Ауыл • 11 Қазан, 2023

Арқаның алтын қамбасы

252 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы халыққа Жол­дауында ет, сүт, астықты терең өңдеу және жылыжай шаруашы­лы­ғын дамытуға басымдық бере отырып, сапалы өнімді тұрақты ұсына ала­тын кәсіпорындарды қолдауды тап­сыр­ғаны белгілі. Сондай әлеуетті шаруа­шылықтар шоғыры Қарағанды облы­с­ының Нұра ауданында орна­лас­қан. Елорданың азық-түлік бел­деуін­дегі астықты ауданда қазір қызу науқан. Күзгі жиын-терім жұмыс­­тары қауырт жүріп жатыр. Алқап­тағы егін орағы, жемшөпті­ ж­инау аяқталуға таяу. Ауыл­дағы ағайынның алаң көңілі де орнына түсе бастаған.

Арқаның алтын қамбасы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Өрісінде отар-отар қой өріп...

Ертеректе егінімен аты танылған Нұра – берекелі өңір. Дәл іргесінде елдің ордасы Астана, келесі бет­кейінде кеншілердің астана­сы Қарағанды бар. Сол себепті жем­шөбі де, астығы да, мал еті де өтімді. Нұрадағы шаруаның ісі алға басуына бұл үлкен ықпалын тигізіп келеді.

Сонымен, Нұра кентінен тоқсан шақырымдай ұзап, Изендіге келдік. Мұнда ақтылы қой өргізген, Арқада Қарғалы қой тұқымын сақтап қалған ірі «Отқанжар» атты шаруашылық бар. Шаруашылықты алғаш аяғынан тік тұрғызған Қанат Отарбаев өзінің ұлы Аслан Отарбаевқа жақында шаруа қожалығының мөрін табыстапты. Бізді сол Аслан Қанатұлы қарсы алды.

см

«Отқанжар» қотанында 11 мың қой жусап, 120 ауыл тұрғыны еңбек етіп, нәпақа тауып отыр. Бір отар тоқтыны шопан Жақия Шопабаев күндіз өрістен аранға қамап жатыр екен. Дөп түсіппіз. Қойдың жайын шопаннан артық кім жақсы біл­сін? Жақия – ша­руа­шылықтағы үздік шопан. Көктемде бір отар жас тоқ­тыны қабылдап алады. Са­­нын кемітпей, салмағын өсі­ріп, қыс­қа аман-есен жеткізу – осы ең­­беккердің мо­йнында. Шаруа бас­шылығы шопанға әбден сенім артқан.

– Жақия ағамыз ертеден осы малдың соңында. Мал­дың бар бабын беске біледі. Кеңес кезінде де шопан болған. Бұл кісіге өткіз­ген тоқтыларымыз қара күзде том­паңдап шыға келеді. Басқа шо­пан­дарға да ақыл-кеңес айтып, біл­генімен бөлісіп отырады, – дейді Аслан.

ав

– «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның – көл-көсір» деп тегін айтпаған болар бабаларымыз. Ғұмырымыз осы аттың үстінде өт­ті. Көз ашқалы бері қой өсіріп, өрі­сімізді толтырып келеміз. Әлі де атпен бағамын. Қазір көбіне мо­тоциклмен бағады ғой. Қойды олай бағу қате. Қой асықпай баппен жайылса ғана еті майлы, семіз бо­лады. Осы ша­руашылықта еңбек етіп келе жат­қанымызға көп уақыт бол­ды. Ең­бектің арқасында жаман бол­ған жоқпыз, тәубе. Балаларды қа­нат­тандырдық, – дейді шопан.

Рас, қой шаруашылығының тағ­дыры дәл қазір таразыға тарты­лып тұр. Көп шаруашылық қой жүні керексіз қалғандықтан осы мәселеге тап болып отыр. Қарғалы қойының жүні кеңес одағы кезінде жеңіл өнеркәсіптің кәдесіне кәдімгідей жараған-ды. Ал қазір Алматыдан, Тараздан келіп, арзан бағаға (килосы 140 теңге) алады. Амалы жоқ шаруашылық өткізеді. Қырықтыққа кеткен ақшаны да ақтамайтын көрінеді.

Отарбаевтар ұсынып отырған Қарғалы қойының тиімділігі сонда, бұл тұқым – етті әрі жүнді. Бірақ екі жыл болды, сауда жоғын айтады шаруа басшылығы.

– Пандемия кезінде өте жақсы өтіп еді. Біздің тұтынушыларымыз – көбіне Астанадан. Оңтүстіктен де әкетіп жатады. Шымкенттен. Түркістаннан. Екі жыл болды, қой бұрынғыдай өтпей тұр. Бағасын да түсірдік. Айт кездерінде ғана тоқтаусыз саудаланады, – дейді Аслан Қанатұлы.

ол

Аз-кем арадағы әңгімені көк трак­тордың гүрілі бөлді. Мой­ны­мызды созсақ, ферманың шөп қор­шауында бір топ жігіт шөп мая­лап жатыр.

