Аймақтар • 11 Қазан, 2023

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ: Қор да, баға да бақылауда

205 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордада күзгі жиын-терінмен қатар алдағы жылу беру маусымына да дайындық жүріп жатыр. Мамандар есебінше, алдағы қысқа 238 мың тонна көмір қажет, бүгінде осының біраз бөлігі жеткізілді. Тоннасы 16-21 мың теңге аралығында сатылады. Жалпы, облыс бойынша 41 өңірлік оператор және 11 көмір қоймасы бар.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ: Қор да, баға да бақылауда

Жуырда облыс әкімі Нұр­лыбек Нәлібаевтың төрағалығы­мен көмір қорын жасақтауға арналған жиында кейбір аудан­дардың жауапты кезеңге дайын­дығы кемшін екені айтылды. Аймақ басшысы жылу бе­ру мау­сымына дайындық бары­сында қажетті көмір қорын жинақ­таудың ойдағыдай болмай тұр­ғанын атап өтті.

– Бұл – Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тікелей бақы­лауын­­­дағы мәселе. Көмір қо­рын да­йын­дауды жаз айларынан бас­тау қа­жеттігін ескерт­кенімізбен кей­бір әкім­дер жұмысты әлі де дұрыс ұйым­дастырмаған. Бұ­ған дейінгі жиналыстарда да тиісті аудан әкімдеріне қатаң ескерту жасалған болатын. Алайда осы күнге дейін Арал, Қазалы, Жалағаш аудандарына қажетті көмір қорының 30 пайызы ғана жеткізілген. Қар­мақшы, Жалағаш, Сыр­да­рия аудандарының көмір қой­мала­рындағы көрсеткіш те көңіл­ден шықпай тұр. Жылу беру маусымында көмірге қатыс­ты ешқандай мәселе туын­дамауға тиіс. Мұндай сылбыр­лықтың зардабын халық тартпауы керек, – деді облыс әкімі.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы басқармасының басшысы Болатбек Ысмағұлов жеткізілген отын қоры, қала, аудан­дардың қамтылуы туралы баяндады.

Жиында барлық жауапты басшыға жылу беру маусымына дайындық барысын қатаң бақылау тапсырылды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы жеткізілген отын қорына күнделікті мониторинг жүргізіп отыруы керек. Ал Қы­зыл­орда қаласы және аудан әкім­діктері жылу беру маусымы жоспарына сәйкес қажетті көмірді жеткізу, қоймаларда қор жинауды ұйымдастыруға тиіс. Сондай-ақ көмірдің тұрғындарға делдалсыз тікелей сатылуы, оның бағасы да бақылауға алынуы қажет.