Әлем • 11 Қазан, 2023

Нобель сыйлығын кімдер алды?

325 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осы аптада ғылым саласы бойынша әлемдегі ең беделді мара­паттардың бірі Нобель сыйлығының лауреаттары анық­талды. Нобель сыйлығы жыл сайын физика, химия, медицина, әдебиет, экономика, бейбітшілік салаларында жетістікке жеткен ғалым­дарға, қайраткерлерге беріледі.

Нобель сыйлығын кімдер алды?

1901 жылдан бастап үздік­сіз беріліп жүрген марапат ғалым­дардың жылдар бойғы еңбегінің мойындалуының көрінісі. Мұн­дай мәртебелі марапатқа ие бол­ғандардың көпшілігі АҚШ азаматтары. Бүгінге дейін Нобель сыйлығына 412 америкалық ие болған. Ең көп лауреат атанған елдер бойынша АҚШ-тан кейін 137 лауреаты бар Ұлыбритания және 115 лауреаты бар Германия орналасқан.

Нобель лауреаттары шыққан ғылым ордалары санынан да Гарвард, Стэнфорд, МІТ сынды АҚШ университеттері алдыңғы қатарды иеленген.

2023 жылғы Нобель бейбітші­лік сыйлығы ирандық құқық қор­ғаушы және елдегі әйгілі Эвин түрмесінің тұтқыны Нар­гес Мохаммадиге «Ирандағы әйелдердің қысымына қарсы күресі және адам құқықтары мен бостандығын насихаттаудағы күресі үшін» берілді. Осылайша, ол «демократияның дамуына қосқан үлесі және Ирандағы әйелдер мен балалар құқықтарын қорғағаны үшін» 2003 жылғы Нобель бейбітшілік иегері атан­ған Шырын Эбадиден кейін осы марапатқа ие болып отырған екінші ирандық азамат атанды. Наргес Мохаммадиды мара­паттау Ирандағы «Әйел. Өмір. Бостандық» қозғалысына Но­белдік комитеттің құрметі ретін­де қарастырылды.

Медицина саласындағы Нобель сыйлығын Каталин Кари­ко және Дрю Вайсмен алды. Нобель комитеті оларды COVID-19-ға қарсы вакцина жасауға көмектескен ғылыми жаңалығы үшін марапаттаған.

Физика бойынша марапат Пьер Агостини, Ференц Крауш және Анна Л’Улье есім­ді ға­лымдарға берілді. Олар 2001 жы­лы аттосекундтық физи­ка са­ласының негізіне айнал­ған сәт­ті эксперимент жасауымен бел­гілі болған еді. Ғылы­ми қауым­дастық аталған ғалымдар­дың еңбегін «атомның ішіне үңілуге мүмкіндік берді», деп бағалап отыр.

Ал химия саласындағы биыл­ғы Нобель сыйлығының лауреат­тары америкалық ғалымдар – Мунджи Беуенди, Луи Брус және Алексей Екимов. Ғалымдарға марапат «кванттық нүктелерді ашқаны және синтездегені» үшін берілген.

Әдебиет бойынша марапат норвег драматургі Ион Фоссеге берілсе, экономика саласында Нобель сыйлығына америкалық зерттеуші Клаудия Голдин лайық деп танылды. Нобель ко­ми­­тетінің мәліметінше, марапат «еңбек нарығындағы әйел рөлі ұғымын түсінуге» қос­қан үлесі үшін берілді. Оның еңбек­­тері кейінгі 200 жылдағы еңбек нарығындағы гендерлік теңсіздіктің себептерін зерттеуге арналған. Өткен ғасырларда әйел­дер еңбегі туралы ресми ақ­па­рат болмағандықтан, авторға архив қорларынан дереккөздерді іздестіру және мәліметтер базасын құру үшін нақты детективтік зерттеу жүргізуге тура келген. Міне, сол қажырлы еңбегі әйелдер мен ерлер арасындағы жалақы мен мансаптық мүмкіндіктердегі алшақтықты біртіндеп азайтуға көмектесті.

«Әйелдің еңбек нарығындағы рөлін түсіну қоғам үшін маңызды. Клаудия Голдиннің зерттеуінің арқасында біз қазір негізгі факторлар туралы және болашақта қандай кедергілерді жою керек екені туралы көбірек білеміз», деді экономика ғылымдары бо­йын­ша сыйлықтар комитетінің төрағасы Якоб Свенссон.

Голдин Альфред – Нобель­ді еске алуға арналған экономи­калық ғылымдар бойынша Шве­ция Ұлттық Банкінің сыйлығы­мен марапатталған үшінші әйел.

Биылғы Нобель сыйлығын алған ғалымдар тізіміне талдау жүргізе отырып, әйелдердің қо­ғам мен ғылымның әртүрлі сала­сындағы маңызды жетіс­тігін айқын көруге болады. Осылайша, Наргес Мохаммади, Клаудия Голдин және Каталин Кариконың Нобель марапатын иеленуі әлемдегі гендерлік теңдікке де­ген ұмтылыста әйелдер белсен­ділігінің мәртебесін көтерді.

Әлемдегі ең беделді марапатқа қатысты тағы бір дерек. Нобель сыйлығына ұсынылғандар туралы ақпар жарты ғасыр бойы құпия сақталады. Тек 50 жыл уақыт өткеннен кейін Швед академиясы мұрағаттарды ашады. Мәселен, 2017 жылдың қаңтар айында ақын Анна Ахматованың Нобельге ұсынылғаны анық­талды. Әдебиет саласы бойынша 1966 жылы ең мәртебелі атаққа үміткер болған ақын есімі 5 нау­рыз күні өмірден өтуіне байла­ныс­­ты тізімнен алынған.

Ал құнды сыйлықтың ең жас лауреаты – 17 жастағы Ма­лала Юсуфзай есімді қыз. Пәкіс­тандық бойжеткен мұсылман елдерінде әйелдерге білім алу құқығының берілуі жолында күрескен. Оған жоғары марапат 2014 жылы бейбіт өмір жолында жүргізген күресі үшін табысталған. Юсуфзай 11 жасынан бастап BBC арнасында блог жүргізу арқылы танымал болған.

Сыйлық математиктерге берілмейді. Себебі Нобельдің пікірінше, марапатқа лайықты жаңалық немесе өнертабыс адам­дарға пайдалы болуы керек.

 

Мария ЖЫЛҚЫШИЕВА,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы