Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Оқырмандарға түсінікті болу үшін әңгімені әріден бастайық. 28 қыркүйекте Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғары ғылыми-техникалық комиссия отырысында ғылымды дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған басым бағыттары айқындалды. Аталған салаға жауапты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек отырыста: «Алдағы жылдарға арналған ғылымды дамытудың алты басым бағыты халықаралық тәжірибені, атап айтқанда, Еуропалық одақ елдері, Канада, Аустралия, Малайзия, Испания, басқа да мемлекеттерді, сондай-ақ ел Президентінің халыққа Жолдауында және басқа да бағдарламалық құжаттарда белгіленген стратегиялық міндеттерді ескере отырып әзірленді. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыты жеке қарастырылады. Бұл тізімге «Экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану», «Энергия, озық материалдар және көлік», «Озық өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар», «Елдің зияткерлік әлеуеті», «Өмір және денсаулық туралы ғылым» және «Агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту» бағыттары енді. Өз кезегінде бағыттардың әрқайсысы 8-ден 18-ге дейінгі бөліктен тұрады», деді.
Үкімет таратқан ақпаратқа сүйенсек, белгіленген басымдықтар шеңберінде су ресурстарын ұтымды пайдалану, топырақ сапасын сақтау, энергетикалық қауіпсіздікті (соның ішінде жылу энергиясын) қамтамасыз ету, парниктік газдар шығарындыларын азайту және жаңартылатын көздерді дамыту мәселелеріне назар аударылады. Сонымен қатар құрылыс, машина жасау, өнеркәсіп, көлік технологиялары, роботтехника, жасанды интеллект, жаңа материалдар жасау, телекоммуникация, медицина, фармацевтика, мал шаруашылығы, егіншілік, ауыл шаруашылығы өнімдері мен шикізатын өңдеу және сақтау, тамақ өнімдерін өндіру және тағы да басқа салаларда зерттеулерді қолдау жоспарланып отыр. Жаратылыстану ғылымдары саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер де қарастырылған.
Міне, осы өзгеріске қатысты ғалымдар тарапынан сын көп айтылды. Ұлттық құрылтай мүшесі, Ұлттық биотехнология орталығы зертханасының меңгерушісі Мақсат Жабағин де пікірін білдірді.
«Комиссия отырысында мақұлданған жаңа басым бағыттарға қатысты ғылыми ортада, талқылауларда, чаттарда, әлеуметтік желілерде аз айтылған жоқ. Әріптестерімнің көп келтірген дәлелдемелерін қайталамаймын. Бұл жағдайды бір тезиспен бағалауға болады: Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми қоғамдастықтың сенімін сарқып алды, ал Жоғары ғылыми-техникалық комиссия ғылымдағы нақты жағдайдан қаншалықты алыс екенін көрсетті. Осы жерде қабылданған шешімге қайшы келетін бірнеше маңызды дүниені ғана атап өтейін. Ең алдымен «Ғылым туралы» заңның «Ұлттық ғылыми кеңестер» деп аталатын 19-бабының 2-тармағында Ұлттық ғылыми кеңестердің негізгі міндеттерінің бірі ретінде еліміздің жаңа ғылыми бағыттардағы қажеттіліктерін бағалау ісі көрсетілген. 2023 жылдың мамыр айында Жоғары ғылыми-техникалық комиссияға ғылымның 2024-2026 жылдарға арналған басым бағыттарын пысықтау тапсырмасы берілгеннен кейін, жауапты министрлік «Ғылым туралы» заңға сәйкес мәселені талқылау үшін Ұлттық ғылыми кеңеске жолдаудың орнына кезекті жұмыс тобын құрды. Оның жұмыс нәтижелерімен Ұлттық ғылыми кеңес те, ғылыми қауымдастық та тиісті түрде таныспады және талқыламады. Аталған Заңға сай Жоғары ғылыми-техникалық комиссия Ұлттық ғылыми кеңестің ұсыныстарын қарауға міндетті. Осылайша, ғылымды басқарудың қазіргі моделінде бұл шешімді қабылдаудағы Ұлттық ғылыми кеңес пен Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның байланысы бұзылды», деді жас ғалым.
Генетик ғалымның пікірінше, бекітіліп қойған басым бағыттар тағы бір маңызды құжаттағы талапқа қайшы жасалған. Елімізде 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес (Үкіметтің №248 қаулысы) Жоғары ғылыми-техникалық комиссия арқылы 2023-2025 жылдарға арналған ғылымды дамытудың 10 басым бағыты бекітілген. Логикаға салсақ, Жоғары ғылыми-техникалық комиссия 2023 жылдың мамыр айында 2026 жылдан бастап ғылымның басым бағыттарын пысықтауды тапсыруға құқылы болды. Сол тұжырымдаманың «Ғылымды дамыту» деп аталатын 3-тарауы «Ғылымды әкімшілендірудің жаңа моделін енгізу» атты 1-параграфында «Ұлттық ғылым академиясының қызметі ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын әзірлеуге шоғырланады» делінген. Демек мұндай маңызды шешімдерді шығаруда ғылымның даму тұжырымдамасы ешкімге қажет емес.
«Бұдан болашақта Қазақстанда ғылымның дамуы үшін ең нашар нәтижені күтсек те таңғалуға болмайды. Түптеп келгенде, ғылыми бағыттарды басым және басым емес бағыттарға бөлу тәсілі мүлдем дұрыс емес. Ғылыми әдіс арқылы алған барлық білім мен ақпарат қандай да бір жағдайда қажет болады. Кез келген ғылыми бағыт шеңберінде алынған кез келген құзырет ертең тікелей немесе жанама түрде пайдасын тигізеді. Сондықтан бәрін мүмкіндігінше дамыту керек. Ал министрлік керісінше бағыттарды қысқартып тастады. Осы ақпаратты естіген соң, күн тәртібінде мәселе ретінде көтердік. Қысқарту дұрыс емес деп хат та жаздық. Бірақ комиссия сол күні өтіп кетті, Ұлттық ғылыми кеңесті, ғалымдардың ойын және тәжірибесін елемеді», дейді М.Жабағин.
Осы мәселе бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігіне хабарластық. Ғылым комитеті басшысының орынбасары Асылхан Жәнібекұлы бізге берген жауабында ешқандай заңбұзушылық жоқ екенін айтты.
«Ғалымдар көбіне осы шешім еш келісімсіз, ақылдасусыз қабылданып кетті деп наразылық білдіріп жатыр. Бұл жұмыс 4 ай бұрын, нақтырақ айтқанда, мамыр айында басталған болатын. Жұмыс тобы да сол кезде құрылды. «Ғылым туралы» заң бойынша Үкімет іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындайды. Жоғары ғылыми-техникалық комиссия – Премьер-министр басқаратын, Үкімет жанындағы алқалы орган. Ғылым бойынша уәкілетті органның құзыретіне іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын әзірлеу кіреді. Ұлттық ғылым академиясы стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындау жөніндегі ұсынымдарды тұжырымдайды. Ал Жоғары ғылыми-техникалық комиссия айқындаған басымдықтарға сәйкес мамандандырылған ғылыми бағыттарды қалыптастыру Ұлттық ғылыми кеңестердің негізгі міндетіне жатады. Жұмыс тобының мүшелері бірнеше ай бойы басым бағыттарды айқындауда зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізді. Тамыз айында барлық мемлекеттік ұйымға ғылымды дамытудың басым бағыттарына ұсыныс жіберуін сұрап арнайы хат жаздық. Елімізде үш жүзден аса ғылыми ұйым бар, әрқайсысы әртүрлі министрлікке, мемлекеттік ұйымға немесе университетке қарайды. Жүйе бойынша біз хат жіберген ұйымдар өздерінің мамандарына, сол ведомствоға қарасты ғылыми ұйымдарына өздері жолдауы керек. Нәтижесінде, ұсыныстың жоқтығы туралы хаттар ғана келді. Сонымен қатар Ұлттық ғылыми кеңестерден де, Ұлттық ғылым академиясынан да ұсыныстар келмеді. Сол себепті құрамына мемлекеттік органдардың қызметкерлері, ғалымдар кірген жұмыс тобының зерттеу-зерделеу жұмыстарымен осындай басым бағыттар әзірленіп шықты. Бұл ретте заң нормалары да, Ұлттық ғылыми кеңес пен Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның байланысы да бұзылған жоқ», деді Ғылым комитеті басшысының орынбасары Асылхан Жәнібекұлы.
Оның айтуынша, түрлі түсінбеушілік көбейіп кеткендіктен, Ғылым комитетінің өкілдері Zoom арқылы 200-ден аса ғылыми қызметкерге жаңа басым бағыттарды түсіндіріп, олардың сұрақтарына жауап берген. Сонда көбі басым бағыттардың қатары бұрынғыдан азайып кеткеніне наразылық білдіріпті.
«Отандық ғылымның барлық саласын бірдей дамыту, бәріне бірдей көңіл бөлу – біздің де міндетіміз, біздің де қалауымыз. Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның 2023 жылғы 18 мамырдағы соңғы отырысының нәтижелері бойынша бізге халықаралық тәжірибені ескере отырып, ғылымның 2024-2026 жылдарға арналған басым бағыттарын пысықтау және басым бағыттардың тізбесін қайта қарау тапсырылды. Мәселен, бірқатар Жоғары ғылыми-техникалық комиссия мүшесінің пікірінше, ғылымды дамытудың кейбір басым бағыттары экономика салаларының атауы саналады. Нәтижесінде, ғылыми қоғамдастық өкілдері мен Жоғары ғылыми-техникалық комиссия мүшелері құрамында жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының қорытындысы бойынша ғылымды дамытудың ғылыми-технологиялық басымдықтарын айқындаудың әлемдік тәжірибесі (Канада, Аустралия, Мажарстан, Малайзия, Испания, Еуроодақ елдері) талданды. Негізгі бағдарлар ретінде әлемдік ғылымның, технологияның және инновацияның жаһандық және ұлттық дамуының жаңа сын-тегеуріндері назарға алынды. Горизонт бағдарламасын іске асыру тәжірибесі Еуропалық Одақта ғылымның басым бағыттары ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің күрделілігі ескерілетінін көрсетеді. Экономикасы біздікіне ұқсас көптеген елде ғылымның барлық саласын жан-жақты қамтитын бағыттардың саны алтыдан аспайды. Бұл ретте ғылымның, технологияның және инновацияның пәнаралық сипаты байқалады. Осылайша, халықаралық тәжірибені, елдің стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында қойылған стратегиялық міндеттерін ескере отырып, жұмыс тобы ғылымды дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған басым бағытын мақұлдауға ұсынды», дейді Асылхан Жәнібекұлы.
Оның сөзіне қарағанда, ешбір ғылыми салада қаржыландыру көлемі қысқартылмайды. Бәріне көңіл бөлінеді. Басым бағыттар азайтылғанымен, бұрынғы бағыттар жай ғана біріктірілген. Мысалы, көбі шағымданып жатқан «Елдің зияткерлік әлеуеті» деген басым бағытта екі тармақ бар: әлеуметтік-гуманитарлық және жаратылыстану-техникалық ғылымдары. Осы екі тармақ бойынша енді екі Ұлттық ғылыми кеңес құрылады. Сонда әр ғылыми салаға бөлінетін қаражат та бір-біріне араласпайды. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ.