Діни қайшылықтарды еңсерген жиын
Бейбітшілік және келісім сарайында өткен іс-шараға ислам, христиан, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм, синтоизм, тағы басқа діндер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Отырысты ашқан Сенат төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесуге қатысушыларға арнаған үндеуін оқып берді. Мемлекет басшысы 20 жылдың ішінде съезд дінаралық татулық пен келісімді нығайтуға және толеранттылық пен өзара қолдау идеяларын дәріптеуге үлес қосқанын, сондай-ақ маңызды әлемдік түйткілдердің шешімін табуға ықпал еткенін атап өтті.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде диалог алаңының бірегейлігіне назар аударып, съезге беделді саяси және қоғам қайраткерлері мен халықаралық ұйым басшыларының қатысуы үлкен маңызға ие екенін айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында Қазақстан өзінің ұлттық мүддесін көздей отырып, өзекті халықаралық мәселелерді шешудің үнемі бейбіт жолын іздейтін мемлекет екенін атап өтті. Біздің ел дінаралық және конфессияаралық диалогті бейбітшілік пен келісім мәдениетінің ажырамас бөлшегі ретінде дәріптейді. Қазіргі таңда арандатушылардың өздерінің теріс пиғылдары үшін дінге сенушілердің діни наным-сеніміне манипуляция жасауы үлкен алаңдаушылық тудырады. Қасиетті кітаптарды өртеу, діни рәміздерді қорлау – халықтар мен діндер арасындағы дұшпандықты қоздыратын вандализм. Мемлекет басшысы айтқандай, мұндай тағылық әрекеттерден сөз бостандығының нышаны білінбейді. Сондықтан біз айтқан құндылықтар бейбітшілікті және жаңа әлемдік тәртіптің берік негізін қамтамасыз етеді. Бұл мәселені шешу жолында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары өте маңызды рөл атқарады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасы атап өткендей, мызғымас рухани және адамгершілік құндылықтар, толеранттылық пен диалог мәдениеті қазіргі қоғамның іргетасы болуға тиіс. Нақты айтқанда, бұл басымдықтар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің қорытынды декларациясында көрсетілген жаңа әлемдік тәртіптің негізін қалыптастыруы керек. Сол арқылы форум ашық әрі әділ дінаралық диалог алаңы ретінде әлем дамуының өзекті мәселелерін жан-жақты талқылауға және дау-жанжалдарды өзара сыйластық пен түсіністік негізінде шешуге шақыруға мүмкіндік береді. «Өркениеттер қақтығысы» мен діни қайшылықтар қаупін еңсеруге ықпал ету съездің маңызды үлесі екенін айтты.
– Әлемдік діндер көшбасшылары әлденеше қайтара атап өткендей, мызғымас рухани және адамгершілік құндылықтар, толеранттылық пен диалог мәдениеті заманауи қоғамның іргетасы болуы керек. Осы құндылықтар ғана бейбітшілікті және жаңа дүниежүзілік тәртіптің негізін қалайды. Осы орайда Қазақстан Президенті халықаралық қауіпсіздіктің берік жүйесін жасау мақсатында бейбітшілікке үндейтін жаңа ғаламдық қозғалыс құру бастамасын көтерген болатын. Бұл үрдіске әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының қосар үлесі зор. Сондықтан еліміз қазіргі таңда әлемдік қауымдастық бетпе-бет келіп отырған күрделі проблемаларды шешу үшін діни көшбасшылардың күш-жігерін біріктіру ісін бұдан әрі де жалғастыра беруге ниетті, – деді Сенат төрағасы.
Өркениеттер арасындағы сындарлы диалог
Бұдан кейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз алып, жиынға қатысушыларға осындай іргелі отырысқа арнайы келгені үшін алғысын жеткізді. Сала басшысының айтуынша, жиылғандардың көпшілігі 20 жыл бойы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысына ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Хатшылық институтының құрылуының басы-қасында жүрді.
– Бүгінгі кездесуге қатысу арқылы съезге зор қолдау көрсетіп отырсыздар деп білеміз. Сіздердің күш-жігерлеріңіздің арқасында съездің беделі мен ықпалы артып келеді. Бұған дейінгі съездерден айтарлықтай ерекше болған VII съездің өткеніне бір жыл толды. Съезд жұмысының әрбір кезеңінде жаңа идеялар мен бастамалар ұсынатынын атап өткім келеді. Олар дінаралық саммиттің қорытынды құжаттарында – әлем елдерінің азаматтарына, халықтары мен үкіметтеріне арналған декларациялар мен үндеулерде көрініс тапты. Аталған бастамалар оның жұмысына ерекше мән береді.
Осы орайда, соңғы съездің декларациясын ерекше атап өткім келеді. Оның ерекшелігі сол, декларацияны әзірлеуге дін қайраткерлері атсалысты. 35 тармақтан тұратын құжатта Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі діндер, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы өзара диалог пен бейбітшілік жолындағы тұрақты қызметін жалғастыруға тиіс екені атап көрсетілген. Осы декларацияны қабылдау арқылы VII съезд қатысушылары бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ мемлекеттерді экстремизм мен терроризмнің зорлық-зомбылығына ұшыраған адамдарға көмек көрсетуге шақыру ниетін білдірді, – деді А.Балаева.
Министрдің сөзіне сүйенсек, VII съездің қорытынды құжаты үкіметтерге, саяси көшбасшыларға, халықаралық ұйымдарға нұсқаулық бола алады. Онда іргелі мәселелер қамтылған. Сондай-ақ сала басшысы декларация мәтіні Қазақстанның шетелдегі мекемелерінде, БҰҰ, ЮНЕСКО, ТМД сияқты халықаралық ұйымдардың барлық веб-сайттарында орналастырылғанын жеткізді. Құжат VII съездің қатысушыларына жіберілген. Олар да оны өздерінің интернет-порталдарында орналастырды.
– Кеше Жұмыс тобының отырысы өтіп, онда VII съезд қорытындысы бойынша айтылған идеялар мен декларацияны ілгерілету бойынша мазмұнды пікір алмастық. Қатысушының бәрі өткен рухани форумның әлемдік қоғамдастық арасында кең қолдау тапқанын атап өтті. Сонымен қатар халықаралық ұйымдардың өкілдері мен ықпалды саяси қайраткерлер форум туралы оң пікірін білдірді. Соңғы съездің идеялары мен декларациясын ілгерілетудің маңызды аспектісі – халықаралық қоғамдастықтың конфессияаралық диалогтен хабардар болуы. Сондықтан да Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің идеялары жаһандық ақпараттық кеңістікте кеңінен таралды.
Биылдың өзінде 4 мыңнан аса әртүрлі материал жарық көрді. Соның ішінде «Euronews», «BBC», «CNN», «Bloomberg», «Washington Post», «Al Jazeera», «Xinhua», «Vaticannews» секілді беделді шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Съезд мақсаттары мен идеяларын елдеріңізде кеңінен насихаттауға атсалысқандарыңыз үшін XXI хатшылыққа қатысушыларға алғысымды білдіргім келеді. Съездердің белсенді қатысушысы ретінде тәжірибелеріңіз мол. Халықаралық қоғамдастықта бейбітшілік пен келісімнің дамуына ықпал еткен былтырғы диалог алаңының куәсі болдыңыздар.
Іс-шараның диалогтік алаңының идеялары мен шешімдерін халықаралық деңгейде ілгерілету және танымал ету аясында былтыр шетелдік серіктестермен – Түркиядағы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығымен, Пәкістандағы Исламабад халықаралық ислам университеті, Италиядағы, Израильдегі, Үндістандағы озық жоғары оқу орындарымен бірлесіп 5 халықаралық дөңгелек үстел өткізілді, – деді А.Балаева.
Сөз соңында Мәдениет және ақпарат министрі аталған жиындарды өткізуге съезге қатысушылар қолдау көрсеткеніне назар аударды. Оның айтуынша, қазіргі таңда әлем үнемі өзгеру үстінде және үнемі жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. «Сондықтан съездің және хатшылықтың алдағы жұмысы диалогті нығайтуға және бүкіл әлемде бірлік пен келісімді сақтауға бағытталуға тиіс. Келешекте съезд декларациясы мен идеяларын ілгерілету бойынша жұмысты жалғастыратынымыз сөзсіз», деді А.Балаева.
Дүниені қақтығыстан құтқаруымыз керек
Жиын барысында сөз алған шетелдік және отандық дін көшбасшылары ынтымақ пен ауызбірлікке шақырған форумның ерекшелігіне назар аударып, діндер мен мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікке және келісімге қол жеткізу үшін діни және саяси көшбасшылардың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
Дүниежүзілік ислам лигасы бас хатшысының орынбасары Абдурахман бин Абдуллаһ әл-Заидке берілді. Сөзін «бісмілләмен» бастаған мейман Қазақстан Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевқа, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығына осындай іргелі жиын ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты. Өз кезегінде спикер Дүниежүзілік Ислам лигасы бас хатшысы Мұхаммед бин Абдулкарим әл-Иссаның сәлемін жеткізіп, құттықтау хатын оқып берді.
«Мен Дүниежүзілік ислам лигасының бас хатшысы және Мұсылман ғұламалары ұйымының төрағасы, доктор Мұхаммед бин Абдулкарим әл-Иссаның сәлемін қуанышпен жеткізуге рұқсат етіңіздер. Аса мәртебелі шейх Қазақстандағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің табысты өтуіне тілектестігін білдірді.
Дүниежүзілік ислам лигасы Қазақстанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысу құрметіне ие. Аталған алаң қазіргі ғасырдағы ең тиімді бастамалардың біріне айналып отыр. Мен түрлі дін өкілдерінің басын қосқан, заманауи шаһарда өткен іргелі съезге үш мәрте қатысқанымды мақтанышпен айтамын», деді әл-Заид.
Баяндамашы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне қатысушылар жаһандық бейбітшілікке қамқорлық жасауды әр жиында қайталап айтып келетініне назар аударды. Тамыры тереңге кеткен қақтығыстарды шеше алатын, ортақ адами құндылықтарды нығайтатын көзқарастар мен қазіргі жағдайларға қатысты ұстанымды инновациялық жобалар түрінде ілгерілету қажет екеніне тоқталды.
«Мұндай қадам жаһандық мәселелерден туындаған планетамыздың өзекті түйткілдерін шешуде ынтымақтастық жасауға, диалог құруға жол ашады. Бұл ащы шындық 139 елдегі мыңнан аса ғұлама, зиялы топ өкілдері, діни топтар мен мүфтидің ортақ келісімімен қабылданған Меккенің тарихи жарғысында түсіндірілген. Оған Қасиетті екі мешіттің қамқоршысы король Салман бен Абдулазиз әл-Сауд және Сауд Арабиясының тақ мұрагері әрі премьер-министрі ханзада Мұхаммед бен Салман қолдау көрсетті.
Христиан және еврей көшбасшылары жарғы мазмұнына назар аударып, оның маңызын мойындады. Сонымен қатар онда ортақ діни және адами құндылықтар айтылғандықтан, евангелиялық жетекшілер Дүниежүзілік ислам лигасын басты одақтасы деп мойындап, жарғының артықшылығын жеткізді. Съезд жұмысы да 2022 жылдың қыркүйегінде жетінші рет жарияланған Мекке жарғысын жоғары бағалады.
Мекке жарғысының 6 қағидасында былай делінген: «Өркениетті мәдени диалог – толеранттылық пен түсіністікке қол жеткізудің, қауымдық байланыстарды тереңдетудің және қатар өмір сүруге кедергілерді жеңудің ең тиімді жолы. Біз басқаның заңды құқықтары мен өмір сүру құқығын мойындаймыз және құрметтейміз. Біз сыңаржақ көзқарастарды, тарихи дұшпандықты, қастандық теорияларын және жаппай сынға алудан бас тартамыз», деді әл-Заид.
Бас хатшының орынбасары ең алдымен адами құндылықтар, қажырлы еңбекке басымдық берудің маңызын атап өтті. Осыған байланысты жаһандық мәселелерді шешіп, әлемді шартараптың түкпір-түкпірінде бұрқ ете түсетін қақтығыстардан құтқару мақсатында ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
«Осылайша, жантүршігерлік ахуалға ұшырамас үшін ядролық қару қолдану қаупін сейілтіп, адамзатқа инвестиция салғанымыз жөн. Бұл әлем тағдырына әсер етеді. Дүниежүзілік араб лигасы жойқын соғыстарды тоқтатуға шақырамыз. Мемлекеттерді қақтығыстарды шешуде диалог пен түсіністікті таңдаған Қазақстаннан үлгі алуға үндеп, ядролық қарудан бас тартуды ұсынамыз. Тарихи ұстанымы үшін Қазақстан билігі мен халқына алғыс айтамын.
Съезд барысында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары дінге қатысты шындықты жасырған жоқ. Жиналғандар дін бейбітшілік орнатуға арналғанын, экстремизмге, оған қатысты қайғылы оқиғалармен байланысты емесін бірауыздан мойындайды.
Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының Президенті, Аса мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаевқа съезді ұйымдастырудағы күш-жігері және Бас хатшылықтың жұмысын бірнеше жыл бойы табысты үйлестіргені үшін алғыс айтамын», деді әл-Заид.
Король Хамадтың Бейбіт қатар өмір сүру жаһандық орталығының Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Шейх Абдалла бен Хамад Әл-Халифа осы кездесуге шақырғаны үшін форум ұйымдастырушыларына алғысын жеткізіп, Бахрейн Корольдігі Қазақстанмен арадағы жақын қарым-қатынасты мақтан тұтатынын жеткізді. Толеранттылық пен бейбітшілікке ұмтылу адамзаттың бақытты ғұмыр кешуіне деген сенімді арттыратынын атап өткен ол қазіргі күні әлем бетпе-бет келіп отырған проблемалардың қиыншылығы өзара сенімнің жоғалуы, төзбеушілікке шақыру, расизм, жеккөру мен дискриминация салдарынан одан сайын күшейгенін айтты.
– Ынтымақ пен ауызбіршілік рухында өтіп жатқан бұл форум әлемнің түзу жолдан шығып кетпегенін және пікір алуандығын жеңуге, бөлінушілікке тоқтау салуға мүмкіндік беретін жаңа ізгілік ережелерін орнатуға сенім бар екенін көрсетеді. Өзара төзімділік бейбітшілікке бастайды. Ал оған діни көшбасшылар шақырады. Әрбір дінді ұстанушылар өзара құрметті тарату мақсатында олардың шақыруына ілесулері қажет. Сенім – біз үшін қиындықтарға қарсы күресуге және оны жеңуге мүмкіндік беретін тұрақты қуат көзі. Қазіргі күні біз зорлық-зомбылық пен ауыртпашылықтардың жолын кесу үшін жаңа, тиімді жолдарды іздеп жатырмыз. Ол үшін бейбітшілік мәдениетін тарату, сенім мен мүмкіндіктерімізді нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау үшін өзара қарым-қатынас дипломатиясын арттыруымыз керек, – деді бахрейндік қонақ.
Келесі кезекте Израильдің Бас Ашкенази раввинатының жеке кеңесшісі Жоель Адлер сөз сөйледі. Ол Қазақстан тарапына жылы және қамқор қонақжайлылығы үшін алғыс айттты. Астанаға екінші рет келіп отырғанын, шаһардың қатты әсер еткенін, съезд жағымды және есте қаларлық оқиға болғанына ризашылық білдірді.
«Бұл съездің мақсаты – өзара түсіністікке жәрдемдесу және әлемдегі бейбітшілік пен келісімге үлес қосу үшін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларын біріктіру. Израильде мыңдаған бейкүнә адамның, жазықсыз құрбандарды, балалар мен сәбилерді жерлеу рәсімін ойлап, жүрегім ауырып, көзіме жас алып сөйлеп тұрмын. Жақындарынан айырылып, жылап-сықтаған отбасылар көп. Олардың өмірі мен болашағы жойылды», деді Ж.Адлер.
Баяндамашы шабуыл күні Иерусалимде болғанын, оқиғадан қатты шошығанын атап өтті. Оның пайымдауынша, шабуылды ұйымдастырушылар Ислам мен Құдай атын жамылып, дінге кір келтіріп жатқанына тоқталды.
«Ешбір дін және қандай да бір діни ілім мұндай кісі өлтіру әрекетін құптай алмайды және қолдамайды. Құдайды қорлауы барлық дінге теріс әсер етеді, яғни бұл осында жиналғанның бәріне қатысты», деді Ж.Адлер.
Рухани көшбасшылар съезд қатысушыларының ортақ миссиясы – бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді қолдау үшін форум аясында көтерілетін мәселелердің ауқымдылығын да назардан тыс қалдырмады.
Форум миссиясының екінші кезеңі
Отырыс барысында қатысушылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген съездің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын бекітті. Бұл құжат форумның БҰҰ институттарымен және басқа да беделді халықаралық құрылымдармен ынтымақтастығын нығайтуды, сондай-ақ, серіктестер шеңберін және форум қызметінің географиясын кеңейтуді көздейді.
– Тұжырымдамада форумның алдағы жылдардағы даму бағдары қамтылған. Ссъезд миссиясын кеңейту құжат жобасының негізгі жаңалығы екенін атап өткен жөн. Қоғамның сеніміне ие, беделді дін қайраткерлері әлемдік қоғамдастықтың алдында тұрған жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге елеулі үлес қоса алады. Кедейшілік, климаттың өзгеруі мәселелерін шешуде күш жұмылдыру, соғыстар мен қақтығыстарды тоқтатуға ықпал ету, диалог және өзара құрмет мәдениетін дәріптеу бағыттарына да серпін беретіні анық. Тұжырымдамада съезд миссиясын іске асыруға арналған бірқатар жаңа тетік пен институттар қарастырылған. Съездің Ізгі ниет елшісі институтын құру ұсынылып отыр. Жас дін көшбасшыларының форумын және басқа да іс-шараларды өткізу жоспарланып жатыр. Бұл Тұжырымдама Съездің алдағы жылдарға арналған серпінді және жасампаз даму векторын айқындайды, – деген Мәулен Әшімбаев құжатта көрсетілген съезді дамытудың негізгі бағыттарына да тоқталып өтті. «Бұл біздің форумның алдағы жылдардағы даму барысын жаңартатын концептуалды құжат. Форумның 2003 жылдан 2023 жылға дейінгі алғашқы кезеңінде басты мақсат – көпжақты дінаралық диалогті нығайту мен дамыту көзделген еді. Бүгінде біз съездің бұл бастапқы миссиясы сәтті орындалғанын сенімді түрде айта аламыз. Алдағы жылдары да съезд дінаралық диалогті дамыту мен нығайту бағытында жұмыс істей береді. Сонымен бірге біз рухани дипломатияның орасан зор әлеуетін көріп отырмыз. Енді съездің БҰҰ институттарымен және басқа да халықаралық құрылымдармен ынтымақтастығын тереңдетіп, серіктестер шеңбері мен форумның қызмет ету жағрапиясын кеңейту көзделіп отыр. Съездің ерікті елшілері институтын енгізуді жоспарлаймыз, ол рухани дипломатияның маңызды құралы болар еді», деген Мәулен Әшімбаев алға қойған жоспарлардың бірі – Жас діни көшбасшылар форумын өткізу екендігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама рухани көшбасшылар диалогін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, өзара татулық дәстүрін сақтауға ықпал етпек.
Сонымен қатар кездесу барысында Хатшылық отырысына қатысушылар Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен және съездің естелік медальдарымен марапатталды. Атап айтқанда, осы диалог алаңының қалыптасып, дамуына қосқан үлесі үшін Кавказ мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Шейх-уль Ислам Аллашүкір Пашазаде «Достық» орденімен марапатталды. Одан бөлек, бірқатар қатысушыға «Шапағат» медалі және съездің Құрмет медалі табыс етілді.
Отырыстың қорытындысы бойынша қатысушылар коммюнике қабылдады. Онда съездің 20 жылдағы табысты қызметі және маңызды жасампаз рөлі айрықша атап өтілген. Сондай-ақ қатысушылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық қауіпсіздіктің берік жүйесін құру және сын-қатерлер мен проблемаларды еңсеру мақсатында бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс құру туралы идеясына қолдау білдірді. Бұл идеяны іске асыру жолында Қазақстанның Шанхай ынтымақтастығы ұйымының төрағасы ретінде ұсынған «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасы маңызды қадам болатыны да айтылды.
Кездесуге қатысушылар съезд хатшылығының келесі XXII отырысын 2024 жылдың күзінде Астанада өткізу жөнінде шешім қабылдады.
Сонымен бірге Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 20 жылдығына орай арнайы шығарылған мерейтойлық пошта маркасын салтанатты таныстыру рәсімі өтті. 10 мың тиражбен шығарылған марка әлемнің филателиялық каталогтеріне қосылады.
Дін ынтымағын нығайтатын кеңес
Сондай-ақ елордамызда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІ отырысы аясында Мұсылман ақсақалдар кеңесінің өкілдігі ашылып, оған Парламент Сенатының төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев қатысты.
Салтанатты рәсімде Мәулен Әшімбаев ұйымның Орталық Азиядағы өкілдігін ашу туралы ұсынысты Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед әт-Тайеб жасағанын айтты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастамаға қолдау білдірді.
– Мұсылман ақсақалдар кеңесі барлық діндің ынтымағын нығайтуды көздейді. Осындай беделді ұйымның аймақтағы өкілдігінің Қазақстанда ашылуы – біз үшін үлкен мәртебе. Кеңес дәріптейтін толеранттылық, бейбіт қатар өмір сүру, өзара қамқор болу сияқты құндылықтар Қазақстан үшін де маңызды басымдыққа ие. Алдағы уақытта съезд хатшылығы конфессияаралық және өркениетаралық диалогті халықаралық деңгейде дамыту бағытында Кеңеспен бірге белсенді жұмыс істейді, – деген Мәулен Әшімбаев жаңадан ашылған өкілдіктің жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Мұсылман ақсақалдар кеңесі – бейбітшілік пен жаһандық дінаралық диалогті нығайту мақсатымен құрылған тәуелсіз халықаралық ұйым. Кеңестің филиалдары бұған дейін Швейцария, Мысыр және Марокко елдерінде ашылған.
Сонымен қатар бүгін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Somaiya Vidyavihar» университетінің Канцлері, Индуизм делегациясының басшысы Самир Шантилал Сомайямен екіжақты кездесу өткізді.