Өнер • 10 Қазан, 2023

Шабыты шалқар суреткер

431 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бір әңгімесінде Балнұр өзінің атын қойған әкесі екенін, оны екі сөзден ойлап құрастырғанын айтқан болатын. Бірінші сөз – Бал, ол – өз әкесі Балғабектің бірінші буыны, екінші сөз – Нұр деген Нұрғисаның бірінші буыны екен. Олар жақсы дос болған, бір-бірінің дарынын бағалап, сыйласып өткен.

Шабыты шалқар суреткер

Әкесі қызының Нұрғисадай дарынды композитор болғанын армандаған екен. Балнұр екі әкесін де ренжіткен жоқ. Ол –  әкесіндей жақсы журналист, әдебиетші, филология ғылымдарының кандидаты. Нұрғиса әкесіне тартып, музыка сырын меңгерген композитор болды. Балнұр тағы бір сөзінде төрт адамды ұстаз тұтып, солардан үйреніп, үлгі алғанын айтқан еді. Олар: өз әкесі – Балғабек, әкесінің досы – Нұр­ғиса, ұстазы – композитор Құд­дыс Қожамияров және Еркеғали Рах­ма­диев деген болатын. Бұл адамдарды кім білмейді. Қазақ өнерінің қаймағы, дарынды, құдіретті тұлғалар емес пе? Қа­зақта бір сөз бар. «Досыңды айт, кім екеніңді айтайын» дейді. Ал бұл жерде «Ұс­тазыңды айт, кім екеніңді айтайын» дегің келеді. Төртеуін де Балнұр әкем дейді, құрметтейді, сыйлайды, еркелейді. Төрт әкесінен Балнұр елін, жерін, ұлтын сүюді үйренді.

Балнұр консерватория табалдыры­ғынан аттап, қызметке араласып жүрген кезең болатын. Қазақстанның Ресейдің құрамына өз еркімен қосылуының 250 жыл­дығын атап өту науқаны басталып кеткен. Бір күні үлкенді-кішілі ком­пози­торлар Мәдениет министрлігіне шақы­рылады. Министрдің орынбасары композиторларға тапсырма береді. Ме­рекені дүркіретіп атап өту керек. Ол үшін сол тақырыпқа жақсы шығармалар жа­зылуға тиіс. Жиналыстан бәрі ойланып шығады. Композиторлар шабыттанып іске кіріседі. Ертесіне жиналысқа бармай қойған Еркеғали Рахмадиев Балнұрдан «Министрлікке уәде бердің бе? Не жазып жатырсың?», деп сұрайды. Сонда Балнұр: «Мен Қазақстанның отарлануының 250 жылдығын жырлайтындай әлі есім ауыс­қан жоқ. Ішіңізге сыймай бара жатқан музыка болса, өзіңіз жазыңыз», дегенде ұстазы оған іштей риза болып, ойланып қалады. Тек бар айтқаны: «балам-ау, жассың, тым тік сөйлейсің, бәріміздің ойы­мыз бірдей ғой» болыпты.

Композитор Балнұр Қыдырбек журна­лист-жазушының отбасында Алматы қаласында дүниеге келді. Жазушы деген сезімтал, психолог болады ғой. Тұң­ғы­шының музыкаға бейімділігін Бал­ға­бек бірден байқаған болуы керек. Бал­нұрды 7 жасынан бастап К.Байсейітова атындағы музыка мектебіне оқуға береді. Мектепті фортепиано мамандығы бойын­ша жақсы бітіріп шыққан соң, Алматы мемлекеттік Құрманғазы атындағы кон­сер­ваториясының композиторлық бөлі­міне оқуға түседі. Мұнда ол композитор Құд­дыс Қожамияровтың сыныбында оқи­ды. Консерваторияны бітірген соң да екі жыл ассистентураны тәмамдайды. Бұл жылдары оның шығармашылық қоржыны ірілі-ұсақты көптеген камералық пьеса мен симфониялық күйге, «Айтылмаған ән» деген операға толы болған.

Музыкалық білімін жетілдіріп, еркін суреткер болып шыққан Балнұр тың­даушының сезімін селт еткізіп, ой салатын, рухани азық болатын, болашағына бағыт-бағдар беретін шығармалар жазуды ойластырады. Осындай мақсаттан, халқының бостандығын, тәуелсіздігін ойлаудан туған симфониялық поэмасын алғашында «Жоңғар қақпасы» деп атаған еді. Поэманы тыңдаған сарапшылардың бірі бұл Қытай мен Совет елінің арасына сына, жік салады десе, енді бірі мынадай жарқын заманда көңілсіз музыкаға орын болмауы керек, тарихты қозғап керегі не дегендей пікірде болады. Желтоқсан оқиғасынан кейінгі жылдары мұндай пікірлер қауіпсіз емес еді. Әйтеуір шығар­маның атын 1916 жылғы ұлт-азат­тық қозға­лыстың жетекшісіне арнап «Бек­болат» деп өзгертеді. Сөйтіп, батыл қыз бір қауіптен аман қалады.

Сонымен қатар Балнұр қазақ музыкасын жан-жақты дамытуды мақсат тұтты. Сон­дағысы ұлттық музыка жазу, қазақ музы­касында кенже қалған жанрларды жетілдіру болатын. Осы мақсатпен ол қазақ ұлттық аспаптар оркестріне арнап көптеген музыкалық шығарма жазды. Бұған дейін қазақ композиторлары қалам тартпаған жанрларға көңіл бөлді. Атап айтсақ, ол композиторлар арасында бі­рін­ші болып үрмелі аспаптар оркестріне музыка жазды. Оның шығармалары жоғары бағаланды да. Балнұрдың үрлемелі оркестрге жазғандары үшін 1987 жылы Одақ көлемінде А.Александров атындағы жүл­денің лауреаты атанды. Мұндай мәртебелі конкурстың жүлдегері болудың деңгейі де жоғары болатын.

Жалпы, қазақ музыкасында балет жанры кенже қалып келе жатқаны белгілі. Ал балаларға арналған балет мүлде жоқ еді. Сол балаларға арналған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген тұңғыш ба­летті де Балнұр жазды. Оның қазақ халық ертегілері негізінде жазылған «Нау­рыз мейрам хикаясы» деген балеті «Аста­на-Бәйтерек» конкурсының Гран-при жүл­десіне ие болды.

Балнұр опера жанрына да жаңалық енгізді. Оның қазақтың ұлы ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының поэмасы негізінде жазылған «Қалқаман-Мамыр» опера-балеті – өте күрделі де қомақты дүние. Поэманы Шәкәрім ХVІ ғасырда Тобықты руында болған тарихи оқиға желісімен жазғаны белгілі. Екі жанр қосылған бұл шығармада драмалық кө­ріністер опера тәсілдерімен берілсе, көр­кемдік жағы балет тәсілдерімен бері­леді. Жаңа спектакль К.Байсейітова атын­дағы Опера және балет театрында 2007 жыл­дың 19 қаңтарында сахналанып, көрер­мендерге рухани көңіл күй сыйлады. Бұл қойылымның орны да, мәні де ерекше еді. Осы спектакльмен қазақ ұлттық өнеріндегі тоқырау кезеңінің шымылдығы сырылғандай болды.

Балнұр шығармашылығындағы та­ғы бір жаңалық – «Реквием» шығар­масы. Бұл тақырыпқа да қазақ ком­пози­торларының арасында тұңғыш қалам тербеген тағы да Балнұр болды. «Реквием» – діндердің бірлігі, бейбітшілік, рухани келісім негізінде жазылған шығарма. Католиктердің месса жанры сақталған. Православтардың әуені, будда хоры да бар. Шығарма Құран аятында бар «Кулху-Алладан» басталады. Ал соңында біз­дің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырдағы сақтардың дұғасымен қазақша «Қазақ еліне, қазақ халқына игілігіңді, Тәңірім, бере гөр» деген сөздермен салтанатты рәсіммен аяқталады. Бұл шығарманың айтар ойы – ұрпақтар сабақтастығы, замана байланысы, өз ұлтыңа, халқыңа қызмет ету­дің жоғары идеалы. Бір отбасының алты ұрпағының негізінде 250 жыл бойы тәуелсіздіктің ұлы идеясы, өзінің қазақ мемлекетін құру туралы арман-ойларының беріліп келе жатқаны көрінеді. Халықтың тәуелсіздікті армандаған ойларын паш еткен осындай мағыналы шығарма қазақ қоғамында елеусіз қалмады. 2014 жылы композитор Балнұр Қыдырбек осы «Реквием» шығармасы үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Балнұрдың ешкім қалам тартпаған жанрларға баруының өзі тыңнан соқпақ салуға жасқанбайтын өжет мінезін, сайы­п келгенде оның тектілігін дәлелдесе керек. Ол өзінің бабасы қолбасшы, ақын Қа­зыбек бек Тауасарұлы туралы пікірталастар туғанда бабасының рухы үшін білек сыбанып кірісіп кетті. Ақы­ры тарихи деректерді дәлелдеп, жеңіп шық­ты. Бұл жерде оның журналистік қабілеті (Қазақстан Журналистер одағы­ның мүшесі), ғалымдығы (филология ғылымдарының кандидаты) көп әсерін ти­гізді деуге болады. Оның жеңіп шығуына дәлел болған Қазыбек бек Тауасарұлының «Артқыға қалдыра алсаң, сөзің жетер» деген өлеңдер жинағы еді. Жинақты Бал­нұрдың өзі баспаға дайындап, 2002 жылы «Елорда» баспасынан бастырып шығарды.

Балнұрдың бір ерекше қасиеті – оның ұлтына, туған халқының тарихына, хал­қының фольклорына деген сүйіс­пеншілігі мен құрметі. Бұл қасиеті оның шығармаларынан байқалады. Хал­қы­мыздың ерлік дәстүрін жырлайды. Оған мысал, симфониялық поэмалары: «Бек­болат», «Шапырашты Наурызбай батыр­дың Қаскелеңмен жекпе-жегі», халық­­тың ақындық дәстүрлерін арқау еткен «Қожаберген жыраудың батасы», «Бөрілі менің байрағым», «Көк байрағым, жел­біре», «Қыз бен жігіт айтысы» деген шы­ғар­малары дәлел. Бұл жерде Бал­нұрдың ұлт­тық фольклорды заманауи му­зыка тіл­імен суреттей білген шеберлігін көруге болады.

Балнұр кино мен театрға да музыка жазды. Оның симфониялық поэма­лары, увертюралары мен кантаталары, ор­кес­тр­лік күйлері қаншама. Еңбек­қор ком­­позитордың өндіріп жазған шы­ғар­малары көпшіліктің көңілінен шығып, рухани азық беріп келеді. Оның жазған­дарының тек нотасын ғана көшіріп шығу үшін бір адамның өмірі кетеді деуге болады.

2022 жылдың соңғы күндері «Астана Опера» театрының ұжымы Балнұрдың «Қалқаман-Мамыр» опера-балетін сах­наға шығарды. Екі күн қатарынан болған спектакльге халық көп келді. Көп ке­летін жөні де бар еді. Біріншіден, опера-балет деген атының өзі – көп­шілікке көптен таныс емес, көрерменнің қы­зы­­ғу­шы­лығын тудыратын та­қырып. Сондай-ақ кейінгі жылдары Шәкәрімнің өмірі мен шығар­машылығы туралы мәліметтер аңызға ай­налған. Сонымен қатар қазақ өнеріне жаңа жанр қосылды деп қуанып, гүл шоқ­тарын құшақтап келген өнер шебер­лері де, «тұңғыш «опера-балетті» жазуға кімнің батылы барды, қалай жазыпты деген» сұрақтар көкейін тескен қызы­ғушылар мен қызғанушылар да келіп, көрермен қатарын көбейтті.

Опера-балетті сахнаға шығаруға, оның сапалы, жоғары деңгейде өтуіне театр басшылығы ерекше мән берді. Москвадан белгілі өнер қай­­­раткері Қазақстан Мемлекеттік сый­лығының иегері, Ресей халық әртісі, қою­шы режиссер Юрий Алек­­­сан­дров шақырылды. Қою­шы хорео­граф болып «Золо­той Ви­тязь» атты VІІІ Халықаралық театр фо­ру­мының лауреаты «Театральный олимп» І федеральдық фестивалінің күміс жүл­­дегері, «Волгабойы театр маусымы» ІV Бү­кілресейлік фестивалінің лауреаты На­­дежда Калинина келді.

Жалпы, театр ұжымында көлемді опера­лық қойылымдарға өте жауап­кер­шілікпен қарайтын тәртіп қалып­тас­қан. Бұл жолы да театрдың шы­ғар­­­машылық ұжымы түгелдей дер­лік жұмыл­дырылды. Осындай тия­нақты да сапалы дайындықтың нәтижесінде қо­йылым жоғары деңгейде өтті. Екі бірдей жанрдың жүгін көтеріп тұрған күрделі де көлемді қойылымды дарынды дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин зор шабытпен орындап шықты. Талғампаз көрерменнің ком­позиторға, театр ұжымына көрсеткен қошеметі ерекше болды. Сол қошеметке біз де қосыла отырып, Балнұрдың компо­зи­торлық қуатының толысқан шағын көрдік. Әлі талай тамаша туындыларына куә болатынымызға сендік. Иә, Бал­нұрдың музыка өнерінде шығар биігі, алар асуы әлі алда.

 

Тілеуғазы БЕЙСЕМБЕК,

Қазақстан Композиторлар

одағының мүшесі