Баға • 09 Қазан, 2023

Жемшөп жылдағыдан қымбат

234 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жемшөп жылдағыдан қымбат

Табиғаттың тап биылғы тосын мінезі тірнектеп тірлік жасаған жандар үшін аса бір тәуір болмай тұр. Содан да шығар биылға жемшөп да­йындау науқаны жылдағыдан баяулау әрі нашар өтті. Шабыттанып шалғы салатын шөптің өзі де сұйық, кей жерлерде ол тіпті жаз басталмай қурап та қалған. Бар болғанның өзінде ылғал жетіспей, тарбиып өспей қалды. Құнарлылығы да кемшін секілді. Шабындық жер де бұрынғыдай шалқып жатқан жоқ, тарылған. Техниканың тозыңқырап тұрғаны тағы бар. Осындай себептерге байланысты жемшөп дайындау нормасы орындалмай қалып жатыр. Дегенмен кей облыстар мал азығын мезгілінде дайындап, «енді мұртымызды балта шаба қоймас» деп маңғазданады. Бірақ бұндай берекелі өңірлер, тіпті саусақпен санауға да келмейді. Артылғанын жоқ өңірлерге жоғары бағамен саудалап жатқандар да баршылық. Көзін тапқандар бағаны көтеріп, жоқтан пайда көрсем деп жанталасу үстінде.

Ал қат дүниенің қымбаттай беретіні – сауда заңдылығы.  Қалай десек те қылышын сүйреткен қыс – қыр астында. Енді егістен қалған сабанды әупірімдеп талғажаулыққа даярламаса, көктің де сарғайып сола бастағанын көңілді  басатындай. Қош, сонымен өңірлердегі тілшілеріміз, жемшөп қоры мен қазіргі бағаның жағдайына үңіліп көрді.