Өнер • 12 Қазан, 2023

Жүлде алған сурет

303 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ЮНЕСКО ұйымы жыл сайын «Жібек жолы – жастар көзімен» атты халықаралық фотобайқау өткізуді дәстүрге айналдырды. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тапты.

Жүлде алған сурет

Биылғы байқауға әлемнің 101 елі­нен 6700 адам қатысып, олар өздері түсірген фотоларын жіберіпті. Осында 14-17 жас аралығындағы үміткерлер арасынан моңғолиялық қазақ бала Ақжол Қайнарұлы түсірген фото үздіктер сапынан табылып, жүлдеге ие болыпты.

вап

Өздеріңіз көріп отырғандай, бәй­ге алған фотода сол елдегі қазақ аға­йындар жайлауға жаңадан көшіп келіп, алты қанат керегесі желкөз, тоқ­сан басты киіз үйін тігіп жатқан көрі­ніс түсірілген. Үйдің сыртында өрнек салып оралған тоқымалы шиі көзге түссе, жалаңаш уықты ақ жабындымен бүркемелеп жатыр...

Бәйге алған бала хақында жергі­лікті баспасөз жарыса жазып жатыр. Олардың айтуынан аңғарғанымыз, бұндай үлкен байқаудан жүлдегер (3-орын) атану – зор жетістік әрі мемлекеттің абыройын көтеретін оқиға. Осы орайда, қазақ атын жалпақ әлемге танытып үлгерген Ақжол баламызға хабарласып, мән-жайды білдік:

«Мен 2006 жылы Бай-Өлке ай­ма­ғының орталығында дүниеге кел­дім. Қазір студент атану үшін емтихан­ға дайындалып жүрмін. Табиғат­ты, көш­пелі өмір салтын фотоға түсіру – бала кезден қалыптасқан сүйікті ісім. Сонымен қатар бокспен шұғылданып жүрмін. Жасөспірімдер арасында ел біріншілігінің күміс медаль иегерімін», дейді ол.

Ал «ЮНЕСКО ұйымдастырған фо­то­байқауға қалай қатысып жүрсің?» деген сұрағымызға: «2021 жылы Моңғол фотосуретшілер одағының сайтынан «Жапонияның Хигашикава қаласын­да жасөспірімдер арасында халықара­лық байқау өтетіні» туралы ақпаратты көріп қалдым. Байқауға өзім түсірген 12 суретті жібердім. Қараша айында қорытындысы шығады деген хабар алдым. Содан 8 қараша күні менің фотоларым жүлдеге лайық деп танылғаны туралы хатпен бірге Жапония еліне сая­хаттайтын жолдама қоса келді», дейді Ақжол.

Осылай қазақтың көшпелі өмірін суретке түсіріп, халықаралық бәйгелерге жолдауды әдетке айналдырған Ақжол жоғарыдағы ЮНЕСКО бәйгесіне де бақ сынап көрген. Ұйымдастырушылар осылардың ішінен мұнда өздеріңіз көріп отырған фотоны таңдап алып, бұл сурет туралы түсіндірме жазып жіберуді өтініпті. Оны шамасынша жазып жіберген екен.

«Өткен айдың 20-сы күні ЮНЕСКО-дан хабар келіп тұр. Онда менің суретім жүлдеге ілінгендіктен, марапатау рәсімі өтетін Қытай елінің астанасы Бейжіңге тез же­тіңіз делініпті», дейді ол.

Ақжол барған. Қомақ­ты сыйлық алған. Ұйымдастырушылар: «Сіз түсір­ген фото бас жүлде алуға ла­йық еді, бірақ өзіңіз оның ағылшын тілін­дегі түсіндірмесін жақсылап жазып бе­ре алмадыңыз» деген көрінеді.