Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Жақында тағы да жаңа автобустар жолға шықты. Желіге №3 автопарктің 34 жаңа автобусы шықты. Олар №40, 43, 53 және 118 маршруттарына қызмет көрсетеді.
– 34 жаңа автобус сатып алдық. Бұлар климатты бақылау, бейнебақылау жүйелерімен және ақылды камералармен жабдықталған. Мысалы, егер жүргізуші шаршаса, қалғып кетсе, темекі шексе немесе телефонмен сөйлессе, бұл камералар бәрін түсіріп, ереже талабы бұзылғаны туралы белгі береді. Осылайша, нақты уақыт режімінде барлығын қадағалап отыруға техникалық мүмкіндігіміз бар, – дейді №3 автобус паркінің бас директоры Артур Михайлович.
Автопаркте алты жыл бойы еңбек етіп жүрген Елдос Ертай – жаңа автобус тақымдағандардың бірі.
– Бұрынғы автобусым аса ескі емес еді. 2019 жылғы. Дегенмен жаңа автобус жайлы. Камерамен түгел жабдықталған. Автопаркіміз жаңарып қалды. Әйтпесе бұған дейін №70 автобусты жүргізгенмін. Ол тым ескі еді. Жолаушылар амалдың жоқтығынан мінетін. Онымен қоса, сынып, жөндеуде тұратын. Сол кезде автобус рейсі кешігетін. Жетіспеушілік болатын. Қазір оның бәрі өз шешімін тауып келеді, – дейді Елдос Болатұлы.
Жалпы, биылға облыс бойынша қала ішінде қатынайтын 195 жаңа автобус сатып алу жоспарланған. Бүгінде оның 95-і жолға шыққан. Қалған 100 автобус жыл соңына дейін сатып алынып, қолданысқа берілмек.
– Жыл соңына дейін 100 автобустың 96-сын №3 автобус паркі, ал қалған төртеуін «Рейс» ЖМ сатып алады. №3 автопаркі 36 автобусты қалааралық маршруттар бойынша жүргізеді. Яғни ондағы жүрген ескі автобустар жаңарады, – дейді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов.
Басқа аудан, қаладағы жолаушылар қатынасы да назарда. Мәселен, былтыр Саран қаласына су жаңа 11 автобус сатып алынып, қалаішілік қолданысқа берілген. Биыл Абай ауданына жыл соңына дейін «СемАЗ» зауытынан 8 автобус сатып алынбақ. Осы арқылы ауданішілік бағытта қатынайтын ескі автобустарды жаңарту көзделіп отыр.
– Бұған қоса Балқаш қаласы бойынша да қалаішілік маршруттағы ескірген автобустарды толық ауыстыру мәселесі пысықталып жатыр. 29 жаңа автобус сатып алмақ жоспарымыз бар. Автобустар келесі жылдың басында Балқашқа жеткізіледі, – дейді М.Қожанов.
Осыған дейін №5 автопаркке 59 автобус жеткізілгенін хабарлағанбыз. Бұл жаңалыққа Пришахтинск тұрғындары ерекше қуанған-тын. Бұрын осы бағытта қатынайтын №145 және №45 автобустардың дені ескірген еді. Қазір жолаушылар «Еуро-5» экологиялық стандарты талаптарына толық сай жаңа маршрутпен қатынап жүр.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев №5 автопарктегі кездесуінде қоғамдық көліктің жұмыс кестесін ұзарту керектігін тапсырған еді.
– Осымен үшінші жыл қоғамдық көлікті жаңартумен тұрақты түрде айналысып келеміз. «Onay» электронды билеттеу жүйесін енгіздік. Қалалық маршруттарда ғана емес, қала маңындағы маршруттарда да жол жүруді екі есеге жуық арзандатуға мүмкіндік жасадық. 18 жасқа дейінгі балаларды тегін жол жүретін қылдық. Енді Пришахтинск тұрғындарының үйіне жетуі үшін автобустардың жұмыс уақытын 21.00-ге дейін ұзарту мәселесі ғана қалды. Қалааралық автобустарды да жаңарту көзделген. Ең сұранысқа ие бағыттардың бірі Қарағанды – Теміртау бағытына шығады. Жақын арада Балқаш қаласының да автобус паркі жаңарады. №5 автопарктің иелері сол жерде де жұмыс істейді, – деген еді әкім.
Жаңа автобустар жылдамдықты шектейтін датчиктермен, жүріп-тұруы қиын жолаушыларға арналған көтергіштермен жабдықталған. Олардың клиренсі жоғары, жүргізушіге қоңырау шалу түймесі бар. Автобустар «Еуро-5» экологиялық стандарты талаптарына толық жауап береді. Сыйымдылығы – 80 адам. Қай аялдамаларға қатынайтыны жайлы электронды тақтада көрсетіледі. Енді қала ішіндегі автобустар жасыл болса, қалааралық маршруттардың түсі көк болады.
Қазір автопарк техникаларының 80 пайызы жаңартылған. Мұндай бағыттағы жұмыстар әлі жалғасады.
Қарағанды облысы