Қайрат Үмбетов облыс басшылығының өңірдегі Ұлттық ұлан әскерімен әріптестік негіздегі қарым-қатынастар орнатқаны үшін алғысын білдіріп, құқықтық тәртіп әскерінің Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың сапар барысына қойған тапсырмалары және маңызды республикалық іс-шараға қатысты жоспарларымен таныстырды. Сондай-ақ Ұлттық ұлан бас қолбасшысының бұйрығымен Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовті «Құқықтық тәртіп әскеріне 30 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Екі тарап осыған дейін қол жеткізілген достық негіздегі әріптестік қарым-қатынастарды әрі қарай да жалғастыруға келісті.
Дәл осындай мерекелік медальмен Орал гарнизоны бойынша әскери прокурор, әділет подполковнигі Марат Бұтымбаев та марапатталды. Қайрат Үмбетов сапар аясында қызметке жаңа тағайындалған әскери прокурормен кездесу өткізді. Қос тарап өңірдегі құқықтық тәртіп пен әскери ортадағы заңдылық туралы пікірлесті. Әділет подполковнигі Марат Бұтымбаев Ұлттық ұлан әскери бөлімдерімен жұмыс барысы туралы әңгімелесе келе, прокуратура қызметкерлерінің әскери ортада заң мен тәртіпті нығайту бойынша әр кез қолдау көрсететінін жеткізді.
– Ұлттық ұлан – құқықтық тәртіп әскері. Өз қызметінде әрқашан заңдылықты сақтау қағидаларын басшылыққа алады. Елімізде тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, қорғаныс қабілетін нығайту – біздің ортақ міндеттеріміз. Бүгінгі марапатыңыз осы міндетті бірге жүзеге асыруға өз септігін тигізетініне сенімдімін, – деді генерал-майор Қайрат Үмбетов марапатты тапсыру барысында.
Сапар барысында Халық қаһарманы Орал қаласының құрметті ақсақалы, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Вениамин Сколенкомен де кездесті. Ұлттық ұланның әскери оркестрі ардагердің ауласына келіп, соғыс және патриоттық тақырыптағы шығармаларды орындады. Генерал-майор ардагердің алдында құттықтау сөз сөйлеп, бағалы сыйлықтарды тапсырды.
«Ұлттық ұлан – әскері жауынгерлік дәстүрді берік ұстанған әскер түрі. Біз ардагерлерімізге әр кез құрмет көрсетуге, сіздер сыйлаған бейбіт күндерді сақтауға, елімізді қорғауға дайынбыз», деген ол Ұлттық ұлан бас қолбасшысының құттықтау хатын оқып берді.
Ардагер көрсетілген құрметке алғысын айтып, халықты бірлік пен достыққа шақырды. Ел қорғауында жүрген азаматтарға зор денсаулық тіледі. Кездесу Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінің әскери оркестрінің сүйемелдеуімен орындалған шағын концертке ұласты.
Дариға ҚҰРМАНАЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті