Суретті түсірген – автор
Іс-шарада мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, еріктілер, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер мен тұрғындар белсенділігімен көзге түсті. Тұрғындарға коммуналдық мекеме қызметкерлері көмектесіп, 50-ден аса техника жұмылдырылды. Акция қараша айында да жалғасады. Әр сенбіде қураған ағаштардың орнына жасыл желек отырғызылып, тазарған аумақтар көгалдандырылады. Бұл туралы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әбілқайыр Оңғар айтты.
Жасы сексеннен асқан еңбек ардагері Өркен Әбдіреев тазалық акциясына дән риза. Ақсақал Фосфоршылар сарайының мәселесін жиі көтеретін. Оның қазіргі ахуалына көңілі түсіп, әкімдіктің есігін талай қақты. Сол өтінішінің орындалғанына енді қуанышты.
Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев Фосфоршылар сарайының маңын тазалауға қол күші жетпей жүргенін айтты. Сенбіліктің талайы өтті. Бірақ тазалауға коммуналшылар мен тұрғындар көп қатыспайтын. Бұл жолы адам деген көп болды. Техника да жетіп жатты.
Жауапты мамандар акция соңында тазалық жұмыстарына қатысқан барша азаматтарға алғыстарын білдіріп, шаһарды көрікті ұстауға, Шымкентті жасыл қала деген атқа шын мәнінде лайықты етуге шақырды.
ШЫМКЕНТ