Сайлау жүйесін түбірімен өзгертпесе, әділдікке еш кепілдік жоқ. Ең алдымен, дауыс санауға цифрлық мүмкіндіктерді енгізу керек. Еліміздегі цифрлық даму үдерісін шетелдіктердің өздері жоғары бағалап, таңданысын білдіргеніне талай рет куә болдық. Ендеше, неге сол жетістікті сайлау кезінде дауысты әділ санауға пайдаланбасқа?
Сенат сайлауы кезінде үміткердің алдын ала жергілікті мәслихат депутаттарының белгілі бір бөлігінің келісімін алатын талабын да жойған дұрыс деп санаймын. Өйткені жергілікті билік өздері «жақтырмайтын» азаматтар өтіп кетпеуі үшін, бірнеше «ұнамды» адамдардан жалған үміткерлер жасап, оларға алдын ала мәслихат депутаттарының келісімін жинастырып қояды. Сөйтіп, жергілікті билікке «тиімсіздер» үміткер бола алмай қалады. Тіркеу аяқталғаннан кейін әлгі қолдан жасалған үміткерлер кандидатураларын «өз еріктерімен» алып тастайды.
Қандай деңгейдегі сайлау болса да тіркеуден өткен үміткерлер сайлаудың орта тұсына келгенде «артқа қадам» жасауына жол бермеу керек. Өйткені әдетте мұндай «қадамға баратындар» жалған үміткерлер болып келетіні белгілі.
Ауыл әкімдерінің сайлауында тұрғындар кімнің сайланатынын күні бұрын біліп отырады. Өйткені жоғарыдан нұсқау беру әлі де тыйылмай тұр. Биылғы Мәжіліс сайлауында да бұрмалаушылық туралы қанша айтылды, нақты айғақтар да келтірілді. Бірақ жазаланған кім бар? Ешкім. Мұның бәрі айналып келгенде халықтың билікке деген сенімін азайтады.
Мемлекет басшысының әділетті Қазақстан құру мақсатында саяси реформаларды қолға алғаны қуантады. Алайда орта жолдағылар бұл үдеріске көпе-көрінеу кедергі жасайды. Соған жол беретін қитұрқы әдістерді заңмен шектеп, сайлаудың әділ өтуіне барынша күш салынбаса, халықтың сенімін ешқашан ақтай алмаймыз. Елімізде түбегейлі өзгеріс болу үшін ең алдымен, «Сайлау туралы» заңды түбегейлі өзгерту қажет.
Бекзат ДАЙРАБАЙҰЛЫ,
Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты