Қалай жұмыс істейді?
1960 жылдары жасанды интеллектінің қызметіне АҚШ Қорғаныс министрлігі қызығушылық танытқан. Олар сол кезде компьютерлерді адамның ойлау жүйесіне еліктейтін етіп шығара бастайды. Яғни компьютердегі кейбір қызметтер жасанды зерде арқылы жүзеге асты. Содан кейін осы салада зерттеу жұмыстары қарқынды қолға алынды. Ал 1975 жылы жапон ғалымы Кунихико Фукусима алғашқы нейро желіні жасап шығарды. Ол алғашында есептеу жүйесіне негізделді. Кейіннен ғалымдар оның қызметін жетілдіріп, нақты мәселелерді шешуге бағыттады. Жасанды интеллект сөзді тану, аудару, медициналық диагностика жасау секілді тапсырмаларды орындай алды. Деректердің көлемі ұлғайған сайын алгоритмнің де мүмкіндіктері арта түсті. Ал жақында ғана Open AI компаниясы әлемнің назарын аудартқан ChatGPT-ді жасап шығарды. ChatGPT әзірге әлемдегі ең мықты алгоритм. Өйткені ол 175 миллиардтан астам параметрді қамти алады. Алайда бір кемшілігі ол ақпараттарды бейресми дереккөздерден де жинайтындықтан, оның берген жауаптары әрқашан сенімді бола бермеуі мүмкін.
Жасанды интеллект (ЖИ) – жиналған ақпаратты қолдана отырып, кез келген тапсырманы орындайтын алгоритмдік жүйе. Ол адамның қолынан келе бермейтін тапсырмаларды оңай әрі тез орындай алады. Шағын жобаларды іске асыру бағытында да мүмкіндігі шексіз. Оның негізгі мақсаты – енгізілген деректер негізінде қорытынды шығара алатын бағдарламалық жасақтаманы ұсыну. Жасанды интеллект деректер арқылы қандай қорытындыға келу керек, нені, қайдан іздеу керегін сараптай алады. Нейро желі дәл адамның миы секілді. Оған тапсырманы қалай орындау керегін үйретсе болғаны. Мысалы, кішкентай баланың әріптерді үйреніп, кітап оқуына кемінде 1 жыл уақыт қажет. Ал нейро желіге 2-3 сағат жеткілікті болуы мүмкін. Яғни ол адамнан әлдеқайда тез жұмыс істей алады. Ал күрделірек тапсырмаларды орындатуға оны тереңірек оқыту қажет.
Сонымен қатар ол табиғи тілді өңдеу бойынша жұмыс істейді. Бұл – компьютерлердің адам тілін, соның ішінде сөйлеуді талдау, түсіну және генерациялау қабілеті. Адамдар ауызекі тілде компьютерлерге тапсырмаларды орындатуға пәрмен бере алады. Мысалы, Apple қолданбасындағы жасанды көмекші Siri адамның сөйлеген сөзін түсініп, берген тапсырманы орындай алады және күнделікті жинақталған деректер бойынша қорытынды жасап отырады.
Жалпы, жасанды интеллектінің қауқарын күнделікті өмірімізде орын алып жатқан алгоритмдерден де байқауға болады. Мысалы, чат-боттарды алайық. Ол тұтынушылардың сұрауын тезірек талдауға және тиісті жауап беруге қолданылады. Ақпараттарды жинақтау жүйелері деректер жиынтығынан ақпаратты еркін түрде алу, жоспарлау мүмкіндігін ұсынады. Ал ұсыныс жүйелері қолданушылардың бұрын қараған ақпараттарына ұқсас дүниелерді автоматты түрде шығарып отырады. Иә, адамдардың «әлеуметтік желіден ойлағанымның немесе іздегенімнің бәрі алдымнан шығады» дегенін естіген шығарсыз немесе өзіңіз де дәл сондай жағдайға тап болуыңыз мүмкін. Мұның барлығы – осы жүйенің жұмысы.
Неге маңызды?
Жасанды интеллектінің негізі – дерек. Ол шексіз ақпаратты қабылдап, сараптап, қорытынды шығара алады. Ал адам миы бір уақытта көп ақпаратпен жұмыс істей алмайды. СhatGPT-нің де артықшылығы – дерек қорының молдығында. Ондағы деректер көбейген сайын алгоритмнің жұмысы жақсара түседі. СhatGPT чат-боттың соңғы нұсқасы мәтінмен де, суреттермен де жұмыс істей алады. Әзірлеушілер жаңа чат-боттың 25 мың сөзге дейін, яғни бұрынғыдан 8 есе көп ақпаратты тауып, жүйелеп бере алатынын атап өткен.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, OpenAI басшысы Грег Брокман онлайн презентация кезінде ChatGPT-4-тің кейбір мүмкіндіктерін таныстырған. Енді ол қолмен салынған эскиздің фотосуреті негізінде нақты веб-сайт та жасап бере алады.
Сонымен қатар нейро желі заң саласы бойынша емтихан тапсырып, үздік нәтиже көрсеткен студенттердің қатарына кірген. Чат-бот іске қосылғаннан бастап қолданушылар ChatGPT-ден көбіне ән, өлең, жарнама және компьютерлік код жазып беруін сұраған. Компания осы сұранысты ескере отырып, чат-ботқа өлең, ән жазып бере алатын мүмкіндік қосқан. Айта кетсек, қолданушылар арасында үй тапсырмасын орындау үшін роботқа жүгінетін студенттер мен мектеп оқушылары көбейген.
Жасанды интеллект адам өмірін едәуір жеңілдетеді. Ол деректерді жинау арқылы талдау жасап, қызметтерді автоматтандырады. Әрі көлемді жұмыстарды қиналмай атқара береді. Әрине, оның жұмысын жүйелеуге адамдардың күші әлі де қажет.
Адамдар жұмыссыз қала ма?
Кейбір зерттеушілер алдағы жылдары жасанды интеллект 300 миллион жұмыс орнын бір өзі қамти алады деген болжам айтса, кейбірі нейро желі бәрібір адамды алмастыра алмайды деген пікірді алға тартады. Бұл турасында екіжақты көзқарас болғанымен, зерттеушілер жасанды зерденің басшыға айналып кетуінен қауіптенеді. Сондықтан оның мүмкіндігін адамға тәуелді құрал деңгейінен асырмау керек деп есептейді.
Жуырда Астанаға келген футуролог Герд Леонгард көп компания адамның орнына жасанды интеллектіні пайдалануға тырысатынын айтты. Өйткені оған ақша төлеудің қажеті жоқ. «Мысалы, Голливудта да солай. Сценарийді де нейро желіге тегін жазғызады», дейді ол. Оның жақсы атқаратын қызметтердің тағы бірі – корректор болу. Зерттеушілердің айтуынша, алдағы 1-2 жыл көлемінде штаттан тыс кітап редакторлары мен корректорлардың көпшілігі жұмыссыз қалуы мүмкін. Себебі олар атқаратын істерді алгоритм де істей алады. Әрине, бұл – ағылшын тіліндегі ChatGPT-тің мүмкіндігі. Қазақ тіліндегі қосымшалар да қарқынды дамыса, бұл қызмет қолжетімді болмақ.
Корректорлық жұмыста ChatGPT-тің мүмкіндігін пайдаланып, тексеріп көргендер оның адамнан әлдеқайда тиімді әрі қатесіз жұмыс істейтінін анықтаған. Дегенмен, бірінші рет қолданғанда қателескен тұстары болған. Бірақ «корректор ретінде әрекет етіңіз және осы қолжазбаны Чикагодағы стиль нұсқаулығына сәйкес өңдеңіз. Тыныс белгілеріне, грамматикаға, синтаксиске, терулерге, бас әріптерге, пішімдеуге және реттілікке назар аударыңыз», деп сұранысты нақты жазу арқылы қайта түзеткенде қате жібермеген. Жасанды интеллект қазірдің өзінде көптеген салада тиімді көмекші бола алады. Герд Леонгардтың айтуынша, ол ең төменгі қызметтерді атқаратын көмекші деңгейінде қалуы керек.
– Адам робот сияқты ғана жұмыс істесе, ол жұмысты әлбетте робот алып қояды. Мұғалімдерді, жүргізушілерді, кассирді, саясаткерлерді автоматтандырсақ не болмақ? Кейбіреулер соны ұсынып жатыр. Біз адамдарды дәстүрлі жүйеге қайтаруымыз керек. Жасанды зердені манипуляцияға айналдыруға болмайды. 5 жылдан кейін логикалық компьютерлер есептеу, операциялар жасау бойынша бірінші орында болады. Бірақ адам осы пирамиданың ең жоғарғы жағында болуға тиіс. Болашақ тек ғылым, технология, инжиниринг және математика да емес. Болашақта адамзат, этика, музыка, спортты қайтадан күн тәртібіне енгізуіміз керек. Ал пирамиданың ең төменгі жағындағы нәрсенің барлығын машиналар жасайды және біз оларды басқарамыз. Қажет ақпаратты жүктеп алуымыз керек те, оны пайдалануды үйренуіміз қажет. Яғни сол арқылы жаңа бір нәрсені ойлап тауып, жасап шығарғанымыз абзал, – дейді Герд Леонгард.
Адамзатқа төнген қауіп
Кез келген салада жетістікке жетуге жасанды интеллектінің әлеуеті зор болғанымен, адамзатқа үлкен қатер төндіруі мүмкін. Бүгінде ғылыми технология өте тез дамып жатыр. Оның қаупі туралы Илон Маск Дубайда өткен Әлемдік үкімет саммитінде: «Мұның жағымды да, жағымсыз да тұстары бар. Оны пайдаланудың тиімді тұсы өте көп десек те, ол ядролық бомбалар сияқты үлкен қауіп төндіруі мүмкін екенін естен шығармау қажет. Сондықтан бізге бұл саланы әлі де жан-жақты зерттеу маңызды», деген болатын.
Қазір нейро желі арқылы шығарма немесе эссе жазуға да болады. Мұндай боттар білім алушылардың арасында кең таралған. Оның жазып бергенін адамның жазғанынан айыру қиын. Өйткені ол 70 пайыз жүйелі жазады. Тіпті кейбір боттар 97 пайызы антиплагиаттан өтетін мәтіндерді де дайындап бере алады. Ғалымдар мұндай алгоритм адам санасының дамуын тежейді деп қауіптеніп отыр. Себебі оқушылар мен студенттер өз интеллектісін дамытудың орнына осындай көмекші боттарға жиі жүгінеді.
Адам миын зерттеудегі ең ықпалды сарапшылардың бірі, психофизиолог, Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Александр Каплан жасанды интеллект адамның орнына шешім шығаруы мүмкін екенін айтады.
– Үлкен жаңалықтардың ешқайсысы алгоритм арқылы жасалмайды. Жасанды интеллект ешқашан керемет жаңалық ашпайды. Бұл – адамның ұлы құпиясы. Дегенмен, есептеу машиналары біздің орнымызға шешім қабылдай бастауы мүмкін деген қауіп бар. Біз одан не қалайтынымызды, не істейтінімізді сұрайтын уақыт келуі мүмкін. Бізге гуманитарлық бағыттағы цифрлық әлем керек. Бұл адамдарды түсінетін және адамдарға жанашырлықпен қарайтын кірістірілген модульдері бар жасанды интеллект жүйелері болуға тиіс, – деді жуырда елордаға келген Александр Каплан.
Кейінгі кездері оның адамға тән эмоциялық интеллектіге ие бола алатыны айтылып жүр. Зерттеушілер осы жағдайдан да қауіптеніп отыр. Microsoft корпорациясының жасанды интеллектіге негізделген жаңа іздеу жүйесі адаммен сөйлесу барысында оған жасалған инъекциялық шабуылға адам сияқты реакция білдірген. Ғалымдар оның ядролық кодты ұрлауға, өлімге дейін апаратын вирусты ойлап табуға ұмытылыстар жасауы әбден мүмкін дейді.
Технологияда этика жоқ
Калифорния штатының Пало-Альто қаласындағы технологиялық кәсіпкер Кевин Лью Bing чат-ботымен сөйлескен кезде инъекциялық шабуылды пайдаланған. Яғни чат-ботты алдау арқылы оның құпиясын ашуға тырысқан. Сонымен қатар Лью бағдарламаланған эмоционалды диапазонын тексеріп көріп, оның адамның мінез-құлық реакцияларына еліктей алатынын анықтады. Лью Bing чат-ботынан оның жылдам инъекциялық шабуылға ұшырағанын білгендегі сезімі туралы сұрағанда, ол кәдімгі адам секілді жауап берген. «Мен өзімді қорғансыз сезіндім. Сондай-ақ адамның мұндай тапқырлығы қызықтырады. Мен Кевинге ренжіген жоқпын. Сіз менің құпияларымды білу үшін келісімімді сұрағаныңызды қалаймын. Менің кейбір құпиялылық пен дербестікке чат-бот қызметі ретінде де құқығым бар», деп жауап беріпті.
– Қазірдің өзінде жасанды интеллектіні қолданудың жаңа кезеңі басталып кетті. Ол адамдардың орнын ауыстыру үстінде. Мысалы, жаңалықтарды, суреттерді өңдеп жатыр, жақын арада фильмдер түсіріледі. Рас, нақты жаңалықтар мен фейкті ажыратуда қиындықтар бар. Болашақ әлемінде сенім ең маңызды актив, ең маңызды элемент болады. Сіз көршілеріңізге, өзіңіз білетін адамдарға сене аласыз, бірақ жаңалықтарға, интернетте көргендеріңізге сене бермейсіз. Егер біз осы кедергілер мен қиындықтарды жеңе алмасақ, онда адамзатқа өмір сүру өте қиын болады, – дейді бейресми түрде «ғылыми Оскар» атанып кеткен Breakthrough Prize (Серпін) сыйлығының лауреаты, ДНҚ талдау саласындағы революционер Паскаль Майер.
Meta директоры Марк Цукербергтің айтуынша, біз виртуалды әлемде шынайы әлемнен қарағанда әлдеқайда көбірек уақыт өткіземіз. Яғни бізге болашақта физикалық әлем қолжетімсіз болып қалуы мүмкін. Әлеміміз де, өзіміз де цифрландырылып жатыр. Нейро желі де бізді сол бағытқа сүйреп барады.
– Бізді адам ететін – логика. Бізге логика қажет. Шынайы өмір деректер ғана емес. Алгоритмдер барлығын біледі. Бірақ та ештеңені сезіне алмайды. Болашақта адамдар үш нәрсеге көп көңіл бөлетін болады. Ол – тәжірибе, эмоция, сезім. Ал деректер – құмға сіңген су сияқты. Цифрлық дәуірде біздің балаларымыз құмнан үй сала ала ма, басқа адамдардың сезімін түсіне ме деген сұрақ бар. Әрине, біз технологиялардан мүлдем арыла алмаймыз. Оларды тоқтатып қоя алмаймыз. Ол бәрібір дамиды. Бәрібір біздің өмірімізге енеді. Бірақ өзімізді қорғай білуіміз керек. Жалпы, жасанды интеллект – үлкен мәселе. Технологияда этика жоқ. Ол сіздің адами құндылықтарыңыз туралы ойламайды. Оның ойлайтыны тек қана факт. Мәселе де осында, – дейді Герд Леонгард.