Денсаулық • 17 Қазан, 2023

Түркістан облысында заманауи көпбейінді аурухана ашылады

289 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов Түркістан облысына барған жұмыс сапары барысында заманауи көпбейінді аурухана құрылысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысында заманауи көпбейінді аурухана ашылады

Фото: primeminister.kz

570 төсек-орындық заманауи көпбейінді облыстық аурухана құрылысы жұмысының қазіргі кезде шамамен 50%-ы аяқталған. Нысанның пайдалануға берілетін мерзімі келесі жылдың желтоқсан айына жоспарланған.

Үкімет

Үкімет

Әлихан Смайылов Түркістан облысында 2 млн-нан астам адам тұратынын, сондықтан жаңа әлеуметтік нысандарды іске қосудың маңыздылығын атап өтті.

«Бұл – өте маңызды жоба. Өңірде сырқаттар саны көбейіп отыр, мұндағы ауруханалар тапшылығын көріп отырмыз. Сондықтан жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде кешіктірмей іске қосу маңызды. Техникалық мәселелерге келсек, мұны Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп пысықтап, жыл соңына дейін келісімді бекіту керек», деді Үкімет басшысы.

Бұл ретте ол «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 49 жаңа алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысанын салу және 4 аудандық аурухананы жаңғырту жоспарланып отырғанын еске салды.

«Жалпы, денсаулық сақтау саласындағы барлық нысандар Министрліктің бақылауында болуы және уақтылы іске асырылуы тиіс», деп түйіндеді Премьер-министр.