Жерасты дүмпулері көршілес Бадғис және Фарах провинцияларында да сезілген. Тіпті мұны Түрікменстан астанасы Ашхабад тұрғындары да аңғарған. АҚШ геологиялық қызметінің мәліметінше, Гератта жойқын сілкініс бірнеше рет 8 минуттық жиілікпен қайталанған. Жерасты дүмпулерінің магнитудасы 4,6-дан 6,3 балға дейін тіркелген. Ал тереңдігі шамамен 10 шақырым болған. Соңғы дерек бойынша апат салдарынан 1300-ден аса үй қираған.
Табиғи апаттарға қарсы күрес министрлігінің өкілдері соңғы афтершок 70 мың халқы бар Зинда Жан қаласының солтүстік-шығысынан 30 шақырым жерде тіркелгенін айтты. Зілзаладан аудандағы төрт елді мекен қатты зардап шеккен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өңірге жарақаттанғандарды ауруханаға эвакуациялау үшін 12 жәрдем көлігін жіберген. Марқұмдар медициналық мекемелер мен әскери бөлімдерге жеткізіліп жатыр.
Қазір провинцияда телефон байланысы үзіліп, зардап шеккен аудандардан толық ақпарат алу қиынға соғып тұр. Талай тұрғын үйінділердің астынан әлі шығарылған жоқ. Өңірде әлі іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Осы орайда Ауғанстан билігі өзге мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан көмек сұрады. Бұл туралы табиғи апаттарға қарсы күрес министрлігінің ресми өкілі Жанан Саик мәлімдеді.
«Зардап шеккендерге дәрі-дәрмектер, қажетті заттар, шатырлар әлі де жетіспей жатыр. Біз жойқын жер сілкінісінің зардабын мейлінше азайту үшін ұлттық және халықаралық ұйымдардан, өзге мемлекеттерден қолдан келгенше көмек көрсетуді сұраймыз. Әр елді қабылдап, қарсы аламыз», деді Жанан Саик.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан алапат жер сілкінісі болған Ауғанстанға шұғыл гуманитарлық көмек жіберуді ұйғарды. Бұл мәселе үкіметтік комиссияның отырысында талқыланды. Зілзаладан зардап шеккендерге азық-түлік тауарлары, шатырлар, дәрі-дәрмектер, киім-кешек және басқа да қажетті заттар жіберіледі. Жүктер жақын арада әуе және теміржол көлігімен жөнелтіледі. Сондай-ақ үйінділер астында қалған адамдарды құтқару үшін Төтенше жағдай министрлігінің құтқарушылары, соның ішінде кинолог мамандар да бармақшы.
Сейсмикалық оқиғалардың ошағы Гератта 272 мың халық бар. Ел билігі бұл зілзаланы кейінгі 20 жылдағы ең қауіптісі дейді. Жергілікті билік аймақта іздеу-құтқару жұмыстары әлі аяқталмағанын айтады. Сондықтан Герат денсаулық сақтау департаменті өкілі қаза тапқандардың саны артуы мүмкін деп болжап отыр. Жалпы, Ауғанстан халқы жер сілкінісінен жиі зардап шегеді. Өткен жылдың маусым айында Пактика аймағында 5,9 балдық зілзаладан мыңнан астам адам қаза тауып, ондаған мың халық баспанасыз қалған еді.
Ауғанстандағы жер сілкінісінен Қазақстан азаматтары зардап шеккен жоқ. Бұл туралы брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
«Дипломаттарымыз зардап шеккен жоқ. Елшілік Ауғанстан астанасы Кабул қаласында орналасқан. Астанасында айтарлықтай тербеліс бола қоймады. Зардап шеккендер мен қаза болғандар арасындағы Қазақстан азаматтары туралы ақпарат та келіп түспеді. Ешқандай өтініш болмады. Егер қандай да бір өтініш болса, жедел хабарлаймыз. Осы қиын сәтте қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына, сонымен қатар бүкіл ауған халқына шын жүректен көңіл айтамыз. Ауғанстанның жарақат алған барлық азаматына тезірек сауығып кетуін тілейміз», деді Айбек Смадияров.