Тұлға • 11 Қазан, 2023

Абзал азамат

568 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын­да «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс. Бұл бірінші кезекте жергілікті билікке қарата айтылып отыр» деген болатын. Сондықтан өңірлердегі реформалардың нәти­желі болуы жергілікті басқарушы элитаға, оның сапасына байланысты.
Осы ретте еліне қалтқысыз қызмет еткен мемлекетшіл тұл­ғалардың дара жолы – қазіргі және болашақ саяси мемлекеттік қызметшілер бой түзейтін та­ғылым болары айқын. Сондай тұлғалы азаматтардың бірі ретінде Ақтөбе өңірінің әлеуметтік-эко­но­микалық, қоғамдық-саяси са­лаларында басшылық қызмет­терде іскерлігімен, парасат­тылығымен ерекше із қалдырған, жұрт­шылықтың ықыласына бө­ленген Рамазан Нұржановты айтар едім.

Абзал азамат

Рахаңды еске алғанда алғаш танысқан кезіміз ойыма оралады. 1973 жылғы қыркүйек. Мәскеу. КОКП Орталық коми­теті жанындағы жоғары партия мектебінің жалпы жиналысы өтетін жерде, жаңадан оқу­ға қабылданған тыңдаушылар жи­налған болатын. Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауданының бірінші хат­шылығынан оқуға келген ұзын бойлы, сарғыш, жылы жүзді Рамазан Нұржанұлын сонда бірінші көріп, танысып тілдестік. Алғашқы ашылып, жеке ұзақ сөйлесуіміз оны туған күнімен құттықтауға барғанымда болды. Туып-өскен жеріміз, шыққан тегіміз, ата-аналарымыз, отбасы­мыз, еліміздегі жағдайлар жө­нінде бір­талай әңгіме қозғадық. Менің анам Ай­ғаным Ақтөбе облысы Ойыл ауданы­нан еді, сондықтан болар Рахаңа бір көргеннен-ақ сыйластығым ерекше болды. Оның да маған деген ағалық жылылығын әрдайым байқап жүрдім. Сол күннен бастап күн сайын саябақта бірге серуендейтін болдық. Қандай мәселе болса да, саясат, халық­аралық жағдай, экономика, ша­руашылық, халқымыздың тарихы, өнер-әдебиет және бас­қасы болсын, Рахаңның өте білікті, терең ой өрісіне куә болдым. Ол – халқымыздың ең асыл қасиеттері тұла бойына дарыған білікті маман, ғалым, абзал азамат. Адамгершілігі мол, достыққа мөлдір, сөзіне берік, хал­қымыздың салт-дәстүрін же­тік білетін, өз пікірі бар, адам­ға жақ­­сылық жасауға бейім тұ­ратын.

Рахаңмен оқу тобымыз бө­лек болды, ал дәрістерге, кон­ференцияларға, дөңгелек үстел, пікірталас, халықаралық жиын­дарға бірге қатысып жүрдік. Сол кезде Рамазан Нұржанұлының сөйлеген сөзіне, көтерген кө­кейкесті мәселелеріне, журналис­терге берген жауаптарына өте ри­за болатын едім. Қазақстанның туын биікке көтеріп, атағын шы­ғарып жүретін.

Екеуіміздің ғылым жөніндегі көз­қарасымыз да бір жерден шықты. Ол тарих саласының маманы болғандықтан сол бағытта, ал мен мұнайшы ретінде экономикамен айналыстым. Осылайша, партия мектебінің кафедрасында тақы­рыбымызды бекітіп, кан­дидаттық емти­хандарды тапсырып, көбіне уақы­ты­мызды кітап­ханада өткізетін едік. 1979 жылы Рахаңды тарих ғылым­дары­ның кандидаты деген атаққа ие болуымен құттықтағанмын.

1975 жылдың ақпан айында Гурьев (қазіргі – Атырау) облы­сының басшылары мені партия мектебінен шақыртып, Махамбет аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына ұсынды. Осы жылдары Мұхамбетқазы Тәжин маған әрі ұстаз, әрі ақыл­шы болды. 1964-1977 жылдары облыстық партия комитеті ұйым­дастыру бөлімінің меңгерушісі, хатшысы болған Мұхамбетқазы Қауыс­ұлын еске алып отырған себе­бім, ол Рахаңның жерлесі, әрі құрдасы. Ғалым-философ Кеңес Биекенов екеуі Гурьевте бірнеше рет болып, құрдасы, жандай досы Мұхаңмен кездесіп, бәріміз бірге та­маша күндерді өткізгенбіз. Мен де Ақтөбеде болған сайын Ра­хаңмен жүздесіп, өткенді еске алып қуанып жүрдік.

Мемлекетіміздегі маңызды істерді шешудің кілті осындай жандардың қолына тигенде ғана қоғамда береке мен ынтымақ жа­расымын табады. Рамазан ағамыздың сынаққа толы өмірі, мәнді де мағыналы еңбек жолы осыны айғақтайды. Ол өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасынан бас­тап қарапайым ұстаздықтан Ақтөбе облысының төрт ауданында басшылық қыз­метте, облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасына дейінгі сатылардан өтті. Ол қай қызметте болсын міндетіне алған кез келген істі әділдікті басшылыққа алып, биік деңгейде атқарумен зор абырой мен беделге ие болған ұлтжанды азамат еді.

Р.Нұржанов қырық жылдық еңбек жолында шалғай аудандарда тұратын тұрғындардың әл-ауқатын жақсартудан бастап, облыстық деңгейдегі қордаланған проблемалық мәселелерді шешуге бар күш-жігерін салған басшы деп танылды. 27 жасында Шалқар аудандық партия ко­митетінің екінші хатшысы болып сайланған Рамазан Нұржанов елге қуаңшылық әкелген «қоян­ның қысынан» аудан малын аз шығынмен сақтап қалу бойынша қабылданған іс-шараларды шебер ұйымдастырса, 1965 жылы жаңа­дан құрылған Байғанин ауданының ұйымдастыру жұ­мыстарына екінші хатшы ретінде белсене қатысты. 1966 жылы 32 жастағы Р.Нұржановқа Қара­бұтақ ауданын басқару сеніп тапсырылады. Аталған ауданда қызмет жасаған жеті жылда ауыл ша­руашылығы қарқынды дамып, жаңа кеңшарлар құрылып, ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік мәсе­лелері шешілді. Бір есте қаларлық жағдай, халқымыздың біртуар перзенті Димаш Қонаев Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында жас хатшы Р.Нұржановтың шаңырағынан дәм татып, батасын берген.

Мәскеудегі екі жылдық ж­о­ғары партия мектебін тәмам­даған Р.Нұржановтың еңбек жолының келесі кезеңі облыстық баспа, полиграфия және кітап саудасы басқармасын басқарумен байланысты. Ол 1982 жылы Ақтөбе қаласында іске қосылған рес­публика бойынша алғашқы заманауи облыстық баспахана үйі құрылысының бастауын­да болып, баспа ісіне қажет озық құрал-жабдықтарды орнату үшін кеңес одағындағы зауыттарды шарлап, көп жыл бойы батыс өңірі үшін газет-журналдарды басып шығаруда маңызды рөл ат­қарған облыстық баспахананың уақтылы, әрі сапалы іске қосы­луына еңбек етті.

Рахаңның жоғарыда аталған іскерлік, ұйымдастырушылық қасиеттеріне тәнті болған облыс басшылығы оны 1983 жылы Темір ауданын басқаруға жібе­реді. Қызмет еткен жылдары Кен­кияқ, Жаңажол мұнай кен орындарының тиімді игерілуін ұйымдастырумен қатар, табиғи газдың жергілікті халық игілігіне пайдалануына елеулі еңбек етті. Кеңестік кезеңде кез келген ірі жобаның қаржыландырылуы Мәскеу арқылы шешілетінін ескер­сек, көгілдір отынды темір­лік­терге жеткізу оңай іс бол­ма­ғаны түсінікті.

Рамазан Нұржанұлының 1990 жылы облыстық халық депутаттары кеңесі төрағасының орынбасары, кейін кеңес төрағасы лауазымына сайлануы – одақтас республикалардың егемендік алуына бастама болған саяси үдерістер кезеңіне сәйкес келді. Бұл жылдары партияның беделі түсіп, мемлекеттік билік республикалық деңгейде – Жоғарғы Кеңеске, жергілікті жерлерде – халық депутаттары кеңесіне ауысқан еді. Осындай алмағайып кезеңде Рахаң өзін шаруашылықты жақсы білетін, елдегі әлеуметтік-экономикалық проб­лемаларды, қарапайым адам­дардың мұқтаждығын жан-жақты талдай алатын, оларды шешудің нақты жолдарын ұсынған білікті басшы ретінде көрсете алды. Ол облыстық ономастикалық комиссия төрағасы ретінде жер-су, елді мекендердің тарихи атауларын қайтару бойынша жұмысты жүргізді. Сонымен қатар Ақтөбе облысының тарихында алғаш рет өткен жаугершілік заманда елін, жерін қорғаған хас батыр Есет Кө­кіұлының 325 жылдығына ар­налған ірі тарихи-мәдени ша­раның басты ұйымдастырушы міндетін тарихшы-ғалым ретінде жоғары деңгейде атқарды.

Табиғаттың заңы бойынша адам дүниеге келеді, есейеді, кемелденеді, жа­сы ұлғаяды, қайраты кемиді. Дегенмен кейде осы заңдылықты «бұзатын» ақ­сақалдар да бар. Оның жар­қын көрінісі – Рахаңның қоғам қайраткері ретіндегі дербес зей­нет­керлікке шыққаннан кейінгі белсенді еңбегі. Ол өз дәуірінің озық тұлғалары Әйтеке би, Кер­дері Әу­бәкір, Көтібар батыр, ұлт азаттық кө­­те­рілісінің батыры Есет Дәрібай сын­ды тарихи тұл­ғаларға арналған ал­қ­алы жиынды ұйымдастыруға, басқа да тәр­биелік маңызы зор іс-шараларға қол­дау көрсетті. «Қазақ тілі» қоғамының белсенді мүшесі ретінде ана тіліміздің мәртебесін көтеруге аянбай еңбек етті. Бір сөзбен айтқанда, ұлтымыздың тарихын, тілін, ділін жоғары деңгейге көтеру ісімен өмірінің соңына дейін айналысты.

Ел азаматы Р.Нұржановтың еңбегі Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальмен, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құр­мет гра­моталарымен, Қазақстан Прези­дентінің Алғысхатымен марапатталды. «Әйтеке би ауданының құр­метті азаматы», «Темір ауда­ны­­ның құрметті азаматы» атақ­тары беріліп, мерейі өсті. Тұл­ға­ның мұратқа жетуі деген осы да. Сонымен қатар биыл өңір тұрғын­да­рының ұсынысы еске­ріліп, облыстық әкімдік пен мәслихаттың бірлескен шеші­мімен Ақтөбе қаласынан Рамазан Нұр­жановтың атына көше бе­рілді. Бұл – өзі өмірден өтсе де, соңына өшпес із қалдырған ел аза­мат­та­ры­ның есімі халқымен бірге жасай беретінінің жар­қын көрінісі.

Қазақта «Текті туған жігіттің жары өзіне лайық, керуен бастар жігіттің нары өзіне лайық» деген сөз бар. Рахаңның мақсат етіп қойған игі істерінің жүзеге асуына жігер беріп, отының басындағы қолдаушысы бола білген жан жары – осыдан бес жыл бұрын дүниеден өткен Ақпатша Жанабергенқызының аға­мыздың өміріндегі орны бөлек. Ақ­­патша жеңгемізбен Мәскеуде та­нысқан едік. Ол өте көркем, салмақты, ақ­жарқын, қонақжай болатын. Талай дәмдес болғанбыз. Рахаң ауылды са­ғынғанда Ақпатша жеңгеміз балалар жөнінде жү­рекжарды сөздер айтатын. Аза­матының құт-берекесін, ырыс-ша­пағатын шалқытқан жеңгеміз екеуі дүниеге үш ұл мен төрт қыз бала әкелді, оларға тәрбие берді, қоғамда өз орындарын алуға жағдай жасады, немерелер көрді.. Бақытты отбасы болудың жар­қын үлгісін көрсетіп кеткен қос асыл жаннан тараған әулетт­е қуаныш, тойлар болып, шөбе­релері дүниеге келіп, өсіп-өніп жатыр.

Рамазан Нұржанұлының аса мәнді де мағыналы ғұмырында атқарған игілікті істерін бір мақала аясында қамтып шығу мүмкін емес. Қорытып айтқанда, есімі елге елеулі, жаны жайсаң жанның халқына адал, нәтижелі еңбек етуі, туған өңірінің өркен­деуіне қосқан үлесі – кейінгі жастарға үлгі боларлық нағыз азаматтық ғұмыр. Осындай азаматтар жұртының жүрегінде, елінің есінде мәңгі жасай бермек.

 

Равиль ШЫРДАБАЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері