты», дейді маман.
«Алға, Петербург!» You Tube каналының негізін салушы, танымал блогер Иван Червинскийдің қазақ тілін үйреніп жүргеніне біраз уақыт болып қалған. Ол биыл қызы Еваның Алматы қаласындағы қазақ мектебінің табалдырығын аттағанын мақтанышпен жеткізді. Қазақ болуды қалайтын Иван Қазақстан азаматтығын алуға аса ынталы. Оның қазақ еліндегі өнер қайраткерлері, танымал тұлғалар жайлы бейнероликтерін мыңдаған адам тамашалап, шет мемлекеттердің тұрғындары ел мәдениетіне қатысты көкжиектерін кеңейтіп келеді. Иванның айтуынша, Қазақ еліне деген құмартушылық әлемге әйгілі әнші жұлдызымыз Димаш Құдайбергенге деген сүйіспеншілігінен басталған. «2017 жылы Димаштың әнін алғаш естігенде мен қазақ халқының өнері мен руханияты тылсымға толы, шетсіз-шексіз екенін бірден байқадым. Ол жайында түсірген алғашқы роликтеріміз You Tube-те миллиондаған қаралым жинады. Біраз жылдан соң Қазақстанға келгенде, мұндағы халықтың қонақжайлығына керемет таңғалдым. Менің әкем – украин, ал шешемнің арғы тегі түркілерден тарайды. Өзім Ресейдің Санкт-Петербург қаласында туғанмын. Қазақстанға жасаған сапарларымнан келешегімді осынау жарқын мемлекетпен ғана байланыстыра алатынымды ұғындым. Сөйтіп, биыл жаздың басында зайыбым екеуміз ақылдаса келе, Қазақстанға қоныс аударуды ұйғардық. 1 қыркүйек күні үстіме қазақтың шапанын киіп, қызымды қазақ мектебіне жетелеп апардым. Қазақ тілін біртіндеп меңгеріп жатырмын. Бұйыртса, жақын уақытта тілді меңгеріп, қазақтың мәдениетін терең тани түсуді жоспарлап отырмын», деп ағынан жарылды Иван Червинский.
Айта кетейік, Иванның қазақтың салт-дәстүрі мен бірегейлігін, еліміздегі танымал тұлғаларды ТМД елдеріндегі орыстілді көрерменге You Tube арқылы үнемі насихаттап жүргені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан тыс қалмады. Ел Президенті оған Алғыс жариялап, құрмет көрсетті.
Форумға қатысушы жастар үшін екікүндік жиын қызықты әрі мағыналы өтті деуге толық негіз бар. Екінші күні Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарының белсенділері мен этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары форум қатысушыларын ҚХА трамвайымен Павлодар қаласының көрікті жерлерін аралатып, экскурсия жасады. Жастар ән салып, суретке түсті. Бұдан соң белсенді жастар Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде болып, өңіріміздің мәдени-әдеби өмірінен сыр шертетін жәдігерлермен
танысты.
Павлодар облысы