Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Осындай мектептен өткендер әртүрлі жолмен кеңес одағының тылына диверсиялық қылмыстық әрекет жүргізу үшін жіберілді. Мысалы, Люккенвальдегі «Алаш» мектебінде диверсиялық топтарға тактикалық сабақтар, әсіресе карта мен компосты пайдалана білу 22 сағат, сапта жүру дайындығы 33 сағат, жарылғыштарды қолдану ісі 11 сағат, қазақ тілі шрифтісі 22 сағат оқытылған. Барлық сабақты неміс әскерилері жүргізген.
«Отан соғысы кезеңіндегі Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік халық комиссариаты Қазақстан аумағындағы жасырынған шетелдік барлау мен антисоветтік элементтердің диверсиялық жұмысы туралы» анықтама шолуда «Соғыс кезінде неміс барлау органдары мен неміс қолбасшылығы Қазақ КСР аумағына 36 парашютист-диверсантын, агенттерін, шпиондарын түсірді. Парашютистерге неміс қолбасшылығы тарапынан берілген тапсырмалар бойынша Қазақстан аумағына түскеннен кейін қорғаныс кәсіпорындарына, теміржол тораптарына жарылыстар жасау, партия-кеңес қызметкерлерін, Қызыл армия мен кеңестік барлау офицерлерін өлтіру, кеңес өкіметіне қарсы көтерілістер ұйымдастыру және барлау-тыңшылық жұмыстарын жүргізу жүктелген» деп атап көрсетілген.
1943-1944 жылдары неміс-фашист армиясының басшылығы, оның қарсы барлау мен шпиондық орталықтары кеңес тылында арандату, қастандық, диверсиялық іс-әрекеттерін күшейткені белгілі. Сол жылдары Гурьев облысының Теңіз, Новобогат, Жылой аудандарына, Гурьев маңына неміс парашютист-диверсанттары түсірілді.
1944 жылы 10 маусым күні Атырау жеріне келіп түскен парашютистер А.Қапсаламов, С.Нүсіпбеков, Ш.Керімбаев өз еркімен берілді. Тергеу барысында А.Қапсаламов кеңес тылына жіберілген парашютистер топтары туралы былай дейді: «1943 жылы Қызыл армияның тылына бес диверсиялық десант тобы түсірілді. Бұл барлаушы парашютистердің бәрінің ұлты – қазақ. Бірінші топ мамыр айының аяғы мен маусым айының басында түсірілді. Астрахан маңына түсірілген бірінші топ мүшелері – Құспаналиев, Атаев – радист, Достан Тезекбаев – радист, Хаджимұратов – барлаушы, 5-адамның есімін ұмыттым».
Бұл топтың қолға түсуі туралы соғыстан кейін 50-жылдардың басында Атыраудың белгілі қаламгері, Қазақстанның Құрметті журналисі Шөпенғали Дәуенұлының «Бір түннің оқиғасы» мақаласына арқау болған. Мұны өңірге түскен жау десанттары туралы ең алғашқы тырнақалды мақала деп есептейміз.
«Екінші топта Мәткәрім Қозыбақов – топтың басшысы, Бөкен Басықараев, Байымбетов болған. А.Қапсаламов топтың 2 адамын білмейтінін айтады. Ал үшінші топ құрамындағылар – Әбілқасын Қартаймақов – агент, радист, Балаби Мұратбеков – агент, радист. Топтың басқа мүшелерін білмейді. Немістер тарапынан 1943 жылы жіберілген төртінші бес адамдық топта Зейнолла Көккөзов – топтың басшысы, Юра Рүстемов – агент, радист, Мұқаш Рапиков – агент, радист, Залин – агент, Шинбаев болды.
Бесінші топ та бес-алты адамнан құралған. 1943 жылы – қайда түсірілгенін білмеймін. Олар – Шайминшаев – топтың басшысы, Әлиев – агент, радист, Мұқанғалиев – агент, радист. Қалған топ мүшелерін білмеймін» деп жауап берген тұтқын.
Алтыншы топқа айрықша тоқталуға болады. Бұл – Бухарест қаласы арқылы бастап келген Ағаев-Иранов тобы. Бір таңданарлығы, бұл топ екіге бөлінген. 1944 жылдың 3 мамырына қараған түні Ә.Ағаевтың өзі, ал 7 мамырға қараған түні орынбасары Бахий Бисеналиев бастаған топ түсірілді.
Әлихан Ағаев (шын есім – сойы Әмірхан Тілеумағамбетов) 1908 жылы дүниеге келген. Туған жері – Атырау облысының Қызылқоға өңірі. Армияға шақырылғанға дейін Алматы қаласында жұмыс істеген. Қызыл армияның кавалериялық (атты әскер) взводының командирі, лейтенант Ә.Тілеумағамбетов 1941 жылы 17 қараша күні Мәскеу түбіндегі шайқаста немістердің тұтқынына түскен. Германияда өзі құрған «Алаш» қосынының командирі болған. Атырауға келіп түскен диверсиялық топтың командирі. Неміс армиясының обер-лейтенанты.
Бахий Бисеналиев (лақап есімі – Бом Бақи) – Ағаевтың орынбасары. 1914 жылы дүниеге келген. Ресейдегі Астрахан облысының Құмөзек ауданында туған. Біреудің жалғыз баласы, Қызыл армияның бұрынғы офицері. Орыс, татар, қалмақ тілдерін сауатты меңгерген. Неміс армиясының унтер-офицері.
Зұлқайыр Дощанов топ радиостансасына жетекшілік еткен. Оның Зұлқайыр Закиров дейтін бүркеншік аты-жөні болған. Неміс армиясының фельдфебелі. Ал Балхаш Баташев неміс армиясының унтер-офицері. Диверсиялық топтың дәрігері. Сондай-ақ бұл топта неміс армиясының унтер-офицері шені бар Мұхамед Дінішев болған. Оның шын есімі белгісіз. Бұл бесеуі 19 мамыр күні НКВД жауынгерлерімен болған ұрыста қаза тапқан.
Рахим Керимбердиев 1921 жылы дүниеге келген. Өзбек КСР-і, Ташкент облысы Қарасу ауданының тұрғыны. Білімі – аяқталмаған орта. Армияға шақырылғанға дейін «Ұтқыр» колхозында қатардағы жұмысшы болған. Қызыл армия қатарына 1942 жылдың маусымында шақырылып, кыркүйекте тұтқынға түскен. Диверсиялық топтағы лақап аты – Хаджимбетов.
Жапар Басшибаев 1916 жылы туған. Алматы облысы Балқаш ауданының №12 ауылының тұрғыны. Ортадан төмен білімі бар, ВКП (б) мүшесі. Орта шаруа отбасынан шыққан. Армияға дейін Балқаш аудандық қаржы бөлімінде салық инспекторы болыпты. Қызыл армия қатарында 1940 жылдың ақпанынан қызмет етіп, 1941 жылдың шілдесінде тұтқынға түскен. Топта Жарас Жалтыров, жалған құжат бойынша Сафаров және Келдібеков.
Әбдіқадыр Әлжанов 1917 жылы дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданы Күшата ауылдық кеңесінің тумасы. Орта білімді, комсомол мүшесі. Байдың баласы. Әскерге шақырылғанға дейін Жамбыл малдәрігерлік техникумының студенті болған. 1940 жылы армия қатарына алынып, 1941 жылдың шілдесінде неміс-фашистерінің тұтқынына түскен. Түркістан легионында бөлімше командирі, неміс армиясының обер-ефрейторы. Лақап есімі – Майдан Қадыров, ал жалған құжаты бойынша Қали Ысқақов және Ахан Әлиев.
Кеңесбай Кишебаев 1914 жылы шаруа отбасында туған. Ақмола облысы Есіл ауданы «Өмірлік» колхозының тұрғыны. Орта білімді, партияда жоқ. Соғысқа дейін Есіл МТС-ында механик болып жұмыс істепті. Қызыл армия қатарына 1940 жылы шақырылған. 1942 жылдың наурызында неміс-фашистерінің тұтқынына түскен. Парашютистер тобында Қадыр Оспанов болып тіркелсе, жалған құжатында Қажыбай Аманжолов және Байтеміров деген аты-жөні бар.
Сартмағамбет Оразов 1915 жылы туған. Гурьев облысы Жылой ауданы Қарарна ауылдық кеңесінің тұрғыны. Партия қатарында болмаған бай баласы. Армияға дейін №3 мұнай айдау құбырында май тасушы болып еңбек еткен. 1940 жылдың ақпан айынан армия қатарында болған оны 1941 жылдың 10 шілдесінде немістер тұтқынға алған. Парашютистер қатарында Махамбетов, жалған құжаты бойынша Сартаев және Өтиев.
Темірболат Омаров 1923 жылы туған. Новосібір облысы Сдвинск ауданы Таған ауылынан. Білімі аяқталмаған орта. 1936 жылдан комсомол мүшесі болғанымен, партия қатарына өтпеген. Армияға дейін ауыл мектебінде мұғалім болып, шәкірт тәрбиелеген. 1942 жылдың қаңтарында армиядан қашқан. Бандылар тобында болған, сол үшін 1943 жылы 7 жылға бас бостандығынан айырылып, майданға жіберілген. Бірақ 1943 жылдың шілдесінде жау қолына тұтқынға түскен. Парашютистер қатарында Жүнісов, жалған құжатындағы аты-жөні – Мұса Омаров.
Кеңесбек Бабашев 1920 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданында шаруа отбасында дүниеге келген. Білімі төмен. Комсомол қатарында болған. Қызыл армияға 1940 жылы шақырылған. 1942 жылдың шілдесінде жау қолына тұтқынға түскен. Топта Тұрсынбай Сартаев болса, жалған құжат бойынша Даярбек Асанов және Қалжан Төлегенов.
Шайсыдық Жақыпов 1911 жылы туған. Алматы облысы Балқаш ауданы №9 ауылдың тұрғыны. Орта шаруа жанұясынан. Орта білімді, аяқталмаған. 1938 жылдан ВКП (б) мүшесі. Армияға дейін Бақанас ауылында бастауыш класс мұғалімі болып қызмет еткен. Қызыл армия қатарына 1940 жылы шақырылған. 1941 жылдың шілдесінде тұтқынға түскен. Парашютистер қатарында Сәкен Абаев, жалған құжатында Әли Қалиев және Садық Дүйсенов.
Қамауға алынған Аманғали Мұхамадиевке қатысты тергеу материалдары жедел себептермен ерекше өндіріске бөлінді делінеді. Дегенмен кейбір деректерде оның Батыс Қазақстан облысының тумасы екені айтылады. Неміс армиясының унтер-офицері. Диверсиялық топта радист. Топтағы жалған есім сойы – Ахмет Алғыров және Мир Алғыров.
Ә.Ағаевтың Гурьевке келіп түсер алдында Созақбай Құттыбаевты Бухарестте атып кеткен. Оның туған жері – Маңғыстау ауданы Жиделі ауылы. Қазан университетінің математика факультетінде оқыған. ВКП (б) мүшесі. Таушық елді мекенінде мектеп директоры болған. Сол жұмысынан армияға шақырылған.
Ал жетінші топта үш адам болған. Бұл топ 1944 жылдың 10 маусым күні Мақат ауданы аумағындағы Қазыбек құдығы маңына түсірілді. Оның мүшелері Ағаев тобымен кездесіп, қаладағы Самарқан көшесіндегі №48-үйдегі неміс радисіне (шындығында ол басынан-ақ кеңес барлау органдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеген) рацияға қажетті батарея, құран кітаптарын, листовкалар, ақша апарып беру тапсырылған болатын.
Топтың мүшелері кімдер еді? Сейітжан Байжұманұлы Нүсіпбеков 1920 жылы кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Жамбыл облысы Қордай ауданы Успен селосында тұрған. Төрт кластық білімі бар ол НКВД-нің 4-дивизиясы, 56-полк құрамында жауға қарсы шайқасқан. Алайда 1941 жылдың қазанынан 1944 жылдың маусымына дейін неміс тұтқында болған. Новоспасовка, Борисполь, Житомир, Новгород-Волынск, Депетовка, Ченстохов соғыс тұтқындары лагерінің «дәмін» татқан. Легионда киім-кешек қоймасында қоймашы, кейін сондағы рота командирі қызметін атқарған. Неміс армиясының лейтенанты. Ал 1944 жылы маусым айында Қазақстанға жіберілген диверсанттар тобының басшысы ретінде бекітілген.
Адам Қапсаламов 1914 жылы туған. Алматы облысы Қаратал ауданы №7 ауылдың тұрғыны. Партияда жоқ. Тек 8 кластық білімі бар. 1941 жылдың маусым айында немістерге тұтқынға түскен. «СС» ротасы командирінің шофері болып қызмет еткен. Неміс армиясының унтер-офицер шені бар.
Шәріп Керімбаев 1917 жылы дүниеге келген. Алматы облысы Кеген ауданы Ұзынбұлақ ауылынан. Орта шаруа отбасынан шыққан ол партия қатарында болмаған. Педагогикалық институттың 2-курсын бітірген. Екінші дүниежүзілік соғыста 6-атқыштар дивизиясының 125-атқыштар полкі құрамында рота политругінің орынбасары қызметін атқарған. 1941 жылдың 23 маусымында Брест-Литовск қаласы маңында тұтқынға түскен. Бяла, Подляск, Тирасполь, Демлин қалаларындағы лагерьлерде болған. Легиноново (Польша) лагерінен Түркістан легионы құрамына өтеді. Түркістан легионындағы «СД» ротасының құрамында 1943 жылы кеңес-герман майдан шебінде қорғаныс құрылыстарын салу жұмыстарына қатысқан.
1942 жылы желтоқсан айында Варшаваға жақын жердегі Воломыдағы барлау мектебінің дайындық курсына жіберіледі. Ал 1943 жылдың ақпанында Освиц мекеніндегі «Түркістан орман лагері» барлау мектебіне ауыстырылады. Кейін Түркістан легионының «СД» ротасының гаупт-фельфебелі Моуербаерхтің ординареці болып қызмет атқарады. 1943 жылдың мамыр айының соңында «СД» ротасының құрамында кеңес-герман майданындағы Азов теңізі жағалауындағы қорғаныс құрылыстарына аттандырылған. 1943 жылғы маусым соңында Түркістан ротасы майданнан кейін шақыртып алады. Желтоқсан айында аталған ротамен бірге «Зандберг» ерекше лагеріне келеді. Лагерьге келген соң Керимбаев адал да сенімді қызметі үшін неміс әскери басшылығы тарапынан «Қылышсыз шығыс ұлттарына» төсбелгісімен марапатталған.
А.Қапсаламов, С.Нүсіпбеков, Ш.Керімбаев 12 маусым күні еш қарсылықсыз НКВД қызметкерлеріне берілді. Өйткені сол кезде неміс-фашистерінің тұтқынына түскендердің бір-ақ арманы болды. Бұл – туған елге, кіндік кескен жерге жетіп, сүйегін қалдыру. Мүмкін олар сол қағидамен келді ме екен? Әрине, біз үшін бұл белгісіз, шешімі табылмаған жұмбақ. Қызыл жұлдыз бен свастика арасындағы екі оттың ортасында қалған олардың басты бағыты туған ел, оның бір өңірі – Гурьев болғаны даусыз еді.
Аққали АХМЕТ,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы