Мирас • 09 Қазан, 2023

Домбыраны кәсіби оқу мен тоқу

286 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Домбыра – қазақ халқының өмірі мен тұрмысына ежелден етене сіңген, ойын-тойы мен сал­танатының және қайғы-мүңы­ның куәсі, өнерпаз адамның жан­серігі болған қасиетті де киелі му­зыкалық аспабы екені көпке белгілі. «Домбыра харам» деген дүниелер қазақтын қасиетті музыкалық аспабының арғы-бергі тарихынан бейхабарлығын көрсетеді. Керек десеңіз, домбыраны музыкалық арнайы оқу орындарында оқытудың өзін­дік қалыптасқан толыққанды әдістемесі бар, бұл салада ал­дыңғы буын ағалар көп тер төкті. Олар­дан кейін бұл бағыттағы әдіс-тә­жірибелерді ғылыми жа­ңалық­тарымен байытқан ға­лымдар легі музы­калық педагогика мен методиканы және ұлт­тық танымды қатар дамытты, сонымен бірге дом­быра репер­туары­ның кеңеюіне де өзіндік еңбек­терін сіңіре алды.

Домбыраны кәсіби оқу мен тоқу

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазіргі кезде де бұл жұмыстар қар­­қынды жүргізіліп отыр. Күй жи­нақ­тарының түсіндірмелерінде мето­дикалық нұсқаулықтар және әдістемелік түсін­дірмелер бар. Осы салада еңбек еткен ұстаздардан – Е.Үсенов, А.Үлкенбаева, Е.Мұс­тафаев, Т.Әліпбаев, Н.Тапалов, М.Нүкеев, Е.Басығараев, Б.Әбенов, Ж.Қа­­дырқұловтарды атауға болады. Күй жи­нақтары, педогогикалық репер­туар және хрестоматия кітаптарын жаз­­­ған осынау әдіскерлеріміз домбы­ра аспабының методологиясына ай­тар­лықтай жаңалықтар енгізді.

Өткенді саралай келе біз аталған еңбектер үшін қуанамыз, домбыраға арналған шығармалардың көбеюіне көңіліміз марқаяды. Дегенмен, қазіргі замандағы білім беру жұмысында қор­даланып қалған біршама мәселе бар екенін де айтпауға болмайды. Ке­ңес үкіметі кезеңінде жарық көрген әдіс­темелік нұсқаулықтардың озық үлгі­лерін пайдалана отырып, жаңа дәуір бағдарламасын түзіп, жаңаша даму жо­лына түсу – бүгінгі заманның күр­делі талабы болып отыр. Енді осы мә­селелер төңірегіндегі бірсыпыра ұсы­ныс­ымызды көпшілікке тарқата айт­пақ ниеттеміз.

Қазіргі заманда домбырашылық өнерге деген тыңдарманның талғамы мен нарықтың заңы өз дегенін жасатып отырғаны белгілі. Мысалы, жоғары музыкалық оқу орнын бітірген түлектің еңбек жолының бастауында мектеп мұғалімі қызметімен қатар шоу-бизнес, той-думан саласына ба­ғытталған жұмыс орындары да алдынан шығады. Әлбетте, түлектің таңдау еркі бар. Бұл күнде жас музыкант үшін бұ­қа­ралық көрнекі іс-шаралар мен шоу-бизнес есігі айқара ашық және ол аса табысты істің көзі болып отыр. Көптеген түлектеріміз кәсіби мамандық жолын емес, эстрадалық ба­ғытты таңдайтыны да сондықтан. Мұнд­ай жағдайда дәстүрлі күйшілікті насихаттау жұмысы оңайға түспейді. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қо­жеке, Бейсенбі, Тоқа, Қазанғап, Шал Мырза, Есір, Есбай, Мәмен, Сейтек, Әл­шекей, Сүгір, Дина, Ә.Хасенов, М.Хам­зин, Т.Момбеков, Б.Басығараев, Р.Ғаб­диев, Қ.Ахмедияров тағы басқа да классик күйшілердің мұралары, қа­зақ күйінің аймақтық мектептері, дәс­түрлі қағыс ерекшеліктері, күй сарыны, күйдің шығуына қатысты аңыз-шежірелері назардан тыс болмауы керек. Домбыраның дәстүрлі даму мәселелерін оқу орындарында ұстаздар қауымы үйреткенімен, жас домбырашының оларды болашаққа жалғастыруы біртіндеп қиындап ба­ра жатқаны ащы шындық. Мұны шешу­дің жолдары кәсіби білім беретін про­фес­сорлық-оқытушылар құрамының мойны­на артылар ауыр жүк екені айтпаса да түсінікті. Осы мә­селені тек оқыту стандарттарына реформа жасау арқылы ғана шешу керек деп санаймыз. Яғни оқыту барысында күйшілік өнерді жалғастыруға септігін тигізетін арнайы батыл бағдарламалар мақсатты түрде жасалуы керек, сонымен қатар сту­­дент­тердің концерттік қайраткерлігін және пе­дагогикалық практика біліктерін де арт­тыратын ерекше әсерлі іс-шаралар, этно­педагогикалық тәрбие құралдары аса қажет.

Біріншіден, күйшілік салт пен дәс­түр­ді студент бойына дарытуды емтихан, сынақ, межелік бақылау арқылы іске асыру маңызды. Біздің ойымызша, бір жылдық оқу мерзімінде төрт межелік бақылау және екі емтихан бар. Әрбір межелік бақылауда студент әртүрлі стильде және әр аймақтан жеті күй тартуы керек, бұл шәкірттің жан-жақты күйшілік дәстүрді тануына игі әсерін бере алады. Ал емтиханда екі ме­желікте игерген 14 күйді жатқа тар­тып тапсырады. Сонымен қатар күй­сандық сүйемелдеуімен орындалатын 2 шығармасы тыңдалады. Бұл оның ансамбльдік сезімін дамыту үшін және орындау техникасын өсіру үшін керек. Нәтижесінде, екі жартыжылдықты қоса есептегенде студент репертуарында бір курста нақты 28 күйді игереді. Курс соңында ұстаз шәкіртінің жеке кон­цертін де ұйымдастыра алады, бұл орайда студенттің сахналық мәдениеті де, репертуары да қалыптаса түседі.

Ұсынылған осы жобаның қазіргі білім беру стандарттарының бапта­рына ешқандай қайшылығы жоқ еке­нін ескертеміз. Керісінше, оқу стандарт­та­рындағы мақсаттарды іске асыру сала­сындағы кезекті методикалық ізденістер мен мақсаттардың бірі ретінде қабыл­дауға болады деп ойлаймыз.

Нәтижесі қандай болмақ? Әрине, осы курстық талапты оқыту барысын­да студенттің төлтума күйшілік дәс­түрге деген талғамы қалыптасады, күй­шілік мінезі орнығады, белгілі бір орын­даушылық стильге өзіндік бейімділігі де артады. Қалай болғанда да осы әдіснама арқылы атадан балаға жалғасып келе жатқан далалық байтақ өнеріміздің табиғатын сақтай аларымыз хақ.

Екіншіден, тартыс дәстүрін енгізу керек. Яғни қазақы күй тартыс мәдениетін заманауи үлгіде оқыту және дамыту. «Тартыс» дегеніміз – екі күйшінің өнер­дегі бәсекесі. Қазақ тарихында атақты күйшілердің көбі тартысқа түскені белгілі. Мысалы, «Үш ананың тартысы», «Сүгір мен Мафрузаның тартысы», «Динаның «Соқыр Есжанмен күй сайысы», «Өскінбай мен Құлбай бахшының тартысы», т.б. секілді халыққа белгілі үлкен күй сайыстары болған. Ал енді осы домбырадағы күй тартыс дәстүрін жаңғырту үшін ұстазға біраз із­де­ністер керек. Біздің университетте «Дом­быра» кафедрасының жетек­ші­­лігі­мен өтетін «Қос ішек» атты рес­пуб­ликалық күй сайысы бар (жобаның ав­торы – Ж.Қадырқұлов). Осы сайыста қа­тысушылар жеребемен жұптасады да екі күйші сахнаға қатар шығады. Кон­курс бағдарламасындағы күйлерді кезек тартып кәдімгі дәстүрлі тартысқа түседі. Мұндай тартыста екі күйшінің бірі басым түсері айдан анық, келесі ке­зеңге тартыс­та жеңген күйші ғана шығады. Мұндай жағдайда қазылар тарапынан да бұра тарту әсте мүмкін емес. Айтпағымыз, конкурсқа күй тартыс салтын енгізу арқылы дәстүрлі күйшілік мәдениетімізді өскелең ұрпаққа сіңірудің бір тәжірибесі осы. Әрине бұл оқыту бағдарламасынан тыс, конкурстық талап ретінде кезекті методикалық ойымыз ретінде ұсынылады. Тартыс дәстүрін курсаралық форматта өткізу мүмкіндігі бар, бұл жағдайда жеке күйшілікпен қатар командалық (мысалы, бір курс – бір команда) топтар да өнер сайысына түсе алады.

