Суретті түсірген – Руслан Кадыров
Бұл – өңірдегі дәрігерлердің беделін арттырып қана қоймай, қарапайым халықтың еміне жәрдем болар маңызды алғашқы орталық. Әртүрлі ауру-сырқаудан запы болған тұрғындардың шипасын тезірек табуға қабілетті. Қазір өңірде медициналық-санитарлық көмектің үздік тәжірибелерінің екі орталығы ашылды. Олардың жұмысы медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, енді өңірдегі екі емханада пациенттердің әлеуметтік жағдайына ерекше басымдық беріледі. Неге десеңіз, бұл орталықтар отбасылық медицина қағидатын енгізуге бағытталып отыр. Бірте-бірте бұл оң тәжірибе бүкіл облыс көлемінде таратылмақ.
Өңірдегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету тәжірибесінің орталығы Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылындағы орталық аудандық аурухана базасында, ал екіншісі Талдықорған қалалық №1 емхананың 6-шағын аудандағы ғимаратында ашылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансенгіров өз құттықтау сөзінде бұл орталықтар медициналық мекемелердің құрылымдық бөлімшелері бола отырып, адам денсаулығына қамқорлық жасайтын кешенді медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмек беру орталықтарына айналатынын атап өтті.
«Денсаулық саласы бойынша ауданда жұмыс жүйелі жүріп жатыр. Медициналық қызметтің жаңаруы – білікті мамандардың шоғырлануына, сапалы жұмыс түрін ұйымдастыруға барынша серпін береді», деді А.Жансенгіров.
Бұл ретте мультидисциплинарлы топ көпсалалы командадан құралған, атап айтқанда, оның құрамында отбасылық дәрігерлер, патронаж медбикелері, акушерлер, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтер бар. Өз кезегінде «Астана» медициналық университеті» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының төрағасы Төлебай Рахыпбеков алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қайта құру көзделіп отырғанын айтты.
«Бұл отбасылық медицинаны дамыту мен медициналық көмектің сапасын арттыру үшін жасалып отыр. Осындай алғашқы орталықты Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында ауылдық көпсалалы аурухана базасында ашқан едік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы біздің жобамызды Еуропаның 53 еліне әлемдегі алғашқы демонстрациялық платформа ретінде ұсынды. Жалпы, біздің қауымдастық 2018 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ біз психикалық денсаулық мәселелерімен де айналысамыз. Халықты ми қан айналымы бұзылысының, сүт безі қатерлі ісігінің және т.б. сырқаттардың алғашқы белгілерін анықтауға үйретеміз. Бүгін ашылған орталықтар жемісті жұмыс істейді деп сенеміз және олардың тәжірибесі жақын арада Жетісу облысына кеңінен таратылады», деді Т.Рахыпбеков.
Осы күні орталықтың ресми ашылуынан бұрын «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының сарапшы мамандары дәрігерлер мен медбикелерге, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтерге оқыту тренингтерін өткізді.
Жалпы, мұндай үздік тәжірибе орталықтарын құрудағы негізгі мақсат – медициналық көмекті қолжетімді ете түсу, адам мен оның отбасының қажеттіліктері үшін денсаулық сақтау қызметтерін интеграциялау, шағымдар санын азайту, шағым түрлерін талдау, ұйымдастыру және әдістемелік жұмыс жүргізу. Тағы бір аспектісі – халықтың медициналық сауаттылық деңгейін арттыру, ауруларды емдеу және алдын алу үдерісіне қатысу, халықтың денсаулығын қорғау саласындағы жобалар мен әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеу, сондай-ақ диагностикаға бағдарланған тәсілден тұлғаға бағдарланған тәсілге көшу.
Ғимараттың жалпы ауданы – 100 шаршы метр, 6 бөлмеден тұрады. Тәулігіне қосалқы стансада аға фельдшер, аға жүргізуші және құрамында 4 фельдшер мен 4 жүргізуші бар 4 бригада жұмыс істейді. Құрылысты жүргізген – «Qaz damu constrution». Бұған дейін әкімшіліктің жертөлесінде жұмыс істеп келген «Жедел жәрдем» қызметіндегілер көлік қоятын арнайы орынға дейін ойластырылғанына алғыс білдірді.
Жалпы, Ескелді ауданында медицина бағыты бойынша көптеген игі іс жүзеге асып жатыр. Мәселен, 2021 жылы Биғаш, 2022 жылы Абай, Теректі, Қоржымбай ауылдарында блокті-модульді медициналық пункт ашылды. Биыл Бөктерлі, Өтенай, Жеңдік ауылдарында жаңа медициналық пунктердің құрылысы қарқын алды. Ал Жетісу ауылындағы амбулаторияға күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі.
Жетісу облысы