Нағыз қазақ қызының образы қашаннан биік деңгейдегі ұғым саналған. Ол ұғым өнерде де сол деңгейде суреттелді. Сурет әлемінде қазақ қызының образын жасамаған қылқалам шебері кемде-кем. Десек те заман озып, қоғам ауысқан тұста қаншама жылдарға ұласқан, бір күйде қатып қалған қасаң түсініктер де өз уақытының тынысына қарай өзгереді. Бұл – заңдылық.
Аңсаған Мұстафа – өз замандастарын әсірелемей сол қалпында бейнелеген бірегей суретші. Оның кейіпкерлері, негізінен, қыздар. Қиялдағы мінсіз, сұлу қыздар емес, арығы да, толығы да, адасып кеткені де, жол іздегені де бар, бірі мейірімді болса, бірі ашулы. Суретші кейіпкерлерін өзіміз сүріп жатқан өмірдегі кішкентай тағдырлардан құрайды. Бәрі де көзімен көрген, жүрекпен сезген оқиғадағы адамдар – құлаған, жылаған, адасқан, қайта тұрған тағдырлар. Мысалы, суретшінің «Мамам мені өлтіретін шығар» туындысы біздің қоғамдағы осы мәдени диссонанс пен жалған этноцентризмнің көрінісін береді. Жалпы, визуалды арт қандай формада болмасын шынайы, яғни өмірмен тығыз байланысты болса керек. Заманауи өнерде жасанды, өмірде жоқ идеалдарды насихаттай беру де тиімсіз.
Автор шығармалары арқылы қоғамға пайдасын тигізгісі келеді. Әр шығармасында айналамызда болып жатқан түрлі әлеуметтік мәселелерді бейнелейді. Бүгінде осы тақырыптағы картиналарының саны 200-ге таяған. Ол туындыларын ең алғаш әлеуметтік желіде жариялады. Бүгінде әлеуметтік желі арқылы суреттерінің бармаған елі жоқ сияқты. Соның бірі – «Тазалық». Суретшінің айтуынша, туынды, негізінен жас қыздарға арналып салынған. Кейде олар сүйгенімен айырылысып, махаббаттан қайғырып жүрген кезде бәрін ұмыту үшін миы мен жүрегін тазалап алатын кіржуғыш машинаның болғанын армандайтын кездері болады. Автор суретті жүрегі жаралы қыздарға арнаған. Ал телефон құшақтаған баланың суреті карантин кезінде салыныпты. Иә, сол кездері балалар телефондарын құшақтап, сабақты үйден оқыды. Бірақ дәл мектептегідей оқуға деген белсенділіктері де, қызығушылықтары да болмағанын білеміз. Сурет осыны сипаттайды.
«Жұмыс күтіп жатырмын» туындысы да көптің назарын бірден аударады. Қоғамдағы жұмыссыздық мәселесін қаузаған шығарманың идеясын Қырымбек Көшербаев айтқан екен. «Бірде Қызылорда облысының әкімдігі көрмеге шақырған болатын. Қырымбек Көшербаев менің барлық суреттерімді Facebook желісі арқылы біледі екен. Қолымнан ұстап алып әр суретті көрсетіп, мені мақтады. Өзім де суреттерімді танығанына қатты қуанып қалдым. Сосын менің саған бұрыннан айтайын деп жүрген идеям бар еді деді. «Қазақтың көбісі ештеңе істемей үйінде жатады. Не істеп жатырсың деп сұраса, жұмыс іздеп жатырмын деп жауап береді. Бұл нәрсе біздің өсуімізге, дамуымызға кедергі болады. Осы тақырыпқа қатысты бір күшті сурет салшы, жарай ма?» деді. Содан Астанаға келгенде осы суретті салып шықтым», дейді суретші.
Иә, Аңсаған Мұстафа өмірдің өзін суреттейді. Трагедияны сол күйінде эстетикалық талғаммен қағазға түсіреді. Содан да болар, автордың шығармашылығына қызығатындар, жаңа дүниесін күтетіндер жетерлік. Суретшілер одағына мүше болмаса да, ұзын-сонар атақ-даңққа, марапатқа ие болмаса да оның көрмесіне келушілер қашанда көп.
«Жалпы иллюстрациясыз да өмір сүруге болады деп ойлаймын. Бірақ қолымнан келгені сол, сурет салу. Сурет арқылы кейбір адамдарға, кейбір проблемаларға қатысты ой салғым келеді. Осындай қателік жасамасыншы, ойлансыншы деп әр детальға көпшіліктің көңілін аударғым келеді. Менің әр суретім бір мақала сияқты. Маған «Мынадай суреттермен бір нәрсе өзгерте аламын деп ойлайсың ба?» дегендей сұрақтар қоятындар да бар. Иә, өзгерте аламын деп ойлаймын. Қазақта «тамшы тас теседі» деген сөз бар. Мысалы, «Мамам мені өлтіретін шығар» деген суретіме қатысты екі оқиғаны жеке өзіме келіп айтты. Бірінші оқиға: бір қыз түсік жасатқалы жүрген жерінен, менің суретімді көріп, құрсақтағы сәбиінен кешірім сұрап, өмірге әкелген. Екінші оқиғаны бір жігіт баяндап беріп еді. Ол екі жаққа кеткен қос ғашыққа менің сол суретімді көрсетіп, баланың аман-есен өмірге келуіне, қазаққа тағы бір отбасы қосылуына ықпал еткен. Ал мен білмейтін оқиғалар қаншама. «Қорқам, әке, ұрмашы» деген суретті көрген екі азамат хабарласты. Өздері өкініп, «енді ешқашан балама қол көтермеймін» деген жігіттер де болды», дейді суретші. Иә, Аңсағанның арманы – өз туындылары арқылы қоғамның дертін емдеу.
Суретші әлеуметтік тақырыптағы суретті ойша ұзақ ойланып жүріп, 30 минут – 1 сағат аралығында салады. Ал егер жейделерге салынатын сурет болса, 2-3 күн аралығындағы уақыт кетеді дейді. Айта кетейік, автор суреттерін жеңіл киімдерге көрнекілік ретінде жабыстырып, оны сатылымға шығарып, тұрақты кәсіпке айналдырып отыр.