Үшіншіден, күйдің тарихы, авторы, мазмұны секілді мәселелер де қаперден тыс қалмауы керек. Себебі орындаушы күй туралы ғылыми деректерді жақсы білуі міндетті. Бұл орайда мамандықтан дәріс беретін мұғалім әр күйдің тарихын мұқият түсіндіруі керек, сосын жыл соңында коллоквиум ретінде емтихан талабына енгізуге де болады деп санай­мыз. (Бұл ұсыныс мамандықтан білім беру талаптарына арнайы сынақ ретінде де енгізілсе құба-құп болады деп есептейміз. Себебі коллоквиумдық білім белгілі бір сынақ нәтижесін қажет етеді, яғни бұл жерде педагогикалық жүктеме мәселесі де бар, оны жұмыс үдерісінде шешуге мүмкіндік болады).

Кәсіби оқыту, домбырашы маман тәрбиелеу ісі қазіргі біз тұтынып жүрген жалпы педагогика мен арнаулы методиканы қайта қарауды талап етеді. Заманауи музыкалық мәдениетке, эстрада өнеріне ұлттық төл аспаптарымыздың араласуы жылдан-жылға қарқындап өсіп келе жатқанын жоғарыда айтқанбыз, оны тоқтату яки тоқтатпау біздің құзыретімізде емес. Домбыра аспабының эстрадалық жолмен дамуы мейлінше кәсіби білікпен жүзеге асса халық игілігіне қызмет ете алады. Әңгіме төркіні той деңгейіндегі әуесқойлық тө­ңірегінде еді. Мысалы, эстрадалық жанрда кәсіби сахналарда еңбек етіп жүрген А.Үлкенбаева, А.Ең­сеповтердің есімдері елге кең танымал. «Ұлытау» тобы да эстрадалық бағытта дом­быра күйлерін кәсіби деңгейде орындап, ұлттық өнерімізді әлемге наси­хат­тап келеді. Біздің оқу орнының түлек­­терінен құралған «Ернат және Те­мір­­лан» тобы бірнеше халықаралық кон­курстардың бас бәйгесін жеңіп алған. Сон­дықтан домбыраның эстрадалық салада дамығанына қарсылығымыз жоқ. Де­генмен, дәстүрлі күйшілік мек­теп­тің мазмұнын сақтап қалу және бола­­шақ күйші тұлғасын тәрбиелеу қа­зіргі уақыттағы ұстаздардың қасиетті міндеті болып қала береді. Бұл салада оқы­тушылар тарапынан ғылыми-әдіс­намалық зерттеулер көптеп жазылуы, ұстаз­дар өзара жиі тәжірибе алмасуы қажет. Бұл орайда Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің «Домбыра» кафедрасы ұйым­дастырған алқалы жиындарды, семинарлар мен шеберлік сабақтарды үлгі етуге болады.

Домбыраны кәсіби оқу мен тоқу Қа­зақ ұлттық өнер университетінде академиялық деңгейде және тәжірибе жүзінде сыннан өткені белгілі. Бо­ла­шақта осы саладағы тәжіри­бе­лері­мізді жан жақты жазу және оны басқа да оқу орындарына ұсы­ну ойымызда бар.

 

Абылғазы АХМАДИЕВ,

Қазақ ұлттық өнер

университетінің доценті