Шетелдегі бизнесін Қазақстанда кеңейтуді көздеген немесе қажетті кәсіп бойынша мамандығы бар этностық қазақтарға арналған «Ата жолы» картасын 10 жылға дейін беру жұмыстары жақында ғана басталды. Осы ретте «Ата жолы» картасының мүмкіндіктерін кеңейту керек деп есептеймін. Шетелдік инвестор ретінде ұсынылған мүмкіндіктерден тыс, қандастарға ерекше жеңілдіктер қарастыруды ұсынамын. Тағы да бір айтатын мәселе, тек кәсіп ашсақ қана «Ата жолы» картасын береміз демей, шетелде кәсібі бар барлық қазаққа беру керек. Олар осы мезгіл ішінде атажұртқа еркін келіп-кетіп жүріп, кәсібін ашады деп сенемін.
Биыл қыркүйек айының басында Алматы қаласында Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық форумы өтті. Форумда Қазақстан, Орталық Азия және Қытай Халық Республикасы кәсіпкерлерінің бастамасымен «Орталық Азия және Қытай кәсіпкерлерінің қауымдастығы» құрылды. Мен сол қауымдастықтың тұрақты хатшысы лауазымына сайландым. Осы орайда айта кететіні, бұл мәселеден өзге қандастар да шет қалмау керек. Қытайда тұратын ағайындар және Қазақстанға көшіп келген қандастар, барлығы да атсалысу керек деп есептеймін. Себебі біріншіден олар тіл біледі. Екіншіден, өздері тұрып жатқан елдің экономикасының қай саласы жақсы дамып келе жатыр? Қандай жаңа технологияны қолданғанда жоғары өнім алуға болады? Соны жақсы біледі. Әрі өздері де пайда табады. Осыдан кейін тіл үйрену, мәдениет, спорт, тағы да басқа салаларда диаспораның ішкі қажеттіліктерін қаржыландыруға, басқа да демеушілік жұмыстарын ұйымдастыруға мүмкіндіктері болады. Қай елде өмір сүрсек те сол елдің Қазақстанмен әріптестік қарым-қатынасын дамытуға, сауда ісін жақсартуға атсалысайық. Екі елдің арасында алтын көпір болуға тырысайық.
Өркеш СЛАМБОЛ,
«UWEE GROUP» компаниясының
Орталық Азия бойынша басқарма төрағасы