Ұлытау аймағындағы туризмді дамыту мәселесі қаралған жиынға Парламент Мәжілісінің депутаты, кеңес төрағасының орынбасары Ж.Әшімжан, Ұлытау облысы мәслихатының төрағасы Б.Шыңғысов, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Д.Рыспеков, кеңестің өңірлік мүшелері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
А.Әлтай жиынға қатысушыларды аймақта туризмді дамытудың жай-күйіне қатысты жетістікті ғана емес, кедергі келтіретін мәселелерді де ортаға салуды ұсынды. Облыс әкімінің орынбасары Д.Рыспековтің баяндамасынан өңірде ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе жоқтығы аңғарылды. Ізденістер бар, бірақ түйінді тұстар көп.
Ұлт ұясы атанған Ұлытау – тарихи-мәдени ескерткіштерге өте бай аймақ. Нақты айтқанда, облыс аумағында мұндай ескерткіштер саны 494 десек, соның 17-сі республикалық маңызға ие. Сондай-ақ аймақта 35 қасиетті нысан бар, мұның 25-і жалпыұлттық маңызды нысан болып саналады.
Облыс аумағында археологиялық жұмыстар одан әрі жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатта биыл республикалық бюджеттен 54 млн теңге қаражат бөлініп, Лақпай, Ақтас, Құжал, Ақсай қорымдары мен Алтын Орда дәуіріне жататын «Талмас ата» кесенесінің маңайында қазба жұмыстары жүріп жатыр. Әрине, алдағы уақытта бұл нысандардан тың жаңалықтар ашылып, туристік бағытты толықтыруы мүмкін.
Жиында сөз алып, ойын ортаға салған қоғам белсендісі А.Сүлейменов, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Ш.Үмбетов, қолөнер шебері, «Білеуті» этноауылының жетекшісі К.Байділдинов, «Ұлытау» ұлттық музей-қорығының басшысы Ә.Күзербаев, т.б. өңірде туризмді дамытудың кешенді жоспары, нақты жобасы жасалмай отырғанына қынжылыс білдірді.
Туризмді дамыту үшін жарқыраған жол, қолжетімді байланыс, сапалы сервис керек десек, осы үшеуі де облыста бір жағына қарай қисайып жатыр. Қомақты қаржыға салынған Жошыхан кешенінің де келешегі бұлыңғыр тартып барады. Өйткені мұнда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға мүлдем мүмкіндік жоқ. Жиынға қатысушылар Мәжілістің қос депутатына осыған тікелей араласуды ұсынып, мәселені шешуді тапсырды.
Атағы дардай Хан ордасының хал-күйі қалай? Алыстан ат арылтып жеткен турист сол жерге барғанда не көреді? Теректі әулие ескерткішінің мүлдем қараусыз жатуын қалай түсінуге болады? Қараусыздықтың салдарынан бұл жердегі тасқа басылған суреттер, петроглифтер жойылып кетпей ме? Ішкі туризмді дамытудың өзі жолға қойылмаған. Жезқазған – Қызылорда, Жезқазған – Арқалық көлік жолдарының нашарлығы да туризмді дамытуға кедергі келтіріп отырғаны түсінікті. Бірақ туристік бағыттарды анықтап, жол бойында кэмпингтер, санитарлық-гигиеналық тораптар, қарапайым дәретханалар салуға болмай ма? Өкінішке қарай, облыста мұндай жұмыстар да әлі қолға алынбаған.
Кеңеске қатысушылар осындай толғақты мәселелерді ортаға салды. Жиын қорытысында облыс басшылығына бірқатар ұсыныс жолданды.
Жезқазған