Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Бұл жануарды өмірімде көрмесем де, халқымыздың ауыз әдебиетінен, тіпті мақал-мәтелдерінен бар қасиеті, жаратылыс ерекшелігі санада әбден қалыптасқан. Содан соң түрлі әдебиеттерден, ғалымдардың ғылыми мақалаларынан оқып білген соң қасиетті құланның бар болмысын суретінен бұлжытпай танығандай болдым. Кекілсіз, тікірейген қысқа жал, қызыл асықтан аспайтын селдір құйрық, есектің құлағындай ұзын емес, жабайы есектің (біз «домбай» деп жүрген) ұзыншалау да емес, туысы жылқының құлағынан аумайтын жарасымды орташа құлағы – бәрі-бәрі қиялда қалыптасқан құланның дәл өзі еді.
Қайбір кездері жерімізде жорытқан жолбарысты Балқаш, Іле бойына әкеліп, жерсіндіру үшін миллиардтаған қаржы шығарып, олар қоректенетін аңдарды да қоршау ішінде өсіріп, бәлен мың гектар аумақты қоршау ісін қолға алып жатқанда, сонау Чехиядан 2024 жылы қырық бас құланды сатып әкеліп, Қостанай жеріндегі «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына жіберуді мақсат етіп отырған осынау жоспар игі іс болар еді. Мұның әрі шығыны аз. Құландар көбейіп барлық құба жонда жортар болса, көз қуантып, көңілді марқайтады.
Құланның сонау Моңғол шапқыншылығы кезінде мың-мыңдап ауланғанын, одан кейін жоңғар жортуылы тұсында да тегін азық болғанын, соңғы тұяғы бертінде 1938 жылдары Хантау маңынан көзге түскені дәлелденген. Табиғаттың көркі, құдіреттің адамзатпен бірге тіршілік иесі қылып жаратып, жер бетіне өргізіп жіберген жан-жануарлардың мыңдаған түрлері сол адамдардың кесірінен жылына ондаған түрінің біржола жойылатынын ғылым дәлелдеп отыр. Алысқа бармай-ақ, менің туып-өскен Қара Ертіс маңында бала кезімізде шың басынан көрінер тау ешкінің тұқымы бүгінде тұздай құрыған. Осыдан 4-5 жыл бұрын Алтай өңіріндегі Марқакөл маңынан әлдеқайдан ауып келген бұзауқасын, тайыншасын ерткен бұланды көріп, қуанып едік. Кейін сұрастырсақ, үшеуі де тасжүректердің оғына байланыпты. Бір кездері бұл өлкеде қырғауыл дейтін адал құс көп болған екен, оның да мүлде құрып кеткеніне кемінде 70-80 жыл болыпты. Әрине, бүкіл өлкеде өріп жүрген құсты аңшылар атып тауыса алмас, бәлкім табиғаттың тосын зардабынан болар. Алайда қазір Марқакөл, Зайсан тоғайларынан олар жиі пыр-пырлайтын болыпты. Жұрттың айтысына қарағанда, Аэлита есімді кәсіпкер келіншек Жетісу жерінен ондаған құсты арнайы алдырып, жаңа мекенге жіберіпті деседі. Енді бұл өлкеге тау ешкінің тұқымын жаюды қолға алмақ көрінеді. Бәрекелді дестік. Бұл – туған жерін сүйген жанның әрекеті. Табиғатқа, оның ұшқан құсы мен жүгірген аңына жанашырлық дейтін осындай-ақ болар.
Түрікменстаннан 1953-1961 жылдары құланның елу шақтысын Арал теңізіндегі Барсакелмеске жіберіп, көбейген соң Жетісудағы «Алтын Емел» ұлттық паркіне мекендетіп, тағы да саны молайғаннан кейін еліміздің біраз аймағына қоныс аудартқан бұл жануардың түр-түсі құланнан гөрі жабайы есек – домбайға ұқсайтынын «Egemen Qazaqstan» газетінде биыл 23 қаңтардағы санында «Домбайды қашанғы құлан дейміз?» атты мақалам жарияланды. Оған дейін «Алматы ақшамы» газетіне де (2008 жылдың 17 сәуірі) «Нағыз құлан осы болар-ау» атты материалым жарық көрген. Оны жазуыма себеп болған Алматы хайуанаттар бағына Германияның Мюнхенінен әкелінген төрт-ақ құлан еді. Бұл көрген соң айтқан пікір болатын. Онда да Түрікменстаннан құлан деп әкелген жануарлардың жабайы есек – домбай екенін айтқан едік. Алайда осынау қос мақалама да жан-жануарлардың түп-тұқияннан бастап зерттеп жүрген ғалым-зоологтерден, болмаса жөн білер ағайындардан «мынауың дұрыс екен» немесе «дұрыс емес» деп пікір білдірген бірде-бір жан болмағаны қынжылтты. Тек Маңғыстаудағы Әзірбай Ораз ғана «Egemen Qazaqstan» газетінде биыл 10 наурыздағы санында «Құлан деп жүргеніміз домбай емес» деген мақаласы жарияланды. Шынын айту керек, Әзірбай Ораз мырза құлан мен домбай туралы жазылған біраз еңбектерге үңіліп, зерттеу жасапты. Бұл жануарды құлан дегендердің де, домбай дегендердің де пікірін келтіріпті.
Автор маман-биолог Қайым Қабдірашидтің «Жылқы тұқымдастар 3 туысты болып келеді, олар: зебра, есек, жылқы, жабайы есек. Жабайы есек домбай деп аталады...» деп жазғанын, ал Әбіласан Әбілханның: «Құландай ащы дауыстым...» мақаласында: «...көпшілік құлан деп қабылдап келген, қазір Пржевальский жылқысы делініп, ал белгілі этнограф Ж.Бабалықұлы керқұлан деп атайтын жабайы жылқының түрін Қ.Қайым қаражал құлан дейді...» деп жазғанын келтіреді. Құландарды зерттеген ғалым В.Банниковтің: «...соңғы тұяғы Қазақстанда 1930 жылдардың аяғында жоқ болған құландар ол тұқымдастарының ірі түрлері еді, ал түркіменнің Марысынан қазақ жеріне әкелінген құландар – олардың тұрқы кішкене ғана түрлері» деген пікірін келтіріпті.
Мақала авторы Әзірбай Ораз мырза біз домбай деп атаған жабайы жануар туралы біраз дәлел келтіре отырып: «...жылқы туыстас хайуанат өкілі – ғылыми әдебиетте Түрікменстан құланы деп аталатын қаражал құлан. Бүгінгі таңда қазақ жерінде одан басқа құлан баласы жоқ» деп түйіндепті. Демек, бұларды жабайы есек домбай емес, құланның бір түрі дейді. Ал мен тағы да есектен айнымайтын, «жылқыдай кісінемейтін, есек сияқты ақыратын, құйрығы да жылқынікіндей ұзын емес, құлақтары да ұзындау» жануарды «жабайы есек» деген өз пікірімде қаламын. Менің нағыз құланды елімізге әкеліп жерсіндіруді армандап жазған мақалама пікір білдіргені үшін мақала авторына ризашылығымды айта отырып, жабайы жануардың аталуы туралы дау айтар ойым жоқ. Бұл мақаланың жазылуына Чехиядан әкелінетін суретінде бойы да, сойы да «нағыз құлан – менмін» деп тұрған қырық бас жануардың хабарын оқыған соң себеп болғаны ғана.
Ал енді ауызекі сөзде ғана емес, мейрамхана мәзірлерінде де қазақша әзірленетін етті «бешбармақ» деп қорлап үйренгеніміз сияқты құланды құлан бола ма, керқұлан бола ма, түзат бола ма, бәрібір «Пржевальский жылқысы» деп атағанды қоятын уақыт жетті. Ресей ғылымы қалай атаса да өз еріктері. Жиһангездің өзі қытай жеріндегі Лобнорда жабайы құландардың үйірін қуалап, жете алмай, ақыры 1875-76 жылдары қара базардан өлген құланның терісін тірі жылқыға айырбастап алып, оны императорлық орыс география қоғамына зерттеуге жіберіп, ол жылқы тұқымдастарында бұрын-соңды кездеспеген жануардың терісі деп таниды. Оған «Пржевальский жылқысы» деп ат береді. Оны Н.М.Пржевальский өзінің «Из Зайсана через Хами в Тибет и на верховья Желтой реки» атты кітабында жазады. Жиһангездің бұл сапарлары туралы жазушы Серік Байхоновтың «Алтай асу» атты деректерді молынан пайдаланған романында да айтылады. Бабаларымыз ғасырлар бойы «құлан», «керқұлан» деп келген атауын құланның бір терісін тапқаны үшін тұқым түрлерін қайта-қайта жұптастырып, бұл жануардың тұқымын өзі өмірге әкелгендей «Пржевальский жылқысы» атандырып, өзгерткеніміз жөнсіздік. Жылқыға ұқсас нағыз құлан келсе, есекке ұқсас «қаражал құлан» екеуінің жігін жұрт айырып алар.
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы