Театр • 10 Қазан, 2023

Сахнада – «Сильфида»

203 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен апта бекзат өнер көрермендері үшін тамашаға толы болды. Себеп – «Астана Опера» театрындағы әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова қойған Г.Левенскольдтің «Сильфида» балетінің айтулы премьерасы.

Сахнада – «Сильфида»

Мәдениет және ақпарат министр­лігінің қолдауымен сахна көрген бұл қойылымды екі ғасыр бойы өзінің қай­таланбас тарихы мен романтикалық эстетика рухын сақтап келген көне балет дәуіріне қайта оралу болды десек, қателеспейміз. Өйткені көрермен әйгілі шотланд аңызының заманауи сахнада қайта жандануына куә болды.

Өткенге сәл шегініс жасап, таңға­жайып туындының тарихы турасында толғансақ, француз хореографы Филиппо Тальони өзінің қызы Мария­ның бірегей би машықтарын паш ету үшін бұл балетті 1832 жылы арнайы қойған. Түр әлпеті көз қызығатындай бол­маса да, Мария тамаша биші болатын. Осы­лайша, хореограф әке қызының кем­шіліктерін артықшылыққа айналдырды. Өзінің техникасы мен ха­ризмасының арқасында Мария Силь­фиданы жеңіл, денесіз тіршілік иесі ретінде бей­­нелеп, бишілердің бірнеше буынын шабыттандырған тамаша образ тудырды. «Сильфиданың» тағы бір таңғалдырарлық тұсы – ол кордебалеттің бидегі көрінісі кейбір үзінділерде бале­ринаның па қи­мылын толықтай қай­­­талаған тұңғыш ба­лет болды.

ав

Өзі де, сахналық тарихы да таңға­жайыпқа толы орман перілері туралы шотланд аңызы арқау болған айтулы спектакльді «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асыл­мұратова жаңаша сараптады. Ал төрт құрамда ойнаған әртістердің барлығы да өз биігінен көрінді. Әсіресе бұл бейненің Мәдина Өнербаева үшін орны бөлек. Себебі балерина үшін Сильфида жаңа партия емес. Жетекші солист ауа перісінің бейнесін бұған дейін де түрлі қазақстандық театр сахналарында жүзеге асырған. «Астана Операда» ол көрермендерді өзінің техникасымен кезекті мәрте таңғалдырды. Әртіс өнерінің керемет болғаны сонша, ол шынымен әуеде қалықтап жүр деген ой туды. Бишілік және актерлік шеберлігінің арқасында Мәдина мінсіз отандық прималардың қатарынан ойып тұрып орын алды. Ал Мәдинаның сахнадағы сәтті тәжірибесін келесі құ­рам­дарда өнер көрсеткен Шұғыла Әдеп­хан, Анастасия Заклинская мен София Әділханова да табысты жалғады. Балет бикештері Сильфида партиясында сахнаға алғаш рет шыққанына қарамастан, көрерменін сұлу қимылымен сүйсінтті. Әсерлі өрілген әрекет пен көркем қимыл көрушісін тамсантпай қоймады. Әртістер түрлі техникалық жай-жапсарға толы хореографиялық су­рет­ке мүлтіксіз ілесіп, ең бастысы ауа­дай же­ңілдік идеясын сәтті жеткізді.

Джеймс партиясына тоқталар бол­сақ, бұл бейне барлық уақытта өте күр­делі рөл саналып келді. Соған қара­мастан «Астана Опера» солистері алдарына қойылған тапсырманы табысты еңсерді. Олар орындаудың тамаша техникасын паш етіп, өз кейіпкерінің уайымы мен сезімдерін барынша анық көрсетті. Атап айтсақ, Джеймс партиясында жар­қыраған Еркін Рахматуллаев, Серік Нақыспеков, Диас Құрманғазы, Данияр Жұматаев көрермендерге жағдайдың қаншалықты ауыр екенін сезіндірді. Кейіпкер жер мен тылсым қатынастар алдында таңдау жасауға қиналады. Олардың биікке секіруі, аяқтың ұсақ техникасы, денені дұрыс ұстай алуы – мұның барлығы солистердің жоғары кәсіби шеберлігін паш етті. Сондай-ақ балет әртістері Сұлтанбек Ғұмар, Қуат Кәрібаев, Сұңғат Қыдыр­бай орындаған Мэдж сиқыр­шы рөлінің жарқындығы да қо­йылымға ғажайып өрнек қосты.

Сөз жоқ, әртістер тұтас спектакль тоғыстырылған шым-шытырық оқиға желісін сәт­ті жеткізе білді. Сахнаның бе­зен­дірілуі көрермендердің ойын бөлген жоқ, керісінше естен кетпес эстетикалық әсер сыйлады. Әлбетте, бұл – сценографтың еңбегі. Көңілге құрмет орнықтырғаны – қоюшы суретші Вячеслав Окунев декорациялардың кескінін жасау кезінде заманауи бейне мен 3D шешімдерді емес, спектакльдің тарихи безендірілуін негізге алыпты. Сөйтіп Шотландияның табиғатын көз алдыңызға әкелетін қолдан са­лынған жұмсақ декорацияларды пайдалануды, сондай-ақ ескі заманның атмосферасын сақтау үшін шаруа қыз Аннаның үйін (қатты декорациялар) көрсетуді ұйғарыпты. Ал жарық бойынша суретші Сергей Шевченконың арқа­сында жарық эффектілері осынау қиял-ғажайып хикая­ның құпиялылығы мен көр­кемдігін одан сайын арттырып, қой­лым атмосферасын керемет құл­пыртты.

Осы тұрғыда «Ас­тана Опера» сим­фо­ниялық оркестрінің жанға шуақ сый­лаған тыңғылықты ізденісін де атап өт­песке болмайды. Еркін әрі мәнерлі орындау әрбір сахнаның көңіл күйін дәл жеткізіп отырды. Қоюшы дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігімен музыканттар партитураның әсемдігі мен нәзік ерекшеліктерін тұшымды бейнелеп, көпшілікті қайталанбас әсерге бөледі.

«Астана Операдағы» премьера – «Сильфиданың» қайта жаңғыруы ғана емес, сонымен қатар балет тарихына жасалған тамаша саяхат болды десек, титтей артық айтқандығымыз емес. Тоқетерін түйгенде, бұл «Сильфида» шы­ғармашылық ұжымның үздік ізде­нісін паш еткен, шотланд аңызының заманауи сахнада қалай жанданғанын көрсеткен театрдың тамаша табысы болғаны анық. Қойылым көркемдік талғам үдесінен шығып қана қоймай, көрермендерге жүректе ұзақ сақталатын ғажайып көңіл күй сыйлады.