Алматы • 10 Қазан, 2023

Іледегі үнді жайрасы

1412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тамыз айында Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында үнді жайрасының екі бірдей дарағы ұялы телефон камерасына түсірілді. Авторы белгісіз. Бұл суреттерді Қаскелең қаласы тұрғындарының бірі орманшылылықтың жетекшісіне түсіріп жіберген.

Іледегі үнді жайрасы

Аталған аумақта далалық жұ­мыс­тар жүргізілді. Алдағы уақыт­та іні­нің маңайына фото­қақпан орнатыла­ды. Бұған дейін тек жалғыз дарақ­тан кездесіп жүрген еді. Бұл бейне ар­қылы үнді жайрасының өнімінің молаюын байқауға болады. Үнді жайрасы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағының Ақсай, Медеу филиалдарының бірнеше шатқалында, оған іргелес Алматы облысы әкімшілік аумағының оң­түстікке қарай жерлерінде кез­де­седі. Күндіз көрінбейтіндіктен, түн қа­раңғысындағы аңның ұшы­расуы өте сирек болады.

Үнді жайрасы (лат. Hystrix indica, 1792) – кеміргіштер отряды (лат. Rodentia), Жайратек­тес­тер тұқымдасы (Hystricidae), IV санат­тағы сирек кездесетін, аз зерттелген түр. Қазақстан фау­насында­ғы тұқым­дастың жалғыз түрі. Ме­кен­дейтін жерлері – таудың шат­қал­дары мен қойнауының теңіз деңгейінен 2 мың метр биіктіктегі жер бедері ойлы-қырлы аласа тау­лар мен тау етегінде мекендейді. (ҚР Қызыл кітабы, Алматы, 2010)

Тіршілік белгісі көбіне түнде көрінеді. Дене-тұрқының ұзын­дығы – 80-90 см, орташа салмағы – 13-30 кило тартады, кейде 25 ки­лоға дейін жетеді. Жайраның түр-тү­сін денесіне өзгеше шаншыла ор­наласқан сояудай инелерінен аң­ғаруға болады. Сол арқылы сытырлаған дауыс шығарып, жауынан қорғанады. Бір қызығы, денесін­де­гі мыңдаған инелердің жалпы салмағы 100 грамдай ғана екен. Денесі қоңырқай қара болып келеді. Аяқтары қысқа, ін қазуға арнал­ған тырнақтары мықты («Ана тілі» газеті, 2014 жылдың 13 ақпа­ны).

Жайраның қауіпті жаулары – шибөрілер мен қаңғыбас иттер. Десе де, шатқалдарда ұдайы кү­зету жолға қойылған. Сондай-ақ үнді жайрасын қолда өсіретін Есік қаласының тұрғыны жайра­ны табиғатта көбейту мақса­тын­­да бірнеше дарағын ұлттық парк аумағына жерсіндіруге бас­шы­лыққа ұсыныс білдірген еді. Әзірге тек ұсыныс ретінде қалып отыр. Егер іске асатын болса, Зоология институтының био­логиялық негіз­демесі бойынша ОШ және ЖД комитетінің арнайы рұқсатымен ғана іске асады. Қызыл кітапқа кіретін түрді қорғау, таралуына сеп­тігімізді тигізу – міндетіміз.

 

Тұңғышбек ЖАПАРҚҰЛОВ,

Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ғылыми қызметкері

 

АЛМАТЫ