Биыл шөп түсімі аз. Жаңбыр жаумады. Құрғақ­шы­лық көп шаруаның қолын байлады. Мұндай тап­шы­лықты да «Отқанжар» ша­руа­шылығы сезініп отыр. Жеті-сегіз жыл бұрынғы шөп қорын бұзып, қайта маялап жатыр.

– Жылда 4 мың тонна шөп жинайтын едік. Биыл 2 мың тонна ғана шөп түсірдік. Абырой бол­ғанда ескі шөп қорымыз бар. Соны бұзып, қайта үйіп жатырмыз. Шөбімізді жартылай баулаймыз, – дейді шаруашылық механизаторы Тұтқабай Смағұлов.

шг

Шөп науқаны кезінде үш бригада жұмысқа кіріседі. Әр бригадада үш трактордан бар. Техника саны жеткілікті.

Онымен қоса шаруашылықта жылқы бар. Ауыл ше­тінен арнайы «Отқанжар» мал кешенін ашып қойған. Онда мал бордақылайды. Оны соятын арнайы пункт бар.

25 жастағы Сағыныш Есенбе­ков жазда механизатор болып еңбек етеді, күзде бордақыға тіке­лей өзі жауап береді. Қасында Ардақ есімді көмекшісі бар.

– Негізі, бордақыда тұрған мал­ға жем көп беру керек. Және бел­гілі бір уақытта. Сосын суы сал­қын, таза болу керек. Мал суға семіре­ді. Қазір 21 тай-жабағы тұр. Қоң­дары жаман емес. Осы жерден өтеді. Ас-тойға алады, – дейді Сағы­ныш Есенбеков.

Ірі шаруашылық ауыл тұрғын­дарын жұмыспен ғана қамтып отырған жоқ. Ауылдағы қандай да болсын жақсы бір істің демеушісі – «Отқанжар». Артық айтты демеңіз, тұтас ауылды ұстап отыр.

Изенді аулындағы жұмыс та қызу. Ауыз суды әр үйге тартып жа­тыр. Бұл да ауылдағы ағайын үшін үлкен қуаныш. Бұған қоса жақында Бейбіт Масабаев атын­дағы бокс залы ашылыпты. «Batyr bolamyn» қайырымдылық қоры­ның қолдауымен ашылған залда ауылдың 50-ден аса баласы жат­тығып жүр.

 

Жараспайдың жанашыры

Жоғарыда да айта кеттік, Нұра­ның астықты ал­қап еке­нін. Арқаның алтын қамбасына айналған өңірде егістік шаруашылығымен айналысатындар көп. Дегенмен ірі шаруашылық иелері елге, ауылға демеу болып отыр. Осы секілді жолымыз түскен «Жараспай» атты шаруашылықтың Жараспай ауылына шарапаты тиіп отыр екен.

про

Шаруашылық басшысы Сейіл­хан Қоңырбаев – алпыстан аса адамға жұмыс беруші. Ша­руашылық бағыты – егін. Өрісін малға толтырудан қашпақ емес мұндағы жұрт. Тек ауыз су мәсе­лесінің бүгін-ертең шешімі табылар емес. Егістік алқабындағы берекелі тіршілікпен-ақ елден қалған жоқ. Шағын ғана ауылдың үлкен жүректі жанашыры Сейілхан Оспанбайұлы туған топырағынан аянған емес. Ауылына жол салып берген. Ұялы бай­ланыс орнатып берген. Онымен қоса қандай да бір шаруаға қол­дау қажет болса, жолынан жығылған емес. Сол үшін де Жараспайдың жанашырын ауылдастары құрмет тұ­тады. Мәселен, жақында ғана мұғалімдер мерекесіне орай ауыл мек­тебіндегі педагогтерге бір қап ұннан сыйлапты. Осы се­кілді үнемі ауыл, аудан халқына әлеу­меттік көмек көрсетіп жүреді. «Дәу­летім асып-тасығаннан емес, мен осы топыраққа қарызбын. Менің перзенттік борышымның өтеуі», дейді жомарт жүректің өзі.

Шаруашылық биылғы межені ой­дағыдай өндіріп алыпты. Қыр­мандағы қызу тіршілік саябыр­сы­ған. Механизаторлардың дені комбайн, басқа да техникаларды келер жылға дайындау үстінде.

«Жараспай» серіктестігінде 31 397 гектар жер бар. Оның 17 670 гектары – егін. Көктемдегі егістік ке­зін­де 120-130-ға жуық адам жұмысқа жұмылдырылады. 20 мың тонна өнім сиятын қойма бар. Онымен қоса ауыл шаруашылығының түр­лі техникасы бар автопарк­те жыл он екі ай жұмыс тоқтамайды. Өйт­кені шаруашы­лықтағы шаруа солардың күшімен өнеді. Тех­никаның тоқтаусыз жүріп-тұруы еңбек күші үшін аса маңызды.

 

Шаруасы шалқыған «Шахтерское»

Қамбасы астыққа толған Сейіл­хан Оспанбайұлы­ның егін алқабы «Шахтерское» шаруашылығымен ір­гелес жатыр. Иә, «Шахтерское» – Арқадағы алпауыт шаруашылық. Серіктестік басшысы Георгий Про­коптың шаруасы шалқыған. Ал ел аузында жүрген Шахтер ауылының ажары артқан. Мұндағы тұтас ауыл егінде еңбек етеді. Екі кісінің басы қосылса, әң­гіме осы егін жайында өрбиді.

рп

Әуелі алқаптағы бригаданың жұмысын көрдік. Комбайндар әрлі-берлі егін орып жүр. Бидай тиеген «КамАЗ»-дар келесі рейске асыққан. Олар астық­тарын бригаданың орталығына тасиды. Онда элеватор бар. Орақтан жаңа келген бидайды сонда кептіреді. Шаруа иесі мұндағы техниканың бәрін жыл сайын жаңартады.

– Мен ертеден бері егін шаруа­шылығында ең­бек етіп келе­мін. Өздеріңіз көріп тұрғандай, тех­ни­ка­­мыздың бәрі жаңа. Іші иномарка секілді. Қанша мөлшер егін орғанын компьютер көрсетеді. Гер­ма­нияның техникалары өте сапалы, – дейді комбайн жүргізушісі Серік Аханов.

Бір бригада құрамында 15-18 жұмыс­шы бар. Науқан кезінде ал­қаптан ұзамау үшін жұмыскерлер осындағы жайлы үйде жатып, еңбек етеді. Асханадан түстенеді, кешкі асын ішеді.

– Биыл егіннің жайы біраз алаңдатты. 35 мың гектарға егін сал­дық. Қазір 85 пайызын жинап үлгердік. Осы уақытта еңсеріп қалуымыз керек еді. Бірақ кейінгі жауған жауын қол байлады. Одан кейінгі мәселе – киік таптады. Бірақ тәубе дейміз, бәрі ойдағыдай, – дейді Г.Прокоп.

Картоп алқабында да қар­ба­лас тірлік. Шаруашы­лық картопты биыл сегізінші рет өсіріп отыр. Алғашқы жылы 130 гектарға салды. Сөйтіп, жыл санап аумағын арттырды. Бүгінде 500 гектардан өнім жинау үстінде.

Картоп алқабына жеткенімізде бригададағы жұмыскерлер тех­никаларын өңгеріп қойыпты. Бөлімшеден «Пазикпен» арнайы жеткен кешкі асқа жиылған. Биылғы түсімнің орташа екенін айтады алқап басындағылар.

– Біздегі тұқым – атақты гала картобы. 1 гектардан 40 тоннадан өнім беріп жатыр. Соған қарап, түсімнің орташа екенін айту керек. Жаңбыр жинап алуға кедергі болып тұр. Күніне 1 200-1 400 тонна жинаймыз. Техникамыз жеткілікті. Сыңғырлап тұр. Жиналған картопты Шахтер ауылындағы үлкен қоймаға тасимыз. 80 гектардан шыққан өнімді тұқым ретінде пайдаланамыз. Осы уақыттан бастап қыс бойы Астанадан әкетеді. Тараз, Шымкенттен де алатындар бар, – дейді шаруашылықтың бас агрономы Дидар Әкішев.

им

Биыл 500 гектар жерден 18-19 мың тонна картоп алуды жоспарлап отыр шаруашылық. Бұлар жыл сайын Еуропадан 60 тонна тұқым сатып алады. Мемлекет тұқымға субсидия береді.

– Жер тозбауы үшін дақыл­дар­ды алмастырып отыру қажет. Мәселен, биыл – картоп, келесі жылы – бидай, одан кейін бос жатады. Қайталап отырамыз. Сонда әр өсімдік өзіне қажетті минералдарды алу арқылы жердегі тепе-тең­дікті сақтайды, – дейді бас агроном.

Георгий Прокоп даладағы шаруа­шылықтан соң, «Шахтерге» алып келді. Ауылы ажарлы. Кө­шелер асфальтталған, жарықтан­ды­рылған, көгалданды­рылған. Таза су әр үйге кіріп тұр. Орталық кө­шеге стелла мен субұрқақ ор­натылған. Жастар аллеясы бар. Супер­маркет бар. Жақында тойханасы ашылады. Жас маман­дар мен мұғалімдерге арнап тұрғын үй салып берген. Мемлекет-жекеменшік серіктестік аясында спорт кешені салынды. Құрылысқа шаруашылық есебінен 140 млн теңге қаражат бөлінсе, құны 280 млн теңге тұратын бассейн ша­руашылық қаражатына салынып, пайдалануға берілді. Бүгінде ауыл ғана емес, көршілес елді мекендегі балалар да бассейнге келіп, жүзіп жүр. Қысқасы, алпауыт шаруаның иесі барын елімен бөліседі.

Арқаның алтын қамбасына айналған нұрлы Нұрадағы біз көрген науқан осындай.

 

Қарағанды облысы,

Нұра ауданы