Фото: Қайрат Қоныспаев
Мәселен, 2022 жылы Американың Колорадо штатында өткен өнер байқауында «Цифрлық өнер» санатында жасанды интеллект мүмкіндігін пайдаланған қатысушы жеңіске жетті, ал белгілі Cosmopolitan журналы арлғаш рет өз мұқабасын DALL-E 2 бағдарламасы арқылы жасап шығарған.
Осы тұста дарыны арқылы нан табатын өнер адамдарының алаңдаушылығы да өте орынды. Жасанды интеллект бағдарламаларын жетілдіру аясында адамның мүмкіндіктерінен асып түсетін дағды пайда болмайтынына кім кепіл? Алайда, нейрожелілік бағдарламалардың кемшілігі де бар - оның суретші сияқты жеке тәжірибесі мен терең интерпретациясы болуы мүмкін емес. Жасанды интеллект сыни тұрғыдан ойлауға қабілетсіз: ол тек ашық көздерде орналастырылған визуалды ақпарат ағынын талдаусыз тұтынады.
Жасанды интеллект жасаған суреттер - өнерден туған тың туынды емес, тек компьютерде жасалған суреттер, сәйкесінше AI қызметтерін пайдаланатын қолданушыларды суретші деп атау қате болар. Себебі кескінді адам емес, машина жасайды – демек, процесс іс жүзінде шығармашылыққа жатпайды. Өнер адамдары прогресс ұсынатын мүмкіндіктердің ұтымды тұстарын керегіне жаратса құба құп.
Бүгінде Open AI «көмегін» маркетолог мамандар да қарқынды пайдаланып жатыр. Мәселен, отандық автомобиль өндіруші Allur компаниясы жарнама агенттігімен бірлесіп, Орталық Азиядағы нейрондық желілер арқылы жасалған алғашқы бейнероликті ұсынды. Айта кетсек, Қазақстандағы бизнесте мұндай бірегей ынтымақтастық алғаш рет жасалып отыр.
«Бұл идея көрерменге көліктердің тек тасымалдау құралы емес екенін түсіндіреді. Біз көпшілікке жаңа техниканың ерекше сезім сыйлайтынын, алға ұмтылдыратынын, жаңа бастамаларға жетелейтінін көрсеткіміз келді», дейді компанияның шығармашылық директоры.
Айта кетсек, жақында Алматыда заманауи инновациялық озық көрме ашылды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінің өкілдері Plan B және FARBA (Минск, Беларусь) галереяларындағы әріптестерімен бірлесіп «Жасанды интеллект: суретші немесе машина?» атты көрме ұсынды.
Назарға ұсынылған жұмыстардың барлығын жасанды интеллект жасап шығарған. Көрмеге табиғат, мифология, тарих, архитектура және басқа да салаларды қамтитын 10 түрлі санатқа бөлінген 120-дан астам сурет қойылған.
Өткен аптада елордада өткен «Digital Bridge» іс-шарасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жасанды интеллект мәселесіне тоқталды. Бұрын фантастикалық шығармаларда, кинода ғана кездесетін дүниелер өмір ақиқатына айналды. Президенттің пікірінше, оны елемегендер көш соңында қалып қоюы мүмкін.
Кез келген технологиялық прогрестің оң және теріс жағы бар. Сондықтан да пайдасы мен зияны жөнінде, артықшылығы мен қауіпі турасында пікір көп. Қателік жасанды интеллектте де, адамда да болады. Әсіресе қиын тапсырмаларды орындау мақсатында жасанды интеллектті пайдалану – адам қателіктеріне жол бермейді. Бірақ аса қымбат техника шығармашылық өнерді алмастыра алмайды, бұл адами эмоцияны түбегейлі жойып, туындыға жан бітірмейді.