Керек болса, күйшілігімен қатар оның қазақтың маңдайалды актер болғаны, сахнада сансыз кейіпкерлерді сомдағаны, сол үшін үкіметтен алған мәртебе-марапаты да отандық зерттеушілердің назарынан тыс қалмаған. Бірақ осынау ғылыми ізденістерді өзара салыстырғанда күйшінің тіршілігіне қатысты келтірілген деректер шатысып-бұтысып бір уәжге тоқайласпайтыны өкіндіреді. Әбікеннің туған жылы жайлы биографиялық деректер де орнықты емес. Сондықтан қазіргі таңда Әбікен Хасеновтің дара тұлғасы да, кейінгі ұрпаққа қалдырған күй-мұрасы да толық зерделенді деп кесіп айту қиын.
Құжаттарға қарасақ, Әбікен Хасенов – дарынды актер, күйші-композитор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері. Ол 1892 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Шет ауданы Жалпақтау етегіндегі Қаратал өзенінің бойында дүниеге келген. Бабасы қазақ-жоңғар соғысында аты шыққан Бекназарұлы Таңыбай батыр (1670-1755) – Абылай ханның сенімді сардарларының бірі.
Әбікеннің арғы атасы – Көпбай Есетұлы, ол – Таңыбай батырдың немересі. Көпбай 1859-1861 жылдары Сібір қырғыздары облысы, Қарқаралы сыртқы округіне қарасты Кәрсөн-Керней аймағының болысы болған. Заманында Арқа еліне сөзі жүрген Көпбай болыс үкіметке де өте ықпалды ірі шонжарлардың бірі болған. Көпбай бір замандарда Қарқаралы дуанына қазы болып сайланған дейді.
Көпбайдан – Рақыш, Мұқыш, Сәдуақас, Хасен деген төрт ұл туады. Бәрі де аттары ауыл-аймаққа белгілі, аса беделді азаматтар болды. Көпбайдың бір немересі Мақаш Сәдуақасұлы (1875-1929) – арқаға аты шыққан домбырашы, Әбікеннің алғашқы ұстазы. Ал енді әкесі Хасен Көпбаев күйші Мақашпен туысады, екеуі де заманында ел баққан атқамінері қатарынан. Хасеннің де бірқағар домбырашылығы, әншілігі болған, бірақ өнер жолын қумаған. Ал біз сөз етіп отырған қазақтың әйгілі күйші-композиторы Әбікен Хасенов – Көпбайдың немересі, Хасеннің баласы. Анасының аты – Айша. Хасеннен бес бала туады, олар: қыздан – Бибіжан, Әнел, Бикен, ұлдан – Әбікен, Иманмұса.
Хасеннің Әбікені жастайынан ойын-сауыққа әуес болған, домбырашылық өнерді игерген. Бұл енді аса таңданарлық жайт емес, күйшілік қонған әулетте туған соң өнер қууы заңдылық та. Назар аудартатыны – Әбікеннің өнермен қатар іргелі білімге де жетік, сауатты болғаны. Оның ауыл медресесін Құли (Қали) қажыдан оқып бітіргені туралы деректер бар. Академик Рахманқұл Бердібай 1958 жылы қатты сырқаттанып жүрген Әбікеннің үйіне барып сұхбат алады. Күйшінің өмірбаянын өз аузынан жазып алып «Қазақ әдебиеті» газетіне арнайы мақала жариялайды. Осы мақаладағы дерекке сүйенсек, Әбікен Хасеновтің ауыл медресесінен білім алғанын, ескіше хатқа зерек болғанын аңғарамыз. Осы мақалада оның жастай діни білім алумен қатар сауыққа да әуес болғаны, домбыра, қобыз, гармонь аспаптарын игергені және ән салуға әуестенгені де жазылады. Жазушы Сапарғали Бегалин «Сахара сандуғаштары» кітабында былай деп жазады: «Қабағынан қар жауып, үнемі ызған төгіп отыратын Қали молда (кей деректе – «Құли молда» деп жазылған) оқуға пейіл бермейтін борқиған сары баланы үнемі ығыртып, «патшағар, әуейі болып барасың, құлағыңда жын-шайтан ызыңдап тұр-ау, домбыраны неге қоймайсың?» деп зекиді. Бірақ Әбікен жаны сүйіп құмартқан домбыра тарту, әнге талпыну талабынан айнымайды. Әке күші, молда қадағалауымен түркіше сауатын ашады». Жазушының «түрікше сауат ашады» дегені сол кезде ортақ қолданылған кітәби тіл болса керек.
Әбікенді домбыраға баулыған немере ағалары – Мақаш Сәдуақасұлы мен Ақмолда Дүйсенұлы (1861-1934). Кейінірек Кенжеқара мен Баубек Жарылғапұлынан (туған жылы жөнінде дерек жоқ) да дәріс алады, ал қобызды Дүйсен (Ақмолда күйшінің әкесі) деген өзімен әулеттес жамағайынынан үйренеді. Сембек Айдосұлы (1864-1931) мен Әбди Рысбекұлының (1868-1931) да өнегесін алып, соңдарына ереді. Бұл күйшілердің бәрі әйгілі Қыздарбек Төребайұлының (1850-1922) шәкірттері еді. Әбікен Қыздарбектің алдына бата сұрай барғанда жас та болса дәулескер домбырашы атанып қалған кезі болса керек. Қыздарбек үлгісін көрген соң оның шеберлігі арта түседі, Тәттімбеттің «қырық буын қосбасарын» осы Қыздарбек ұстазының қолынан алады, баталы шәкірті атанады. Қыздарбек болса Шұбырпалы ішіндегі күй абызы – Итаяқ Солтанұлының (шамамен 1780 жылы туған, қайтқан жылы белгісіз) төл шәкірті, Итаяқ болса Тәттімбеттің тұстасы, Сайдалы сары Тоқамен күй тартысқа түскен кемеңгер. Қыздарбек Итаяқтан аңыз күйлерді, Тоқа мен Дайрабайдың тараулы шертпелерін үйренеді де дарынды шәкіртіне аманаттайды. Әбікен өмір бойы Қыздарбекті пір тұтты, бірақ оның мұрасын күйтабаққа жазуға тәуекелі жетпеген секілді. Оның себебі сол кездегі кеңестік идеологияның ызғары еді.
Әкесі Хасен әлді-ауқатты кісі болған соң, сол өңірдегі Нұрлан деген байдың Күлше деген қызын айттырады. Күлше елден асқан сұлу, ақылына көркі сай ару болады, Әбікен – заманының сал-серісі. Ол да өзіне теңдес жар тапқанына қуанады. Екі жас шаңырақ көтереді, қысқа да болса бақытты жылдарды бірге өткереді. Дүниеге Жаһанша, Дәлелхан атты алтын асықтай ұлдары, Шапи, Баяу деген күміс қасықтай қыздары келеді.
1917-1918 жылдары Әбікен Сарыарқа еліне аты шыққан өнер адамдарымен, көзі ашық оқығандармен араласа бастайды. Әсіресе Сәкен Сейфуллинмен достасуы өміріне үлкен ықпалын тигізеді. Әбікеннің болашақта ел тағдыры туралы ойлауы, қоғамдық көзқарасының өзгеруі, тіпті Алаш қайраткерлерімен аралас болуы осы Сәкенмен арадағы достығынан кейін басталады.
1922 жылы Қазақ даласында ұлы дүрбелең басталады, үркіншілік, аштық нәубеті қат-қабат келіп елді әбден діңкелетеді. Елтұтқа боларлық азаматтар қуғынға түседі. Әсіресе елге ықпалды оқығандар, ақын-жыраулар мен дін адамдары көп азап шегеді. «Ескілікті көксейді» деген желеумен ел ішіндегі аты шыққан күйшілерді жаппай жою арнайы қаулымен мақсатты түрде жүзеге асып жатады. 1928 жылы НКВД жендеттерінің жауыздығын әшкерелеп, «Елу сегіз» деп күй толғаған Сармантайдың Ахметжаны атылады, «қырық буын қосбасарды» түгел шертетін Қалаудың Кәрібегін большевиктер астыртын у беріп қастандықпен өлтіреді. 1930 жылы ұсталып, 1931 жылы «тоғыз тарау күйдің тарланы» атанған Айдостың Сембегі мен ел «буынсыз күйші» деп ардақ тұтқан Рысбектің Әбдиі атылады. Бұлардың бәрі атақты Сармантайдың Ахметжаны күйге қосқан қанды бап – «58-статьямен» (отанға опасыздық жасау) айыпталады. Арқаның классик күйшілері Сембек, Әбди, Ахметжандар Әбікеннің ұстаздары еді.
Азаттық үшін атқа мінген Алаш қозғалысы осы кезеңдерде автономия құру жолында кеңес өкіметімен ашық текетіреске түседі. Әбікен де Алаш қозғалысынан тыс болды деп айта алмаймыз, ол Алаш партиясына мүдделес болып елдегі бірқатар жиынға қатысып жүреді. Өкінішке қарай, күйші биографиясына қатысты зерттеулерде оның Алаш кезеңіндегі өмірі айтыла бермейді. Күйшінің Алаш қайраткерлерімен үзеңгілес һәм партияға шын ықыласымен тілектес болғанын нақтылайтын дереккөздер баршылық.
1930 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Шет ауданында кеңес өкіметіне қарсы әйгілі «Бетпақдала» көтерілісі басталады. Бұл көтерілістің көсемдері – Алаш қайраткерлері Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермековтер еді. Әскери қозғалыстың бас сардары болып Еркебек Дүйсенов сайланады. Тарихшылар Тұрғанбек Алланиязов пен Амангелді Таукеновтің «Шетская трагедия» атты кітабының «Дело Дюсенова» бөлімінде Еркебек Дүйсенов пен Жақып Ақбаевтың ескі достар екендігі жазылады. Осы кітапта Алаш қозғалысының басындағы 40 кісінің ішінде Әбікеннің де аты аталады: «...Из Шетского района: Оспанов Каирберли, Ибышев Маулен, Норбаев Мукаш, Дюсенов Еркебек, Хасенов Абекань, Балгожин Жунусбек, Бодуков Карымбек». Бұл жерде хаттама толтырушының жазуымен күйшінің аты-жөні «Хасенов Абекань» деп қате жазылып кеткен, солай бола тұра бұл – «әбікентануда» аса маңызды құжат.
1930 жылы Алаш қайраткері Жақып Ақбаев Ново-Троицкое қаласында (Қазіргі Жамбыл облысы Шу ауданы Төле би ауылы) үлкен құрылтай өткізеді. Сол жиынға Мойынты болысынан Әбікен Хасенов барады. Бұл жөнінде тарихшы Марат Әбсеметов «Сакен Сейфуллин – Председатель Совета Народных Комиссаров Казахстана» еңбегінде бұлтартпас құжаттар бар. «...В протоколах допросов воскрещаеются реальные события, реальные люди и реальные факты... За присутствие в уголовном деле имен алашординских деятелей – Жакыпа Акпаева, Алимхана Ермекова, Имама Алимбекова, домбриста Абикена Хасенова, советских работников Сакена Сейфуллина и Орынбека Бекова, отца и брата Сакена, с кем были связаны восставшие по сталинскому заказу и сценарию 1937 года они были бы осуждены по 58-политической статье».
Осы оқиғадан кейін халық жауы ретінде Әбікен үкімет тарапынан қудалауға ұшырайды. 1931 жылы 15 қаңтарда ОГПУ-дың Қарағанды бойынша айрықша істер оперсекторы (ОО Карагандинского оперсектора ОГПУ) тарапынан 1931 жылдың күз айларында көтерілісшілерге қарсы №3872 тергеу ісі (істің соттағы аты «Конференция» деп аталды) ашылады. Осы тергеулер нәтижесінде Әбікен Хасенов те «күдікті» болып тізімделеді. Ақыры «кеңес өкіметіне бағынбағаны және қарсылық көрсеткені үшін» деген айыппен РСФСР қылмыстық кодексінің 59-статьясы, 3-бабымен сотталып Ақмола (кейбір деректерде – Қызылжар) түрмесіне айдалады.
1932 жылы қызыл сүйек ашаршылық нәубеті келеді де қызыл өкіметтің түрмедегі тұтқындарды ұстап тұруының өзі мұң болады. Осы себеппен түрме басшылары Әбікенді 1932 жылы босатып жібереді. Кейбір ауызша деректерде түрме басшысының Әбікеннің күй тартқанын естігеннен кейін жұмсарғаны айтылады. Актриса Хабиба Елебекованың естелігінде Әбікеннің түрме бастығының үйінен домбыраның үнін естігені, абақты бастығының әйелінен қолқалап домбыра сұрап алғаны, сосын абақтыда ұзақ күй толғағаны, артынан әлгі әйелдің күйші тұтқынға жаны ашып сот күйеуінен Әбікенді босатуын өтінгені айтылады.
Әбікен еліне оралғанда әйелі Күлше, ұлдары Жаһанша мен Дәлелхан, қыздары Шапи мен Баяу аштықтың құрбаны болғанын көзімен көреді. Алланың бұйрығымен жалғыз қарындасы ғана шалажансар, әне-міне деп қиналып жатқанының үстінен түседі. Содан жүрегі қан жылап, жан-жарын, балаларын жерге тапсырып, қарындасының аузына су тамызып тірілтіп алады. Өзі де жолсоқты, аштықтан бұралған қарындасын жетектеп жолға шығады. Әл-дәрмені құрып өлім аузында жатқан Әбікен мен оның қарындасын ауылға жақын маңнан Кіпия деген жамағайын апасы тауып алады. Кіпия болса Арқаның ән мектебінің жаңа дәуірінде аты қалған Гүлбаршын Ақпанованың (1941-2001) үлкен шешесі. Кіпия апасының күтімінде бір жылдай болып Әбікен мен қарындасы естерін әрең жияды. Осы нәубетте Әбікеннің өзінен бірер жас үлкен апасы Бибіжан мен інісі Иманмұса да аштықтан опат болады. 1933 жыл ел ішінде «қызыл террор» ызғары әлі басылмаған, бай тұқымын қудалау әлі толастамаған кез еді. Осы есеппен Әбікен жылыстап Балқашқа өтеді, онда жергілікті мойынсерікке қара жұмысшы болып кіреді. Алайда «байдың тұқымы» деп белсенділердің түртпегіне ұшырайды да, 1934 жылы Жетісуға қарай жүріп кетеді. Бірер апта жол азабын көріп Қазақ АКСР-нің астанасы Алматы шаһарына да жетеді. Жұрттан сұрай жүріп Сәкен Сейфуллиннің үйіне барады. Ол ескі досын жақсы пейілмен қарсы алады, құшақтасып қауышады.
1934 жылы Сәкен Сейфуллиннің көмегімен Қазақ драма театрына (Қазіргі М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры) актер болып жұмысқа алынады. Әбікеннің бағына қарай театр директоры Орынбек Беков еді, бұл екеуі ауылдас әрі бұрыннан мүдделес жандар болатын. 1930 жылғы «Шет қозғалысына» Әбікенмен бірге қатысқан. Жұмысқа қабылдануына Мұхтар Әуезов те тілектес болады, ол Әбікеннің күйшілік өнерін Семей кезеңінен жақсы білетін, сондықтан театр әкімшілігіне жазушы сөзінің де салмағы өткен секілді. Далалық тума дарыны арқасында ол театр сахнасына, актерік шеберлікке тез бейімделеді. Қазақ драма театры сахнасында Құнанбай (М.Әуезов. Л.Соболев. «Абай»), Қараменде (Әуезов. «Еңлік-Кебек»), Қодар (Ғ.Мүсірепов. «Ақан сері-Ақтоқты»), Мұса (С.Мұқанов. «Шоқан Уәлиханов»), Тайман (Ә.Тәжібаев «Майра»), Балқы (М.Ақынжанов. «Исатай мен Махамбет») образдарын сомдап көрермен қауымның ризашылығына бөленеді.
1935 жылы Мәскеу қаласы жанындағы Глухово ауданына қарасты Ногинск қаласындағы «Грампласттрест» атты дыбыс жазу орталығынан Әбікен Хасеновтің алғашқы күйтабағы шығады. Күйтабаққа «Дайрабай» мен «Бестөре» күйлері жазылды. Әбікен күйтабақтары 1938 жылға дейін дүркін-дүркін жазылып, дүкендерге түсіп тұрды. Жаппай репрессия басталған қаһарлы 1938 жылдан кейін Екінші дүниежүзілік соғыстың соңына дейін оның бірде-бір күйтабағы жазылмады десе де болады. Себебі осы жылдар аралығында «қызыл репрессия» толқыны қазақ интеллигенциясын шарпып өтті.
1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, Әбікеннің жасы 49-да еді, сондықтан әскери міндеттен босатылады. Төтенше жарлық бабында филармония мен театр әртістерін мобилизациядан босататын арнайы бронь (тылдағы еңбек үшін босатылу) да болды, өз кезегінде оның да себебі тисе керек. Қазақтың академиялық драма театрында Әбікенмен сахналас болған біраз әртіс майданға кетті.
Соғыс жылдарында Қазақ драма театры мен филармония әртістерінен құралған концерттік бригадалар жасақталды. Мәскеуді басқыншылардан қорғаған атақты Панфилов дивизиясының ерлігі туралы Мұхтар Әуезов пен Әлжаппар Әбішевтің «Намыс гвардиясы» пьесасында басты рөл генерал Панфиловтің бейнесін Қалибек Қуанышбаев пен Әбікен Хасенов қатар сомдады. Осы спектакльде Әбікен Қамал Қармысов, Қапан Бадыров, Шәкен Айманов, Серке Қожамқұлов секілді әйгілі актерлермен сахналас болды. Соғыс жылдарындағы осынау қажырлы еңбегі ескеріліп, 1945 жылы Әбікен Хасеновке Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі атағы және «Құрмет белгісі» ордені берілді. Мерзімдік баспасөз беттерінде Әбікеннің актерлік шеберлігі туралы бірсыпыра мақалалар да жазылды. «Қазақ өнерінің тарихы» атты үш томдықтың 1-кітабының «Театр өнері» бөлімінде:
«Бұған қарама-қарсы Кете көтерілісшілерге шын пейілімен қосылғанымен өзінің қараңғылығынан, өмір ағымын аңғара алмауынан күрес жолын анықтай алмайды. Актер Ә.Хасенов батырдың мінез қайшылығын дәл тауып ашқан. Тұтас спектакль барысында күресті аңсаған батыр бітімді жанның бейнесі бар көркемдік сипаттарымен ашылған. Бірақ ол күресті бейберекет, озбырлық, байлардан кек қайтару деп ұғады. Ол әскери техника мен әскерлік тәртіпке қарсы. Актер халық қозғалысының саяси мәнін түсінбеген әрі ескі көзқарасынан қайтпаған Кетенің ішкі қайшылықтарын түбіне жеткізе ашқан», делінген.
Соғыстан соңғы жылдарда Әбікен театрмен қатар күйшілік өнерге де ерекше ынтамен көңіл бөлді. Ол театр труппасының гастрольдік сапарлары барысында спектакльмен жалғаса қойылатын шағын концерттерге шығып жүрді. Негізінен Арқаның шертпе күйлерін насихаттады, Тәттімбет, Дайрабай, Әбди, Айдос секілді халық композиторларының тамаша туындыларын орындады.
1946 жылы Қазақ драма театрының құрылғанына он жыл толуына орай Әбікенге Еңбек Қызыл Ту ордені берілді. Бұл кезеңдерде Әбікеннің күйшілік тұлғасы республикаға кең танылды, оның шығармашылығына белгілі өнер қайраткерлері назар аудара бастады. Академик Ахмет Жұбанов «Ғасырлар пернесі» монографиясының Тәттімбет туралы тарауында ұлы күйші мұрасын жеткізуші ретінде Әбікеннің атын жазды. Композитор Латиф Хамиди оның орындауындағы шертпе күйлерді нотаға түсірді. 1964 жылы шыққан «Домбыра үйрену мектебі» оқулығына (Авторлары – Л.Хамиди, Б.Ғизатов) Әбікеннен жазып алған Тәттімбеттің 1-ші «Қосбасары» Хамидидің ноталық жазбасымен жарияланды.
1946 жылы Әбікен өз елінің Шәкен атты қызына үйленеді, одан туған Ермек, Исақ деген екі баласы, Бақыт атты қызы бар. «Қоңыр» атты күйінің ел аузындағы бір аңызында: «Әбікеннің баласы Ермек дүниеге келгенде шілдеханаға келген досы Қалибек Қуанышбаев «Мына нәрестеңнің қуанышына бір күй шығар!» деп қолқалапты. Сонда Әбікен осы күйді шерткен дейді. Әрине, ұлы адамдардың соңында осы тақылеттес әңгімелердің қалуы заңдылық, десек те күйшінің баласына шығарған күйі болғанына күмән келтіре алмаймыз, тек ол «Қоңыр» емес, басқа туынды болуы мүмкін шығар. Қазақтың небір игі жақсылары Әбікенге сәлемдесе келіп, осы Шәкеннің дастарқанынан дәм татуды ұнатқан деседі.
1953 жылы И.Сталин өлген соң кеңестер одағында жылымық кезең басталды. Әбікеннің «Қоңыр» атты ревием-күйінің шығатын кезі осы уақытқа келетіндей. Бұл Алаш арыстарына арналған жоқтау күй еді. Алғашында радиодан (белгісіз себептермен) «халық күйі» деп беріліп жүрді, кейіннен авторының атымен хабарлана бастады. Бұл кезеңде Әбікен қазақ радиосына арқа күйлерін жазуға бел шеше кіріседі. Күйші үшін жаймашуақ уақыт енді басталғандай еді. Жұмысында тасы өрге өрмелеп, халыққа танымал актер атанды.
1956-1957 жылдары Әбікеннің күйтабақтары Ташкент қаласынан шыға бастады. Өзінің жеке күйтабақтары және басқа орындаушылармен бірге жаздырған жинақтары басылды. Бұл шын мәнінде, мәдени маңызы жөнінен айрықша оқиға болды, Әбікен орындаған күйлер сол кездегі социалистік құрылыс туралы хроникалық фильмдерге музыкалық көркемдеуші құрал ретінде ене бастады. Радиохабарлар да Әбікен шерткен күйлермен әрленді. Кең-байтақ қазақ елі Хасеновтің қоңыр шертісін жазбай танитын, әсіресе Тәттімбет күйлері халық арасына кең тарап кетті.
Күйші 1958 жылы 25 қазан күні 66-ға қараған жасында ұзаққа созылған кеселдің кесірінен дүниеден өтеді. Әбікеннің жаназасын, қаралы жиынын қазақ зиялылары, қоғам қайраткерлері ұйымдастырды. Ұлы күйшімен қоштасу рәсімі өзі қызмет еткен М.Әуезов атындағы академиялық қазақ театры ғимаратында өтті. Сүйегі Кеңсайға жерленді. Күйшіні жерлеу комиссиясы құрылып, оны халық әртісі Шәкен Айманов басқарды. Шәкен жаназаға қаражат сұрап Асқар Зәкаринге барып, бес мың сом бөлуін сұрайды. Асқар Зәкарин: «Бес мың сом тым көп емес пе?» дейді, сонда Шәкен Айманов: «Асеке, бір бес мың сом үшін тағы біреуіміз өлуіміз керек пе?», деген екен күйініп. Қазақтың ұлы күйшісі Әбікен Хасеновтің өмірі мен өнері туралы қысқаша шолуымыз осымен тәмам.
Жанғали Жүзбай,
күйші
Әбікен Хасеновтің суреті жазушы Несіп Әбдірахманованың жеке мұрағатынан алынды