Ғылым • 11 Қазан, 2023

Дәнел МАРҒҰЛАН: Әкемнің мұрасы толық зерттелген жоқ

647 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Академик Әлкей Марғұлан 1975-1985 жылдары тұрған үй бүгінде кішігірім мұрағатқа айналған. Бұл үйде қазір ғалымның қызы Дәнел Әлкейқызы тұрады. Әке мұрасына ыждағатпен қарай отырып, оның әр парағына шаң жуытпай, жарыққа шығарумен айналысып келеді. Кезінде академик Қаныш Сәтбаевтың «Әлкей Марғұланда үлкен қазына бар, оны шашау шығармай қағазға түсіріп алу керек» деп айтқанының дәлеліндей, осы шаңырақта сақталған академиктің хатқа түскен жазба мұрасы жеке зерттеулерге сұранып-ақ тұр. Дәнел апай ғалымның мұрағат қорындағы зерттеулер тақырыбының сан алуан екенін әрі оларды ғылыми айналымға енгізу керегін алға тартты.

Дәнел МАРҒҰЛАН: Әкемнің мұрасы толық зерттелген жоқ

– Дәнел апай, әкеңіздің мұра­ғат қорында ғылыми айналымға түспеген зерт­теу­лердің бар екенін жиі айтып жүрсіз. Ғалымның қолжазба мұрасын жарыққа шығаруда Әлкей Марғұлан атындағы қор да түрлі жобаларды іске асырып келеді. Бұл бағытта ғылыми-зерттеу институттарымен қандай да бір байланыс орнатылған ба?

– Қор жұмысы аясында әкемнің археология, этнография, шығыстану, тарих, әдебиет саласына қатысты зерттеулерін шама-шарқымызша наcихаттап келеміз. Әкемнің көзі тірісінде санаулы деген еңбегі жарық­қа шыққан болса, өмірден өткен­нен кейінгі жариялануына­ ғалымдар, ғылыми институт­ мамандары атсалысқаны белгілі. Еңбектерінің көпшілігі то­лық шығармалар жинағының 14 том­­ды­ғына енді. Ана бір жыл­­­дарда академик Шапық Шөкин әкемнің ең маңызды деген еңбектеріне талдау жасап, ғылымдағы рөлінің қаншалықты маңызды екенін көрсету керегін айтқан-ды. Осыған орай алдағы уақытта Марғұлан еңбек­те­рі­нің академиялық жинағын шығаруды жоспарлап отырмыз. Ал библиографиясына келетін болсам, Ұлттық ғылым академиясы және әкемнің туғанына 100 жыл толуына орай Павлодардағы С.Торайғыров университеті екі басылымын жарыққа шығарды. Универ­ситет ғалымдары «Ә.Мар­­­ғұ­ланның жеке архиві – қол­жазба қорының тізбесі», «Ә.Марғұлан қорынан» құжаттар мен материалдар жинағын жариялап, Ұлттық мемлекеттік архивке табыс еткен еді. Бұл жұмыстарға ғалымдар екі жыл уақытын арнады. Үйде сақталған бірқатар еңбегін Алматыдағы Орталық мемлекеттік архивке тапсырдым. Оның ішінде Беғазы-Дәндібай экспедициясынан түсірілген петроглифтердің төрт жүзден астам суреті қамтылды. Архив мамандары да бұл іске асқан жауапкершілікпен қарап, жіберілген материалдардың тізбесін жасап, өзіме тапсырды. Бүгінде сапасы мен саны жағынан да ауқымды қолжазбаларды ғылыми айна­лымға енгізу қажет екенін қайталап айтсам, артық болмас. Бұл бағыттағы жұмыстар жекелеген зерттеушілермен қатар салалық ғылыми-зерттеу институттарының қолдауымен ғана іске асатыны белгілі.

– Ғалымның мұрағат қо­рын­­дағы қолжазбаларымен танысқан кезде дені араб, парсы және ескі әдеби тілде жазылғанын көрдік. Бұл еңбектерді зерделеу, аудару ісі қалай жүріп жатыр?

– Ғалым еңбектерінің ішінен бұл жолы Олжабай батыр туралы жазғандарын да іріктеп алдық. Бабамызға қатысты еңбектердің бір парасы Ә.Марғұлан шығар­маларының жинағына енген болатын. Азаттық үшін күрескен халықтың Олжабай батырдай тұлғаларының өмір жолы, Абылай ханның ту ұстаушысы болғаны, қалмақ тілінде хат танығаны, Бөгенбай батыр, Қазыбек би, Едіге биге қатысты деректер дәріптеуді қажет ететіні сөзсіз. Ондағы мақсат әкемнің ұлы батырдың ұрпағы екенін іштей мақтан етіп жүретіні, сол рух ұлтына қызмет етуіне түрткі болғандығы бүгінгі өскелең ұрпаққа да үлгі болсын деген ойдан туған еді. Оның бойына ұлтқа деген мейірім, сүйіспеншілік бала кезден дарыды. Атамыз Хақан мен әжеміз Нұриланың шаңырағы қазақ дастандарының, жырының құты болған. Әжем Нұрила өмірден өтеріне дейін, бұл шамамен өткен ғасырдың отызыншы жылдары, Олжабай батырдан қалған біраз жәдігерді сақтап келген екен. Атадан қалған мирас туралы деректер әлі күнге зерттеушілердің назарында тұр. Әкемнің халық дастандарына деген қызығушылығы осы рухани ортада басталған. Биыл жарық көрген Олжабай батыр туралы кітапты ғылыми тұрғыда зерттеп, төте жазудағы қолжазбаларын Р.Сүлейменов атындағы Шығыс­­тану инсти­тутының аға ғылы­ми­­­ қыз­меткері, PhD Бағдат Дүйсенов баспаға дайындаса, іріктеу жұмыстарымен филосо­фия ғылымдарының кандидаты Гүлнар Омарова айналысты. Жарыққа шығуына елімізге белгілі көптеген азамат қолдау көрсетті.

– Өткен ғасырдың 40-жылдары Ұлттық ғылым акаде­мия­сында Шоқан өмі­рін­ зерттеу жұмыстары бас­тал­­­ғаны белгілі. Академик кезінде Шоқанға қатысты көп­те­ген деректің Ресей мұра­ғат­­­­тарында қалып қой­ға­нын,­ елге әкелу қажет­тігін жиі көтерген екен. Ғалым­ның Шоқан мұрасына қатысты зерттеулері толық жарыққа шықты ма?

– 1957-1967 жылдары Мар­ғұ­ланның басшылығымен зерттеушілер тобы Ш.Уәлиха­новтың бестомдық академиялық жинағын жарыққа шығарған еді. Араға бір жыл салып, таң­дамалы шығармалар жинағы жарық көрді. Осы жұмыс тобы тараған тұста зерттеушілер тобында болған академик Болат Көмеков маған әкемнің бірқатар еңбегін әкеліп берді. Бұл материалдарды Ә.Марғұлан шығармалары жинағының 14 том­дығына енгіздік. Бірақ ол материалдарға ғылыми талдау жасалған жоқ. Комментарий де берілмеді. Кезінде әкем КСРО архивтерінен Шоқанның еңбектерін зерттеп, монография жазды. «Манасты» зерттеу­ге қосқан еңбегін айшықтады. Шоқанды өз халқына жеткізген әрі терең зерттеген Әлкей Мар­ғұ­лан екенін ғылыми орта сол кездің өзінде мойындады. Ш.Уәлиханов шығармаларын жа­риялау барысында міндетті түр­де қамтылу қажет дегендерін әкем кезінде өз қолымен жазып кеткен болатын. 2010 жылы үйде сақталған Шоқан мұрасын зерттеуге арналған материалдарын С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік уни­верситетіне табыстадым. Оның ішінде анасы Зейнеп тура­лы, Шоқанның патша сара­йын­дағылармен жазбалары сақ­талған. Барлығы кейіннен Ұлт­тық мемлекеттік мұрағатқа беріл­ді. Бұлар бір шеті сөгіліп, әрі қарай тарқатуға да­йын тұр­ған­ құнды еңбектер сана­тына жатады.

– Әлкей Марғұлан атын­дағы қор «Қазақ әлемі» жина­ғын шығарып, онда ғалымның мақалаларын жариялай бас­таған екен. Бұл серия әрі қарай жалғасын табатын болар?

– Әкемнің архивіндегі төте жазумен жазылған бірқатар қолжазбаны аударып, 2021 жылы үш томын жарыққа шығардық. Оның І томына қазақтың сакралды жерлері туралы, түркі тайпаларының шыққан жері Ергенекөк әпсанасы, Жетісу, Алатау, Сарыарқа өлкесі, шапырашты, қаңлы тайпалары, Бетпақдаламен өткен көне керуен­дер, елі­міздің эпиграфиялық ескерт­кіш­теріне, қазақтың киіз үйі мен жабдықтарына қатысты жазғандары енді. Ал ІІ томына Ленинград университеті Шығыстану факультетінің түркітану бөлімінде оқып жүрген кезінде архивтен табылған мәліметтер жарияланып отыр. Онда Құнанбай, Абай бейнесі, Абайдың қолжазба мұралары мен хаттары бар. Ә.Марғұлан Абай мен Шоқанға тән жазба мұралармен студент кезінен таныс бола бастаған. Оларға тиісті мәліметтер Мәскеу, Ленинград, Омбы мен Томскідегі кітапхана, мұрағаттардан алынған. Ленин­­градтағы Күншығыс халық­тарын зерттейтін институт мұра­ғатынан Абайдың інісі Халиоллаға жазған хатын табады. Халиолла да Шоқандай ойшыл, білімді азамат болған. Ол «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырларын орыс тіліне тәржімалаған. Өмірден ерте озған Халиолланың қолжазбаларын зерттеуді де әкем алында мақсат еткен екен. Ал ІІІ томға тарихи тұлға Оразмұхамед және Қазан университеті кітапхана­сын­дағы қазақ қолжазбалары тура­лы жазғандарын енгіздік. Оразмұхамед – қазақ сұлтан­да­рының ішіндегі білімді тұлға. Ол XV-XVI ғасырлардағы қазақ халқының жазу мәдениетін жарқын суреттеген. Оның бай кітапханасы 1736 жылы Ғылым академиясына беріліп, Кіші жүз қазақтарының Ресейге қосылған кезіне дейін Азия мұражайын­­да сақталғандығына қатысты деректер кездеседі. Бір ғана баспа ісі­­нің артында көп шаруа атқаруға тура келетіндіктен, сирек мазмұн­ды серияны жалғастыру уақыт еншісінде.

– Отандық тарихнамада­ Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын зерт­­­теу бүгінгі күннің өзекті тақы­­рыптарының біріне айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда Әлкей Хақанұлы­ның Семей семинариясында, Ленин­­­градта оқи жүріп, Алаш қайрат­­керлерімен рухани сабақтас болғаны туралы деректер де зерттеушілер үшін қызықты. Бұл бағытта қандай еңбектері жарыққа шықты?

– Семей семинариясын­да­ оқып жүргенде Алаш қайрат­кер­лерімен рухани байланысы туралы зерттеушілер көп жазды ғой. Дегенмен азаттықты аңсаған, тәуелсіздікті ту еткен тұлғалардың ортасында жүруі әкемнің қайраткерлігін шыңдай түсті. «Мағжаншыл ақын» деп айыпталғанының түп-төркіні де осы ортада жүргенімен байланыс­ты. Үлкен мәдениеттің ошағы болған «Беғазы-Дәндібай» экспедициясына баруына тікелей Әлихан Бөкейханның ықпалы болса, Қаныш Сәтбаев ғалымның болашағын археологиямен байланыстырғаны да тектен-тек емес еді. Әкемнің «Орталық Қазақстанның Беғазы-Дәндібай мәдениеті» еңбегінің пайда болуы республиканың ғылыми өміріндегі елеулі оқиғаға айналды. Ол қазақ тарихы мен мәдениетін әлемге паш ете жүріп, жетекші ғалымдар қатысатын халықаралық ғылыми жиындарда баяндама жасады. Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовпен араластығы Ленинград қала­сындағы Шығыстану инсти­ту­тының түркiтану және тарих-филология факультеттерiнде оқып жүрген кезінде рухани һәм ғылыми байланысқа ұласты. Қазіргі кезде әкемнің мұрағат қорындағы Мұхтар Әуезов туралы жазған есте­ліктерін шығару жоспарда тұр. Мұхтардай тұлғаның жарқын образын ашатын, адами келбетін көрсететін жазбалар бүгінгі ғылымдағы ізденушілер үшін қызықты болады деп ойлаймын.

– Ғалымның эпис­то­ляр­лық мұрасына қатыс­ты зерт­теулерді сирек кездес­ті­­ре­міз. Хаттар қорын зерттеу, жариялауға қаншалықты көңіл бөлініп келеді?

– Әкемнің хаттар қорын жүйелі зерттеу жұмыстары 2020 жылдан ғана басталды. Ондағы хаттардың мазмұндық сипаты да әртүрлі. Жеке мұрағатынан кеңестік кезеңде қазақ-түрік ғылыми байланыстарына дәлел болатын 20-дан астам хат іріктелген еді. Оның ішінде түрік ғалымдары, академик Орхан Шайк Гекяй, профессор Тұнжер Байқара, Емел Есинмен хат алмасып тұрған. Осы зерттеу негізінде Л.Н.Гумилев атындағы университеттің «Отырар кітап­ханасының» директоры Данагүл Махат, ғалым Тұрсын Жұртбайдың авторлығымен «Академик Әлкей Марғұланның ғылыми эпистолярлық мұрасын жинау, жүйелеу және зерттеу» еңбегі жарыққа шықты. Хаттардың ішінде ресми мекемелерден, ғалымдардан, сала мамандарынан, ағайын-туыстардан келгені де бар. Хат қоры географиялық ауқымдылығымен ерек­ше­ле­неді. Жапония, Англия, Ресей, Түркия, Гер­мания, Фра­н­ция және басқа да елдерден келген хаттардың тілі ресми әрі еркін мазмұн­да жазылған. А.Машанов, Ә.Қоңы­­­ратбаев, Ж.Бектұров, Е.Бөкетов, А.Сейдімбек сияқ­ты қазақтың ғылыми-шығар­машылық өкілдерінен келген хаттар да бар. Қазақ зиялы­ларының көпшілігі әкем экспе­дициядан оралған кезде жиі келіп, сәлем-сауқат сұрасып тұратын. Осы шаңырақта архео­логия, қазақ халқының мәдени мұрасына, тарихына қатысты пікіралмасулар жиі өтетін. Алда жеке мұрағат қорында сақталған Ыстанбұл-Анкара сапарынан қысқаша жолсапар күнделігін зерттеу жұмысы күтіп тұр. Сол сапардан суреттер де сақталған. Әке шығармашылығының аясы бір ғана ғылыммен шектеліп қалмағанына осынау еңбектері дәлел. Сондықтан Ә.Марғұлан шығармалары түрік тіліне ауда­рылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

– Ғалым Ресей архивтерінде көп жұмыс істегені белгілі. Сұхбаттарыңыздың бірінде бұл архивтерден елге жетпеген зерттеулері бар еке­нін айтқан едіңіз. Кезінде академик жұмыс істеген мұрағаттармен байланыс бар ма?

– Зерттеу еңбектері шетел­ мұрағаттарында сақ­тал­ғанына күмәнім жоқ. Оны зерттеу, елге әкелу ісі ғалым­дардың еншісінде деп ойлай­мын. Кезін­де­ Потаниннің де архивін ұзақ зерттеді ғой. Аспирантурада оқып жүргенінде жазған «Ярлык­тар мен пайзаның тари­хи мәні» тақырыбын­да­ғы­ кандидаттық жұмысы Ресей Ғылым академиясы Материалды мәдениет тарихы институтында сақталған. Онда өзге де жазбалары бар. Әкем 1945 жылы «Қазақ халқының эпикалық жырлары» тақырыбына докторлық диссертациясын қорғады. Мәскеудегі Ленин кітапханасынан осы жұмысын 1970 жылдары суретке түсіріп әкеліп, Алматыдағы орталық архивке тапсырған болатынмын. Әкем эпикалық жырларды 30-жылдардан бас­тап зерттей бастағаны бел­гілі. «Қазақ халқының көне заман­дағы ақындық өнерiнiң шебер­лерi» еңбегі, сондай-ақ Едіге және Орақ Мамай туралы мақаласы да бүгінгі ғылым тұрғысынан құнды. Кезінде осы тақырыптағы еңбектері үшін ғалымдар сынға ұшырап, қалың оқырманға жетпей қалған.

– Әкеңіздің қазақтың қол­данбалы өнері, жазуы, хандар мен қазақ жерін мекен­де­­ген тайпалар туралы зерттеу­лері де отандық ғылым үшін теңдессіз. Бұл бағыттағы бір­қатар зерттеудің әлі күнге жарық көрмегендігін айтқан едіңіз.

– Ә.Марғұлан 1926-1927 жыл­дары КСРО Ғылым акаде­мия­сының одақтас және авто­номиялық республикаларды зерттеу жөніндегі арнайы комитетінің Қазақстан және Алтай экспедиция­ларына қатысқаны белгілі. Академик А.Ферсман мен профессор С.Руденконың жетекшілігімен болған экспедициядан­ орал­ған­нан кейін қазақ халқы­ның этностық топтарын сипат­таған алғаш­қы ғылыми мақалаларын жариялай бастады. Осы маз­мұнда жарыққа шыққан еңбек­терін көзі тірісінде көре алмай да кетті. «Қазақтың жазба өнері», сондай-ақ «Қазақтың қолданбалы өнері» материалдарымен жан-жақты қамтылып, суреттерімен безендірілді. Осы еңбегі тәуелсіздіктен кейін жарық көрген қазақтың ұлттық киімдеріне қатысты көптеген еңбекке арқау болды. Алдағы уақытта осы еңбектерін қайта жарыққа шығару қажет деп ойлаймын. Академик Болат Көмеков әкемнің «Древние казахские племена» және «Образование казахского ханства» деген қолжазбасын да өзіме табыстаған еді. Ұлттық ғылым академиясының өткен ғасырдың 50-жылдарындағы бұл жобасы қудалау жылдарымен тұспа-тұс келгендіктен, жұмыс нұсқасында қалып қойған еді. Әкем еңбектерінде көне тайпалар, ескі дәуір мен жаңа кезеңді қамтыды. Ғұндар, скифтер, барлығы жүздеген тайпаның өмір салтын жазды. Азулы көршісінен сақтану үшін қазақтар үнемі бірігуді мақсат еткенін, Жетісу жерінің қазақтардың бірлікке ұмтылған мекені болғанын, үш жүз, алаш, арыс сөзінің шығу төркінін зерттеді. Ақорда хандары Жәнібек пен Керейдің қазақ тайпаларын біріктірудегі батыл әрі сауатты қадамдары туралы жазғандары да жарыққа шығып, ғылыми негіздемесі берілді. Осы орайда «Қазақ халқының көне замандағы ақындық өнерінің шеберлері», «Қазақтың көне тайпалары және Қазақ хандығының қалыптасуы», «Орталық Қазақстанның қола дәуірі мәдениетінің жаңа ескерт­кіштерінің ашылуы» сияқты зерттеулерінің тарихи маңызы жоғары әрі қайта жарыққа шығаруды қажет етеді.

– Марғұлан мұрасына жеке ізденушілер тарапынан қызы­ға­тындар бар ма?

– Бұқар жырау музейінің бұрынғы қызметкері, ғалым Марван Хамитова «Ғұлама, ғалым, азамат, тұлға» кітабын жарыққа шығарып, ғалым еңбектері хақында кандидаттық диссертация қорғаған еді. Ол өз бастамасымен Құндыкөлде Ә.Марғұлан музейінің ашылуына да ықпал етті. Кейінгі жылдары Павлодарда ғалым Амантай Құдабаев «Марғұлан энциклопедиясын» жинақтап, ізденісте жүр. Ә.Марғұланның Орталық мұрағат қорларында және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті­нің «Отырар кітапханасы» ғылы­ми орталығында сақ­тал­ған археология, этнография, шығыстану, тарих, өнер­тану салаларына арналған мың­нан астам сирек кітаптар кітап­ханасы, қолжазбаларының түп­­нұсқалары, қойын дәп­тер­лері, ғылыми-зерттеу экс­пе­­­ди­­цияларының жазбалары жас ізденушілер үшін тың тақы­рыптарға негіз болатыны анық. Сонымен бірге ғалым мұра­сын насихаттауға байланыс­ты өңірлерде кездесулер өтіп тұрады, деректі фильмдер де жарық көріп жатыр. Мұның өзі ғалым мұрасына деген құрметті білдірсе керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