Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ертіс-Баян өңірінде дүниеге келген Алаш ардақтыларының есімін ұлықтау әрі бүгінгі әдебиетте жарқырай көрініп, соңында қалың оқырманы қалыптасып қалған отандық ақын-жазушыларды қолдау мақсатында қолға алынған жоба өңірімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Қазақстан Жазушылар одағының арнайы ұсынысымен «Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы сыйлық» – ақын, жазушы Нұржан Қуантайұлына, «Мұзафар Әлімбаев атындағы сыйлық» – жазушы Мағрипа Қожахметоваға, «Иса Байзақов атындағы сыйлық» – әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдекеге, «Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы сыйлық» – ақын, жазушы, публицист Сайлау Байбосынға, «Рамазан Тоқтаров атындағы сыйлық» – ақын, жазушы Ақын Алақанұлына, ал «Мәшһүр Жүсіп атындағы сыйлық» ақын, жазушы, әдебиеттанушы Серік Елікбайға берілді. Соңғы аталған үш қаламгер – керекулік.
Әу баста өңірлік әкімдікпен келісім бойынша алты сыйлықтың төртеуі өзге аймақтарға бұйыруы керек-тін. Дейтұрғанмен ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов соңғы сәтте өзі ұсынылған сыйлықтан бас тартып, бұл мәртебеге Серік Төлеутайұлы әбден лайықты деп шешімін айтқан. Себебі С.Елікбай Мәшһүр Жүсіптің феноменін зерттеуде әдеби тұрғыдан жаңалық әкеліп, «Мәшһүрдің мұңы» романын жазды. Осы еңбегі лайықты бағасын алды деп есептейміз.
Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры Серік Елікбайдың айтуынша, ақын-жазушыларды ынталандыруға бағытталған материалдық қолдау өңір басшысы Асайын Байхановтың жанашырлығымен жүзеге асқан. Ал әдебиет майданында жүрген қаламгерлерді сұрыптап, еңбегіне қарай сыйлыққа ұсынуды республикалық одақ өз жауапкершілігіне алды.
– Біздің өңірімізден Ақын Алақанұлы мен Сайлау Байбосынның бұл сыйлыққа алғашқы болып ілігіп отырғанына қуаныштымыз. Ақын Алақанұлы биыл 80 жасқа келген қарт қаламгер, Моңғолия мен еліміздің әдебиет саласына елеулі үлес қосты. Ал биыл 65 жасқа толып отырған публицист Сайлау Байбосынның әдебиеттен бөлек, Алаш арыстарының ғұмырын зерттеудегі еңбегі ерен.
Сыйлықтар өңірімізден шыққан 6 тарланымыздың есімдерімен аталды. Бұл тұлғалардың қай-қайсысы болсын отандық ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетін дамытуға заманында септігі тиді. Қазақтың халық ақыны, әнші, актер, композитор, домбырашы Иса Байзақовтың есімі бүгінде көп айтыла бермейтіні өкінішті. Иса – арқалы ақын, кезінде барша қазақ даласын өзінің отты жырларымен аузына қаратты. Алайда әйгілі жерлесіміздің есімі мектеп оқулығына енбей отыр. Енді бір танымал тұлғамыз – жазушы Рамазан Тоқтаров француз тілінің маманы болған. Абайды өзгеше қырынан зерттеп, отандық әдебиетте ерекше құбылыс тудырған романдар жазды. Жүсіпбек Аймауытұлы қазақ әдебиетіндегі алғашқы кәсіби прозаға сүрлеу салған сол еді. Мұхтар Әуезов Жүсекеңді прозада ұстазым деп таныған. Әйгілі жерлестеріміздің есімін таныту, өнегесін жұртқа жария етуде мұндай жобалардың өміршеңдігі зор. Жалпы, әдебиет саласындағы шығармашыл қауым әр кезеңде де материалдық тұрғыдан әлсіз. Оларды қаржылай қолдау бүгінде мемлекетіміз маңыз беретін шаруаның бірі болуға тиіс. Оның үстіне ана тілімізде оқитын контент те азайғаны байқалады. Әдебиет саласының мықтыларын жарнамалау, оларды жақсы дүние жазуға талпындыру үшін дәл осындай қолдаулар ауадай қажет, – дейді Серік Елікбай.
Бірнеше романның авторы, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, сатирашы әрі публицист Сайлау Байбосын ақын-жазушыларды қолдау шаралары бұған дейін Ақтөбе, Қарағанды, Семей, Ақмола өңірлерінде тұрақты өткізіліп келе жатқанын жеткізді. «Жүсіпбек пен Сұлтанмахмұт» атты дастаны кезінде республикада жүлде алған қаламгер бүгінде Алаш ардақтыларының өмірін зерделеу үстінде. Осының барлығы арнайы сыйлықтың иегері атануына негіз болған. «Соңғы уақытта өңіріміздегі рухани саланы қолдауға баса маңыз беріліп отырғаны байқалады. Павлодар облысында одақтың небәрі 20-дан астам мүшесі бармыз. Оларды ынталандыруға жергілікті филиал тарапынан да, әкім-қаралар тарапынан да оң істер жасалып жатыр. Әрі-беріден соң соңымыздан ілескен жастарға қанат бітіреді. Шығармашыл адам өзіне халықтан ғана емес, билік тарапынан да дұрыс назар болғанын қалайды. Себебі мемлекетшілдік идеяларды халықтың жүрегіне шеберлікпен жеткізетін, оқырманды зиялы болуға ынталандыратын – ақын-жазушылар. Олардың көңіл күйі дұрыс болса, әдебиет те суырылып алға шығады. Рухани салада жүргізіп отырған шаруаларымыздың барлығы айналып келгенде ана тіліміздің аясын кеңейтуге бағытталатыны рас», деп өз пікірімен бөлісті Сайлау Әшенұлы. Қаламгер бүгінде өңірімізде «Ақбеттау» журналын тұрақты шығарып келе жатқанын да атап өту керек. Отандық әдебиетті дамытуға мерзімді басылым сүбелі үлес қосып отыр.
Павлодар облысы