Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Швеция неге шала бүлінді?
«Балалар әдебиеті» баспасының директоры Шайзада Мұхамеджанова балалардың сапалы білім алуы үшін цифрлы контенттен гөрі дәстүрлі оқулықтарды көбірек пайдаланған ұтымды екенін алға тартты. Өйткені қағаз басылымдағы оқулықтармен оқушылар оқу бағдарламасын жылдам меңгере алады әрі оның санитарлық нормаларға сәйкестігі де дәлелденген. Цирфлы оқулықтардағы оқу материалдарын оқушы жылдам көз жүгіртіп шығатындықтан, есінде сақтай алмайды. Осы орайда Ш.Мұхамеджанова соңғы кезде «баспа саласындағы монополияны жою керектігіне» қатысты айтылып жүрген пікірмен келіспейтінін айтты. Оның айтуынша, оқулық шығарумен айналысып жүрген баспалардың бүгінде өз тарихы, мол тәжірибесі бар. Білім бағдарламаларын жеткілікті меңгерген, оқыту үрдісіндегі жаңашылықты игеруге икемделген авторлық ұжымдар қалыптасқан.
– Бастауыш сынып оқушылары үшін оқу материалын оқулықтан оқып үйренсе, көкейге түйгенін қағазға қаламмен жазып, жазу мәнеріне де жылдам машықтанады. Ол бала санасының өрістеуіне, қимылының дамуына ықпал етері сөзсіз. Сондықтан балалардың сөмке ауыртпалығын жеңілдету үшін оқулықтарды тоқсандық бағдарламаға сай бөліп шығару үрдісін жалғастыру қажет. Бұл балаға да, баспаға да, мұғалімге де ыңғайлы. Артық шығынды қажет етпейді. Ал электронды оқулықтарды енгізу таяу болашақта бір реткі жоба күйінде қалып қоймаса екен. Оның әлеуетін толыққанды пайдалану үшін балалар денсаулығына кері әсерін қарастырған жөн. Бүгінде әлемнің озық елдері, үздік білімімен көш басында тұрған Гарвард, Оксфорд сияқты университеттер де дәстүрлі оқулықтардың маңызын түсінген. Тіпті әлемге атағы шыққан ғалымдар, бизнес өкілдері де жетістікке жетуде оқуға тиіс әдебиеттерді кітап түрінде оқуға кеңес береді. Ақпараттық кеңістік ғылыми кеңістіктің рөлін атқара алмайды. Сондай-ақ электронды платформаларды пайдаланудың тегін еместігін де ескерген жөн. Технологиялардың дамуымен қосымшаларды жаңартып отыру да қосымша шығынды қажет етеді. Ұлттық маңызы бар жобаларды іске асыруда терең талдау, ішкі қажеттіліктерді зерделеу аса маңызды, – дейді Ш.Мұхамеджанова.
Цифрлық кеңістіктің адамзат үшін пайдасы мен кері әсерін ғалымдар үнемі қаперде ұстап келеді. Жуырда Швеция елі планшеттердің орнына дәстүрлі оқулықтарға көше бастады. Бұл елде цифрлық технологиялардың оқу үдерісіне дендеп енуімен балалардың кітап оқуында қиындықтар белең алған. Халықаралық зерттеулер нәтижесіне сәйкес, балалардың оқуы мен мәтінді түсінуі 12-ден 19 пайызға дейін өскен. Осыған алаңдаушылық білдірген Швеция билігі аталған мақсатқа 58 млн еуро, алдағы екі жылға 44 млн еуро қарастырып отыр. Ондағы мақсат – әрбір оқушыны әр пән бойынша оқулықпен қамтамасыз ету. Ал бастауыш сыныпта жазу барысында планшеттер қолданылмайды. Өйткені бала 10 жасқа дейін жазу мәнерін қалыптастыруы қажет. Ал қолмен жазған кезде мәнерлеп жазуға да, сауатты оқуға да бейімделетін болады.
Ауыр сөмкені жеңілдетудің амалы
Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің хабарлауынша, орта білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынылған электронды оқулықтардың жалпы саны 436 атауды құрайды. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларының пәндерін электронды оқулықтармен қамтамасыз ету 80 пайызға тең. Қазіргі күні сараптамаға орта білім берудің оқу жоспарларының барлық пәні бойынша қазақ және орыс тілдерінде 255 оқулық келіп түскен.
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Электронды оқулықтар қағаз оқулықтардың орнын алмастырмайды, дәстүрлі оқулықтарға қосымша оқу материалдары ретінде пайдаланылады. Электронды оқулықтардың артықшылығы – мультимедиялық, интерактивті контенті мен функцияларында. Өз кезегінде, оларды оқу үдерісінде пайдалану педагогтердің сабақты тартымды өткізуіне көмектеседі. Осылайша, оқушылардың білім алуға деген қызығушылығын арттыру көзделіп отыр. Электронды оқулықтардың бейне, аудио контенті болуына байланысты, оларды электронды түрде пайдалану маңызды. Осыған орай электронды оқулықтар қағаз оқулық түрінде басылымға шығарылмайтынын еске саламыз. Бүгінде электронды оқулықтар 9 платформада орналастырылған және бұл оқу үдерісінде жергілікті атқарушы органдардың осы платформаларға жазылуы негізінде жүзеге асады», деп хабарлады комитет мамандары.
Оқулықтарды әзірлеу және оларды басып шығару дамыған елдердегідей бәсекелестік ортаға берілген. Осыған байланысты, оқу басылымдарын дайындау мен басып шығаруға, сондай-ақ электронды оқулықтарды әзірлеуге мемлекеттік бюджеттен қаражат көзделмеген. Оны баспалар, әзірлеушілер жүзеге асырады. Ал оқу басылымдарын сатып алуға, оның ішінде электронды оқулықтарға жазылуға арналған қаражат жергілікті бюджеттен жұмсалады.
Электронды оқулықтарды «Алматыкітап», «Атамұра», «Мектеп», «Арман-ПВ», «Келешек-2030», «Астана-кітап», «Express Publishing», «Oxford U.P.», «Көкжиек-горизонт», «Edustream», «Назарбаев зияткерлік мектептері» баспалары, сондай-ақ «Жаңа білім беру технологиялары» және «Педагогикалық технологиялар және білім беруді ақпараттандыру орталығы» IT компаниялары әзірлеген. Қазіргі уақытта 1 балаға арналған оқулық жиынтығының құны шамамен 41 мың теңгені құрайды. Осы орайда жергілікті атқарушы органдар оқу басылымдарын тиісті өңірдің мектеп жасындағы бала санына қарай сатып алады. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындау және сараптау қағидаларына сәйкес оқулықтар орта білім беру ұйымдары үшін әрбір 5 жыл сайын жаңартылатынын ескерген жөн.
Интернеті нашарға игілік емес
Оқу-ағарту министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Кембридж университетінің магистрі, сарапшы Нұрмұхаммед Досыбаевтың айтуынша, электронды оқулықтар дамыған елдерде заманауи мүмкіндіктерге бола қолданысқа енгізіліп жатыр. Нәтижесінде, оқушылар көрнекіліктердің сан алуандығы мен электронды оқулықтардың витруалды мүмкіндіктерін барынша пайдалана алады. Алайда еліміздегі мектеп жетіспеушілігі, екі, үшауысымды мектептер мәселесі мен интернет қолжетімсіз аймақтар жағдайын сараптай қарайтын болсақ, электронды оқулықтарды пайдалануды көрпеге қарай көсілу қағидатымен іске асырған абзал. Себебі қомақты қаржыны қажет ететін жоба инфрақұрылымы жарақталған, интернет жақсы жұмыс істейтін аймақтарда, бірауысымды әрі инновацияға жағдай жасалған, мұғалімдердің біліктілігі жоғары мектептерде қанатқақты жоба ретінде іске асуы керек.
– Өкінішке қарай, елімізде интернет желісі жетпеген аймақтар бар. Интерактивті құралдарды, қарапайым электронды поштаны дұрыс пайдалана алмайтын мұғалімдердің де бар екенін жасырмаймыз. Сондықтан ұлттық деңгейде қолға алынып жатқан жобаны іске асыруды оқушылардың сөмкелерін жеңілдетумен байланыстырған мүлде дұрыс емес. Цифрландыру әлемдік тенденция болғандықтан, оны бүгінгі қоғамның сұранысына қарай икемдей отырып, балалардың денсаулығына зияны тимеу жағынан қарастыру қажет болатын. Бізде бір мәселені шегіне жеткізіп зерттеп алмай, оның салдарын тартып жататынымыз қалыпты жағдайға айналғандай. Балалар қазіргі кезде көп уақытын компьютерде, гаджетте өткізеді. Ендігі кезекте сабақ барысында ғаламторға алаңдаушылығы ауатын болады. Жаңадан қалыптасып келе жатқан бала ағзасына компьютер технологияларының зияны бар екені ғылыми тұрғыдан әлдеқашан дәлелденген. Осы орайда тиісті ведомство балалардың сөмкесін жеңілдету жағын басқа да әдіс-тәсілдермен шешуі қажет. Ендігі жағдайда қолданыстағы мектептерде балаларға қолайлы жағдайлар қарастырылып, шкафтармен қамтамасыз етілуге тиіс. Шкафтарда оқушылар қажетті заттарын сақтап, оқулықтарын қоюына мүмкіндік алар еді, – дейді Н.Досыбаев.
Үкімет еліміздегі мектеп тапшылығын шешіп, балаларды заманауи білім орталықтарымен қамтамасыз ету үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қолға алғаны белгілі. Жоба аясында 2025 жылға дейін елімізде 400-ден астам заманға сай мектептер салу міндеті тұр. Осы орайда Н.Досыбаев «Таяу жылдарда мектептер тапшылығы мен екіауысымды мектептер мәселесін толығымен шеше алмаймыз» деген пікірін айтты. Ал оның басты себебін елімізде жүйелі көзқарас қалыптаспағандығымен байланыстырған сарапшы: «Жеріміз қазба байлыққа бай, қаржылық тұрғыдан ауқымды жобаларды жүзеге асыруға шама-шарқымыз жетеді. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға дайын кәсіпкерлік әлеуетіміз де дамыған. Ұлттық деңгейде жүзеге асырылатын жобаларды іске асыруда инновациялық стандарттан тыс шешімдерге бара алмайтынымыз қынжылтады. Мұндай әлеуметтік жобаларға сарапшыларды тартып, қоғам болып шешу жолын қарастыру қажет. Бүгінде дамыған елдерде екіауысымды мектептер атымен жоқ», деп жауап берді.
Біздің сауалымызға министрлік берілген жауабында бүгінде оқулықтарды шығару бәсекелестік ортаға берілгені айтылған еді. Алайда кейінгі жылдары оқулықтардың сапасы, мазмұндағы қателер қоғам талқысына жиі ұшырап жүргені мәлім. Бұл мәселе Үкімет тарапынан да, Парламентте де талқыланғанымен, оқулықтардың сапасы әлі күнге сын көтермей келеді. Н.Досыбаевтың пікіріне сүйенсек, нарықта белгілі деген баспалардың өзі оқулық сапасына кепілдік бере алмай отыр.
– Оқулықтардағы қатеге қатысты сын жиі айтылып келеді. Оқулықтардың интерактивтілігінің сын көтермейтіндігіне дамыған елдердегі оқулықтарға қарап көз жеткізуге болады. Ол елдерде баспалар пәнді оқытудағы әдіс-тәсілін бәсекеге қабілетті етуге тырысады. Ал қандай оқулықты қай баспадан алу қажеттігін мектеп мұғалімдері шешеді. Айналып келгенде, бұл мәселе бізде білім басқармаларына барып тіреледі. Жергілікті мектептер жұмыс берушінің қалауынан шыға алмайды. Сондықтан мектептер білім басқармасы, әкімдіктерге емес, қоғамдық кеңеске, тәуелсіз органдарға бағынатын болса, онда оқулық жайын әр мектеп өзі шешіп, сапасыз баспалармен жұмыс істемейтін жағдайға жететін еді. Бюджеттен бөлінетін қаражат әкімдіктердің емес, мектептердің шотына аударылса, мектеп әкімшілігі қаражатты қалай жұмсайтынын өзі шешетін болады. Дамыған елдерде кітап заңнамада арнайы баппен қорғалған. Ол елдерде нарықта екшелген, қоғам сүзгісінен өткен баспалар оқулық шығарумен айналысады. Сондықтан тиісті министрлікке қарасты оқулықтарды сараптау орталығы әлеуметтік маңызы бар, идеологиялық бағытқа ықпал ететін тарих, қазақ тілі, қазақ әдебиеті сияқты пәндерді қадағалаумен айналысып, математика, физика, химия, биология пәндерін нарыққа шығаруы керек. Сонда ғана баспалар жарысып, көрмелер, яғни нарықтық әдіс-тәсілдер арқылы өз кітабын өткізуге тырысса, сапасыз кітаптарға да, баспаларға да сұраныс азаяр еді. Сондықтан баспа саласындағы монополияны жою керек, – дейді ол.
Біздегі ата-аналардың алаңдаушылығы білім берудің дәстүрлі құндылықтарының цифрлық кеңістікте жұтылып кетуі мүмкін екенін туындап отырғанын жоғарыда айттық. Компьютер алдында ұзақ отырудың бала денсаулығына кері әсері туралы зерттеулерге сүйенсек, омыртқа қисаюы, дене қозғалысының азаюы, шаршау, тәуелділік артып, цифрлы құралдарды шектен тыс пайдалану «цифрлық аутизм» ғана емес, кибертәуелділікке соқтырады. Ал электронды оқулықтарды балалар игілігіне пайдаланып, нәтижелі болуы үшін тиімді қолдану жүйесі мен ғылыми сараптамасы жасалғаны қажет. Зерттеушілер оқушылардың ауыр сөмкесін жеңілдетуде «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» әдістердің баршылық екенін алға тартады.
АЛМАТЫ