Жиынды М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент мүшесі Кенжехан Матыжанов ашып, Мағжан мұрасын зерттеудің маңызы жайында айтып өтті.
Алқалы жиынның маңызды бөлімі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдары жарыққа шығарған «Мағжан Жұмабаевтың академиялық жинағын таныстыруға арналды. Академиялық басылым сериясымен жарыққа шыққан үш томға Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері, поэмалары мен аудармалары, оқулықтар мен оқу құралдары, ғылыми мақалалары еніп отыр.
Мағжан мұрасы туған елінің бостандығы мен еркіндігі, түркі әлемінің тұтастығы мен бірлігіне арналды. Сондықтан Мағжан Жұмабаев шығармаларының түркі руханиятындағы маңызын ашу бүгінгі уақыт талабы, деп атап өтті осы жиында Халықаралық түркі академиясының вице-президенті, PhD Асхат Кесікбаев.
Жиында Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Насимхон Рахмонов «Мағжан Жұмабаев - ұлттық ояну әдебиетінің басты өкілі» тақырыбына баяндама жасаса, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Дандай Ысқақұлы «Мағжан - түркі әлемінің дара ақыны» екенін өз баяндамасына арқау етті. Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелді «Алаш партиясы және Мағжан» турасында ой өрбітсе, Евразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD, профессор Суат Бейлур «Түркі әлемінің интеграциясындағы Мағжанның орны», Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып «Мағжан поэзиясының кейбір ерекшеліктері» тақырыбындағы баяндамасымен алашшыл ақынның мұрасының маңызын ашып қана қоймай, оны бүгінгі күн тұрғысынан зерттеу мәселесін қозғады.
Жиында сонымен бірге кинорежиссер, документалист Х.Омаров түсірген «Мағжан Жұмабаев» деректі фильмі көрсетілді.
Конференцияға қатысқан ғалымдар Мағжанның ақындық әлемі, ХХ-ХХІ ғасырдағы әдеби-мәдени байланыстар, Мағжантану және түркология саласы, көркем әдебиеттегі Мағжанның ақындық дәстүрі, ағартушылық қызметі, қайраткерлік тұлғасы және Алаш қозғалысы, қазіргі заманғы өзекті мәселелері, архив, музей және сирек қолжазба деректеріндегі Мағжан мұрасын зерттеуге байланысты пікірлерін ортаға салды.
АЛМАТЫ